Эксаумақтық соттылық – азаматтардан өтініш түскен жағдайда ғана іс эксаумақтық соттылықты анықтау үшін ақпараттық жүйенің көмегімен автоматты түрде басқа бір сотқа бөлініп, қарауына берілуі. 2021 жылдың 20 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының No 84-VII Заңымен Азаматтық процестік кодекстің 32-бабына енгізілген өзгеріске талдау жасалынған. Жаңашылдыққа сәйкес эксаумақтық қағида негізінде республиканың барлық соттары арасында азаматтық істерді бөлу мүмкіндігі көзделген. Эксаумақтық соттылық бойынша іс осы санаттағы істерді қарайтын басқа облыстың тиісті сотына жолданылуы мүмкін. Зерттеу тақырыбының өзектілігін авторлар осы институттың іс жүзінде жұмыс істеуінен көреді. Тәжірибе көрсеткендей эксаумақтық соттылық елімізде өте сирек жағдайда қолданылады.
2022 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 32-бабына өзгерістер енгізілді. Енді азаматтық істі екі тараптың келісімін ала отырып республиканың басқа аймағындағы соттың қарауына ұсынуға болады. Әрбір судья істі сот талқылауына дайындау барысында тараптарға эксаумақтық соттылықтың мәнін, оны қолданудың тәртібін түсіндіреді. Егер тараптар істің эксаумақтық соттылық тәртібінде қаралғанын қаласа, бұл туралы істі қарағанға дейін өтініш білдіруі керек. Азаматтардан өтініш түскен жағдайда ғана іс эксаумақтық соттылықты анықтау үшін ақпараттық жүйенің көмегімен автоматты түрде бір сотқа бөлінеді. Бұл жұмысты «Төрелік» ақпараттық жүйесі бірден қабылдап, жүктемесі аз, дәл осындай істерді қарау құзыретіне кіретін соттарға бағыттайды. Осыдан кейін судья өндірістегі істің эксаумақтық соттылық бойынша қайда бөлінгені туралы бірден анықтама дайындайды. Осы электрондық іс сол күні электрондық қолтаңбамен ақпараттық жүйе таңдаған сотқа жіберіледі. Бұл жергілікті биліктің, тараптардың ықтимал ықпалын азайтады, соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығын арттырады.
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық соты