Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімдігінің жиналысында аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

– «Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті.

Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды.

Өңірімізде егін жинау жоспар бойынша қазан айының 15-нен кешікпей аяқталуы тиіс. Қала, аудан әкімдіктері, жұмысты мерзімінде бітіруге күш салу керек. Ол үшін шаруашылықтарды қажетті дизель отынымен толық қамтамасыз ету маңызды.

Бүгінде күзгі егін жинау жұмыс­тарына бөлінген 10400 тонна арзан­датылған дизель отынының 5500 тоннасы жеткізілген. Деген­мен, шаруашылықтардың дизель сатып алу көрсеткіштері әлі де төмен. Қала, аудан әкімдіктері, мәсе­лені қатаң бақылауға алып, қыста шаруашылықтардың толық есептесуін ұйымдастырыңыздар. Бөлінген дизель отыны игерілуі керек.

Үкімет басшысы О.Бектенов:

– «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызды екенін атап өтті. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – егін орағын сапалы өткізу. Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті».

(Осы аптадағы Үкімет отырысынан)

Мемлекет басшымыздың тап­сырмасына сәйкес күрішті кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін өзге дақыл­дардың көлемін арттыруымыз қажет. Егін шаруашылығын әрта­раптандыру, оған су үнемдеу тех­но­логиясын кеңінен енгізу – заман талабы.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2026 жылға су үнемдеу тех­но­логияларын мемлекеттік қол­дау шараларына облысымызға 9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған қол­дау. Осының арқасында егіс құры­лымын әртараптандырып, оның ішінде су үнемдеу техноло­гия­­ларын пайдалану көлемін ұлғай­туымыз керек. Оның ішінде, күріш­ті тамшылатып суару әдісімен егуді қолға алуға тиіспіз», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды.

«Алдағы жылу беру маусымына қажетті көмір қорын жасақтау күн тәртібінен түскен емес. Мен бұған дейінгі мәжілістерде көмір жеткізуді шілде айынан бастауды тапсырғанмын. Бірақ тапсырма тиісті деңгейде орындалмауда. Жылу беру маусымында көмірге қатысты ешқандай мәселе туын­дамауы тиіс. Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдеріне көмір жеткізу және қажетті көмір қорын жасақтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын.

Облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру, жұмыспен қамту басқармалары Қызылорда қаласы, аудан әкім­діктерімен бірлесіп, 25 қыркүйекке дейін шұғыл түрде дайындық паспорттарын алыңыздар. Қазан­дықтарды әзірлеп, отын қорын жасақтап, әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етіңіздер», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, барлық аудандағы вокзалдарды жөндеу жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сай, жинақы, белгіленген тәртіппен ұйымдастырылуы қажет екені де ескертілді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған