Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатов:
– Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. 2025-ші жыл қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 142 жоба әзірленуде. Ол үшін 174 млрд. теңге қаржының бөлінуіне жоғары тұрған органдармен тиісті жұмыстарды үйлестіретін боламыз.
Біз халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз.
2025-ші жыл Алты Алаштың анасы атанған – Қызылорданың астана мәртебесін иеленгеніне 100 жыл толады. Бұл – жүзжылдықтың тарихы, тәуелсіздігіміздің тамаша тартуы, жетістіктеріміздің жаршысы, ұрпақ алдында ұлағаты мол ұлы қуаныш, торқалы той болмақ.
Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатов:
– Әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделі болғанына қарамастан Ұлу жылы мемлекетіміз үшін жемісті болды. Елімізде соңғы кездері қабылданған саяси реформалардың жүзеге асырылуымен ерекшеленді.
Атырау қаласында ұлт рухын көтерер Ұлттық құрылтайдың үшінші басқосуы өтті.
Жерлестеріміз тарихи шешім қабылдар референдумда өз таңдауларын жасады. Маңызы зор саяси шараларда қызылордалықтар бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, алдыңғы қатардан көрінді.
7 қабатты 10 үй тұрғындарға табысталды. Жалпы, өткен жылы 2 713 пәтер кілті табысталды. Қазіргі таңда қалада 68 тұрғын үй (60 көппәтерлі, 8 жеке жер үй) апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркеуде тұр. 2024-ші жылы 135 отбасыға жаңа пәтерлер сатып алынды. Биыл тағы 135 отбасына жаңа пәтер сатып алу жұмыстары жүргізілетін болады.
Халыққа ең қажетті саналатын көгілдір отын тарату мақсатымен 1,2 млрд. теңгеге Ақжарма елді мекенін, 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн. теңгеге қалада көгілдір отын желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды (ақ дақтарды) газдандыру жүзеге асырылуда.
Алдағы жылға Қызылөзек ауылдық округі және Бірқазан елді мекенін көгілдір отынмен қамту негізгі жоспарға енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен және облыс әкімінің үйлестіруімен Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру бойынша жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде (жобамен 1,2 трлн.теңге). Алдағы наурыз айында құрылысы басталады.
2022 жылы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 140 шақырымына реканстукциялау жұмыстары (108,5 млрд. теңге) аяқталып, қалған бөлігі биыл бітеді.
Еліміздің бас қаласы-Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары бастау алады.
Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей м/а аралығына жаңа жол салу жоспарға енді.
Құны 5.1 млрд.теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары салынуда.
Жобалардың қатарында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру да бар.
21 тұрғын үйді қайта жаңғырту үшін 1,9 млрд. теңге қаралды.
Аймақ басшысының үйлестіруімен 8 млрд. 400 млн. теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп[1]интернаты салынуда.
«Саутс Ойл» компаниясының демеуші лігімен 4 млрд. 800 млн. теңгеге жаңа музыкалық колледж салынуда.
Халықтың денсаулығын жақсарту – басты мақсат. Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы (36,4 млрд. тг) жүруде.
200 төсекорынға арналған перинаталдық орталық құрылысы жалғасуда.
2 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда.
Балалар мен жасөспірімдердің шығарма шылығын шыңдау мақсатында құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясының» құрылысы жүруде.
Халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион бой көтеруде.
Жақын күндері 19 млрд. теңгеге «Қызыл орда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады.
Қалалық мәдени және демалыс паркін жаңғырту жұмыстары басталады. Сондай[1]ақ Тұңғыш Президент, Денсаулық, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтары мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясы да жаңғыртылады.
Сырдария өзенінің үстінен Астана мөлтек ауданы мен Тұңғыш Президент және Денсаулық саябақтарын байланыстыратын жаяу жүргін шілер көпірін салу жоспарда бар.
ҚОСЫМША ҒИМАРАТ МЕКТЕПТІ КЕҢЕЙТТІ
Биылғы жыл 1964 жылдан бері талай ұрпаққа білім нәрін берген қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейі үшін жағымды жаңалығымен басталды. 2024 жыл соңында мектептің қосымша оқу ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат – білім алушыларға заманауи әрі қолайлы орта жасау үшін жүзеге асырылған маңызды жоба.
Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Байманов Шахмардан Асқарұлы, басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы мен аймақ ардагерлері мен білім саласы қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов жиналғандарды мектептің қосымша ғимаратының ашылуымен құттықтап, бұл ғимарат тек білім ордасының қабырғасы ғана емес, ұрпақ болашағының іргетасы болып қаланатынына сенімін білдіріп, ұстаздарға – шығармашылық табыс, оқушыларға – биік белестер мен жарқын жетістіктер тіледі.
Жаңа оқу ғимараты оқушылар санының артуына байланысты мектептің сыйымдылығын кеңейтуге және сапалы білім беруді жалғастыруға мүмкіндік береді. Орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған, заманауи жабдықталған жаңа ғимарат оқушылардың оқу үдерісін барынша тиімді ұйымдастыруға арналған. Қазіргі таңда мектепте 912 оқушы білім алуда.
Мектептің педагогикалық құрамы да мақтауға тұрарлық. Атап айтар болсақ мектептегі 112 мұғалімнің 12-сі – магистр, 43-і – зерттеуші санатындағы ұстаздар. Сонымен қатар 250 оқушы пәндік үйірмелерге, 673 оқушы спорттық секцияларға белсенді қатысуда. Бұл – білім мен тәрбие беру жұмысының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанының айқын дәлелі.
Жаңадан ашылған оқу ғимараты – мектептің өсіп-өркендеуінің тағы бір белгісі. Бұл – тек мектептің ғана емес, бүкіл білім саласының ортақ жетістігі.
ДАҢҒЫЛ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбеновпен бірге қаладағы “Тәуелсіздікке – 25 жыл” даңғылын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Өткен жылдан бері Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгеті нығайтылып, аталған даңғылдың 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда.
Мердігер мекеме «Уад» ЖШС бұған дейін, 1,2 шақырым кеңейтілетін аумаққа асфальт төседі. Сонымен қатар Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды және 1,2 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды.
Бүгінде қосымша жер телімдерін сатып алу қажеттілігі туындап, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ басшысы Н.Нәлібаев қала әкімі Н.Ахатовке даңғыл көлік қатынасы мен жаяу жүргіншілерге ұзақ жыл қызмет етуі үшін құрылысты сапалы жүргізіп, межеленген уақытта бітіру керек екенін ескертті.