Медиация бұл – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Ал медиатор – «Медиация туралы» заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.       

     Татуластыру рәсімдері, тараптардың татуласуы, татуласу келісімін жасау, татуласу келісімінің нысаны мен мазмұны болып табылады. Татуласу рәсімдері Азаматтық процестік кодекстің 174-182 баптарымен қамтылған. Кодекстің нақты талаптарына тоқталатын болсақ: сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады және дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап  қою ісін жүргізудің кез-келген ісі бойынша берілуі мүмкін. Татуласу келісімін сот бекітеді. Сонымен  қатар, татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және заңға қайшы келмеуі тиіс.

     Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта  арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қоя алады. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле  отырып,  жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық  немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.

    Осы тарауда көзделген  тағы бір жағдай татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды, егер орындалған татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

     Дауды сот шешімінсіз татуластыру рәсімдері арқылы шешудің тағы бір түрі – дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу. Азаматтық істер бойынша дауды медиация арқылы реттеу қолданыстағы медиация туралы Қазақстан Республикасының  Заңының және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 176-177 баптарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

    Мұндай реттеуді кәсіби медиатор немесе тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде  іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған  сотқа бекітуге ұсынылады.

     Жоғарыда аталған азаматтық іс бойынша дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге тоқталсақ, тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар  арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

     Тараптар татуласу келісімін жасаса немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, оны сот бекіткеннен  кейін, қозғалған іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады (қысқартылады). Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаудың тараптарға тиімділігі, олардың талап беру кезінде мемлекеттік бюджетке  төлеген мемлекеттік баж сомалары қайтарылады.

     Қазіргі таңда медиаторлардың қатысуымен істердің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер – медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі. Республикамызда медиация институтының дамуына қажетті іс шаралар жүргізілуде. Медиация орталықтары республикамыздың барлық аймақтарында жұмыс жасауда. Бұл өз кезегінде келешекте делдал жұмысының ретімен жүруінің, істің бітімгерлікпен әділ шешілуінің алғышарты болмақ. Өркениетті елдерде бейтарап медиаторды тарту ісі неғұрлым жедел дамып, елдегі құқықтық саясаттың жүйелі жүргізілуіне өз септігін тигізген. Олар сапалы әрі, тиімді сот төрелігін жүргізуде негізгі басымдыққа ие және заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етіп келеді екен. Медиацияның тиімділігі сол азаматтар баж салығын төлеп әуре болмайды және едәуір уақыт үнемдейді.

С.Умарсирикова, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған