• Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз.
• Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі.
• Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді.
• Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінен