Қазақстан Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан ҰЛЫ ЖЕҢІС 80 ЖЫЛ коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.
Монеталарда ерлікпен қаза тапқан қаһармандарды еске түсіретін мәңгілік алау көрініс тапқан. «80» санындағы ою-өрнек жеңіс лентасын бейнелейді және ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы элементтерімен үндесетін стильде орындалған.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды. Монеталар номиналы – 200 және 1 мың теңге.
1000 теңгелік монеталар құрамы алтын жалатылған 925 сынамды күмістен жасалған, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, түрлі түсті баспа технологиясы қолданылған, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 2 000 (екі мың) дана;
200 теңгелік монеталар құрамы нибрасс/нейзильбер қоспаларынан (биколорлы) жасалған, салмағы – 7,5 грамм, диаметрі – 26 мм, дайындау сапасы – «uncirculated», таралымы – 10 000 000 (он миллион) дана.
200 теңгеліктер еліміздегі қолданыста бар монеталармен бірге еркін айналымда болады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарға есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті.