Астана, 2025 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) миссиясымен жұмыс кездесуін өткізді. Миссияны Қазақстан бойынша жаңадан тағайындалған жетекші – Али Аль-Эйд мырза бастап келді.
Кездесу барысында елдің энергетика саласындағы инвестициялық климатты нығайту жолдары, жылу электр орталықтарын қоса алғанда, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жоспарлары және мұнай-газ саласының даму перспективалары талқыланды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан энергетикасындағы басымдықтарды айқындап, инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.
— Халықаралық серіктестермен, соның ішінде ХВҚ-мен жүргізілетін конструктивті диалог бізге энергетика саласын орнықты дамыту стратегиясын тиімді жүзеге асыруға және үздік әлемдік тәжірибелермен үндестіруге мүмкіндік береді, – деді министр.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттарды жаңғырту бағдарламалары болды. Әсіресе, жылу электр орталықтарын жаңарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл – сенімді энергиямен қамтуды қамтамасыз ету және заманауи, экологиялық таза технологияларға ұзақ мерзімді инвестиция тарту үшін маңызды негіз болып табылады.
Тараптар мұнай-газ секторының даму келешегін де егжей-тегжейлі қарастырды. Министр 2027 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,5 млн тоннаға жетеді деген болжамды растады. Бұл көрсеткішке Теңіз кен орнын кеңейту сияқты ірі жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізілмек.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері секторына инвестиция тарту мәселелері де сөз болды. Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін елдің энергетикалық теңгерімінде 15%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
— Басты міндетіміз – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестициялар тарту мен озық технологияларды енгізу арқылы саланың қарқынды дамуына жағдай жасау. Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастыққа әрдайым ашық, – деді Ерлан Ақкенженов кездесу қорытындысы бойынша.