Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов Арал ауданы Әкімдігінің ғимаратында «Билер кеңесінің қызметін дамыту мәселелері» тақырыбында жиын өткізді.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев, аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, құқық қорғау органдарының басшылары, Билер кеңесі мүшелері, кәсіпқой және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев ашып, сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билердің белсенді ықпал еткенін айтып, Билер кеңесі қызметін жандандырып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.

Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов Билер кеңесінің басты мақсаты халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен шешу болып табылатынын айтып, Билер сотының тарихына кеңінен тоқталды. Билер кеңесі жұмысының ережесін түсіндіріп өтіп, осы бағытта кеңес қызметі жайлы түсіндіру шараларын жүргізуге шақырды. Сондай-ақ, би-шешендердің ұлағатты сөздерінен, билер кеңесінің қараған дауларынан мысалдар мен есептік мәліметтерді келтірді.

Сот төрағасы Р.Алдамбергенов Билер кеңесі қызметін жандандыруға баса назар аудартып, ақылына жүгінетін ақсақалдардың даналығы мен өмірлік тәжірибесі дәстүрлі қазақ құқығы негізінде отбасылық, еңбек және өзге де дауларды сотқа дейін шешуге ықпал ететіндігін тілге тиек етті.

Шара барысында Билер кеңесінің жаңа мүшелері сайланды. Аудандық Билер кеңесінің жаңа төрағасы болып кәсіпқой медиатор Б.Д.Дабылов сайланды.

Шара соңында қатысушылармен өткізіліп отырған шараның өзектілігі мен маңыздылығы және осындай кездесулердің Билер кеңесі қызметін дамытуға үлкен сеп болатындығы айтылды.

Арал аудандық соты

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған