Талап қоюшы Байқоңыр қалалық сотына жауапкерден бала үш жасқа толғанға дейін өзінің (жұбайының) асырауына алимент өндіріп алу туралы талап арызбен жүгініп, жауапкер өз еркімен материалдық көмек көрсетпейтінін мәлімдеді. Жауапкерден бала үш жасқа толғанға дейін ай сайын 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіріп алуды сұрады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 147-бабы негізінде ерлі-зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға міндетті, ал мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылар арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, зайыбы жүктілік және ортақ баланың туған күнінен бастап 3 жыл ішінде қаражаты бар жұбайынан сот тәртібімен алимент өндіруді талап етуге құқығы бар делінген.
Татуластыру рәсімдерін өткізу барысында тараптар медиативтік келісім жасасты. Жауапкер талап қоюшыға әр айдың 20-ына дейін, бала үш жасқа толғанға дейін 15 000 теңге мөлшерінде жұбайын асырауға алимент төлеуге міндеттенді. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Байқоңыр қалалық соты