Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің жаңа басшысы болып Асанова Мөлдір Әбдіғаппарқызы тағайындалды.
Бүгін Қызылорда облыстық сотында өткен жиында Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ш.Шаяхметов сот ұжымына жаңа басшыны таныстырды.
Ш.Шаяхметов өз сөзінде Асанова Мөлдір Әбдіғаппарқызының сот жүйесінде он жеті жылға жуық абыройлы еңбек етіп келе жатқанын, осы жылдар ішінде сот саласының барлық сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинақтағанын, бас маман, сот отырысының хатшысы, кеңсе меңгерушісі сынды қызметтерді атқарып, соңғы сегіз жыл бойы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып келгенін атап өтті.
Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев өз сөзінде Мөлдір Әбдіғаппарқызының ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті басшы екенін, сот жүйесінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жиын барысында облыстық сот судьялары да Мөлдір Әбдіғаппарқызын жаңа қызметімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді.
М.Асанова өз сөзінде сот жүйесінің дамуы жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін білдіріп, көрсетілген сенімге шын жүректен алғысын жеткізді.
Қысқаша мәлімет:
Асанова Мөлдір Әбдіғаппарқызы 1985 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.
2009 жылы Қызылорда облысы бойынша Соттар Әкімшісінің іс тіркеушісі;
2009-2012 жылдары Қызылорда қалалық сотының жетекші маман-сот отырысының хатшысы, бас маман-сот отырысының хатшысы;
2012 жылы – Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы;
2012-2015 жылдары Қызылорда қалалық сотының бас маманы;
2015-2017 жылдары Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі;
2017 жылдан бастап осы күнге дейін Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келген.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі