Қазалы теміржол вокзалы – өткен ғасырда ерекше архитектурамен салынған 120 жылдық тарихы бар нысан. Тоғыз жолдың торабында орналасқан, әр тараптан келген жолаушыларды тоғыстыратын ауданның бас қақпасы – осы.

Теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осыған орай аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет теміржол вокзалына барып, құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеме және «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының өкілдерімен кездесті. Теміржол вокзалының сырт келбетіне, ондағы жолаушылар мен тұрғындарға жасалған жағдайға қарап өңір имиджі қалыптасатыны белгілі. Соған сәйкес, аудан басшысы мердігерлерге вокзал ғимаратына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарын тезірек әрі сапалы аяқтау керектігін айтты.

Теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу бұл уақыт талабы және стратегиялық маңызды қадам. Бұл жоба көлік қатынасының тиімділігін арттырып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетін болады.

Осы орайда айта кету керек облыс бойынша теміржол вокзалдарына күрделі жөндеу жұмыстары аудандар арасында алғашқы болып Қазалы ауданында басталып отыр.

Вокзал ғимараттары мен аумағын күрделі жөндеу жұмыстары «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік ұлттық қоғамы компаниясы арқылы қаржыландырылатын болады. Эскиздік жобаға сәйкес жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырды ауыстыру және есік терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи стандарттарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау (пандустар орнату), қауіпсіздік жүйелерін орнату және вокзал аумағын көгалдандырып, түрлі түсті брусчаткалар төсеу секілді бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.

Биыл наурыз айында вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы да басталып, бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған