Негізі екі жеп биге шыққанның өзі ойынның сойқаны. Алайда, Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевтың елмен кездесуінде үш нәрсенің басы бірігіп, бір мақсатқа жұмылып тұрғаннан да тақырыпты осылай қойдық.

Әдеттегі қалып бойынша аймақ басшысының елдегі жұртпен кездесуі басталды. Нұрлыбек Машбекұлымен кездесуді ел асыға күтеді. Баяғыдай жол, жарық, су, тағы да басқа қажеттіліктер қозып, тұрмыстық мәселелер тұралатып бара жатқаннан емес. Қазір ауылдық жерлерде бұрынғы күрмеуі қиын көп мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.

Ауыз су, жарық бар, жол да жаман емес. Дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша, спорт нысандары салынып жатыр. Содан да ауылдағы ағайынның айтары азайып келеді. Дегенменен облыс әкімінің әрбір келісінен бір жақсы жаңалық күтеді. Өйткені, Нұрлыбек Машбекұлы елмен жай кездеспейді, өзімен бірге елге жағымды бір жаңалық ала барады.

Мәселен, осы жолғы кездесулерінде Сырдария ауданының Шаған ауылы көгілдір отынға қол жеткізді. Қармақшының Жосалысында 50 пәтерлік 25 жаңа үй берілді, Дүр Оңғар ауылы газға қосылды, Шиелі ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, осы ауданның Бестам ауылында 150 орындық клуб, Жаңақорғанда автоматты газ тарату стансасы іске қосылды.

Әкім кездесуге барған жерде болған осындай үлкен жаңалықтар халықтың билікке деген сенімін нығайтумен қатар елдің ертеңгі күнге деген үмітін де үкілеуде.

Бұл – әкім сапарының бір жағы. Облыс әкімі елге әр сапарында өзімен бірге құқық қорғау орындарының бірінші басшыларын да ала барып, халықтың олармен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездесуіне мүмкіндік жасауда. Шынын айту керек облыс прокурорының, облыс сотының, ішкі істер департаменті басшысының қабылдауына кіру оңай болмағандықтан да, мәселесі бар талай жұрт прокуратура, ішкі істер департаменті, сот сияқты құқық қорғайтын мекемелердің табалдырығынан әрі қарай өте алмай тауы шағылып жүр. Ал бұл кездесуде “іздегенің алдыңда”. Қабылдаушылардың шені қандай болғанда да қабылдауға келгендердің шекпеніне қарамастан қабылдау жүргізуде. Айтарыңды айтып қал…

Айта кетейік, осы жолғы елге сапарларға Сенат пен Мәжіліс депутаттары да ілесті. Мұның да ұтымды тұсы бар. Әкім өзіне елдің айтқан аманатын Парламентке  дәлелдеп жатпайды. Сондай-ақ сенатор, мәжілісшілердің де елге көп сапарлары қысқарады, бәлкім… Облыс әкімінің елмен дәстүрлі кездесуінің жаңа қалыпқа келгені сияқты елдің де айтар мәселесі жаңарғаны байқалады. Мәселен, қайсыбір ауданда болмасын қабылдауға келгендер тарапынан 50-ге тарта мәселе айтылып, сұрақ қойылса, оның арасында жеке бас мүддесіне қатыстылары жоққа тән.

Сөз ретінде айтар болсақ Қармақшы ауданындағы кездесуде қабылдауға келген тұрғын Тұрмағамбет ауылына жаңадан мектеп салуды сұрайды, Төретамнан келген тағы бір тұрғын, зейнеткер теміржол үстінен өтетін көпір керек дейді.

Жалағаш ауданындағы кездесуде зейнеткер Ақсу ауылдық округінің ішкі көшелерін, аудан орталығының тұрғыны Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуді өтініш етіпті.

Жалағаш ауданы орталығындағы кезіндегі орталық парк жеке меншікке өткен. Алайда, бүгінде оның жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Демалыс орнын қайта қалпына келтіру мақсатында “Еңбекшілер аллеясы” жобасы әзірленген. Қабылдауға келген құрылыс саласының ардагері осы жобаны қаржыландыруды қалайды. Суы сирақтан келіп жатқан Сырдария жанашырлары да жоқ емес. Су саласының ардагері су деңгейін реттеуді сұрайды.

Ел ішінде құқық қорғау саласына қатысты  қордаланып қалған мәселелер көбіне жеке мүддеге жататыны белгілі. Құқық қорғау орындары басшыларының қабылдауына келгендер қарасы аз болмады.

Түйін: Әкім елге бір сапарында үш үнем жасады. Өзінің, Парламент депутаттарының, құқық қорғау орындары басшыларының басын біріктіріп, бір қабылдау етті. Жаңа нысандарды ашу рәсімін де осы сапарға сиыстырды. Ел жағдайын көзбен көрді. “Кіші әкімдердің” деңгейін байқады. Нәтижесінде бір сапар арқылы көлік шығыны, уақыт шығыны үнем болды.

Билік үшін де, халық үшін де…

Айтпақшы мұндай қалыптағы жеке қабылдаулардың, халықпен кездесулердің Мемлекет басшысы қатаң тапсырып отырған “Заң және тәртіп” қағидатын біржола орнықтыруда маңызы зор екен.

P.S. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешімі заң аясында қарастырылады, жауапты орган басшыларына қатаң тапсырмалар тапсырылып, ол тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынады. Бұл кездесулердің мәні де осында.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған