Бүгін Қызылорда облыстық сотында Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы Сүлеймен Сағатбек Болатбекұлын мерейлі жасымен құттықтауға арналған салтанатты жиын өткізілді.

Шараға ҚР Сот Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі Р.Тауымбеков, Қызылорда облыстық сотының төрағасының міндетін атқарушы Ж.Бекжанов, ҚР Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің бөлім басшылары мен мамандары, сонымен бірге, сот әкімшілерінің басшылары мен мамандары қатысты.

ҚР Сот Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі Р.Тауымбеков өз сөзінде Сағатбек Болатбекұлының қызмет жолындағы табанды еңбегін, сот жүйесінің дамуына қосқан үлесін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы кәсіби біліктілігі мен жоғары жауапкершілікке негізделген жұмыстарын ерекше атап өтіп, ҚР Сот Әкімшілігінің «Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.

Қызылорда облыстық сотының төрағасының міндетін атқарушы Ж.Бекжанов Сағатбек Болатбекұлының сот жүйесіне сіңірген еңбегі мен адал қызметі үшін алғысын білдіріп, белсенділігі мен бастамашылдығы жас буынға үлгі екенін жеткізіп, Қызылорда облыстық соты төрағасының атынан құттықтау адресатын табыстады.

Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков Сағатбек Болатбекұлын мерейлі жасымен құттықтап, ҚР Судьялар Одағы төрағасы Д.Әмірдің құттықтау хатын табыстады.

Шара барысында Департамент басшысының орынбасары М.Асанова ұжым атынан жылы лебізін білдіріп, құттықтау адресатын ұсынды.

Сонымен қатар, сот жүйесінің ардагерлері мен облыстық соттың судьялары да ізгі тілектерін жеткізді.

Сүлеймен Сағатбек Болатбекұлы 1989-2003 жылдары еліміздің прокуратура органдарында бірқатар жауапты қызметтерді атқарып, 2003-2021 жылдары Қызылорда қалалық сотының судьясы, Шиелі аудандық сотының төрағасы, Қызылорда қаласының №2 сотының төрағасы, Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Персоналды басқару бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ҚР Жоғарғы Сотының «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Үш би» құрметті төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» Орденімен марапатталған.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған