Жаңа ғасыр талаптарының үдесінен шығатын маңызды құрылымға айналу жолында сот жүйесі үздіксіз даму үстінде келеді. Тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жалпы соттардың жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында бірегей жобалар қолға алынып, халыққа барынша тиімді жағдай жасауға басымдық берілуде.
Әрине, сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, соттардың қызметін ұйымдастыру да маңызды рөлге ие. Осы орайда, Сот Әкімшілігінің Департаменттері сот жұмысының үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ететін бірден бір орган болып табылады.
Сот процессін дайындау және ұйымдастыру, судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ету, сот тәжірибесін талдау, сотқа түскен істер бойынша статистикалық есепті қалыптастыру, сот мұрағатының іс қағаздарын жүргізу және ақпараттандыру – Департамент қызметінің басты бағыты. Яғни, біздің жұмысымыз сотқа жүгінушілерге тиімді жағдай жасау және сот төрелігін кедергісіз жүргізуді қамтамасыз ету болып отыр.
Сотқа жүгіну бұрынғыдай қиын емес. Өйткені, барлығы электронды форматта. Азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға мүмкіндік берілген. Өтініштер мен арыз-шағымдарды «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жіберуге мүмкіндік бар.
Электронды қызметтердің негізгі ерекшелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ, интернет желісі арқылы сотқа талап-тілектерін жолдай береді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот отырыстары өткізілетін залдардың барлығы заман талабына сай келетін техникалармен жабдықталып, сот процестері түгелдей аудио-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі. Бұл сот процестерінің ашық әрі әділ өтуіне және бұрмалаушылыққа жол берілмеуіне ықпал етеді. Осылайша, жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті деп айта аламыз.
Әлемнің көптеген елінде істер сотқа қағаз жүзінде емес, электронды түрде түседі. Сол сияқты бізде де істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түсуде. Сонымен бірге, істердің басым бөлігі электронды түрде түсуіне байланысты электронды сот залдары жасақталған.
Қызылорда соттарында судьялар мен мамандардың кедергісіз қызмет атқаруына барлық мүмкіндік қарастырылғанын айта кеткен жөн. Заманауи үлгідегі компьютерлер іске қосылып, сот ғимараттары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Келушілер үшін күту залы, ақпарат орталығы, адвокаттар мен медиаторлар орны жұмыс істеуде. Күту залында бейнероликтер көрсетіліп тұрады. Сол арқылы сот жүйесіне қатысты ақпараттармен танысу мүмкіндігі бар.
Халықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында ақпараттандыру бағытына да көңіл бөлінген. Облыстық соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеп тұр. Халыққа қажетті мәліметтер, соттардың байланыс телефондары мен электронды поштаталары, сот залынан берілетін ақпараттар орналастырылған.
«Қызылорда соттары» атауымен Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілері мен YouTube арналары жүргізіліп отырады. Онда халықты сот жүйесінің жұмысымен таныстыру, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бағытындағы ақпараттар жарияланып, бейнероликтер орналастырылады.
Сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуі заманауи технологиялар мен инфрақұрылымның дамуына ғана емес, кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне де тікелей байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен еңбек жағдайларын жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістердің маңызы зор.
Айта кетерлігі, биыл мемлекеттік қызмет саласында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Соның бірі – 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның қабылдануы.
Аталған заң мемлекеттік қызметшілердің қызметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби дамуын қолдауға, әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін күшейтуге, құқықтары мен міндеттерін нақтылауға бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтиды. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттырып, қызметтік міндеттерін тиімді әрі сапалы орындауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстарды Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті өз қызметінде де жүзеге асырып келеді. Департамент тарапынан сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дамуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және елдік дәстүрлерді насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Алғыс айту күні – өзара ризашылық пен құрметті дәріптейтін, жүрек жылуын бөлісетін ерекше күн. Осы айтулы мереке қарсаңында Департамент бастамасымен сот қызметкерлерінің ата-аналарына Алғыс хаттар табыстау рәсімін өткіздік. Жалпы, адамның кәсіби қалыптасуы мен азаматтық болмысының негізінде, ең алдымен, отбасы тәрбиесі тұрады. Бүгін сот жүйесінде өз міндетін абыроймен атқарып жүрген әрбір қызметкердің артында оны еңбекке, адалдыққа, жауапкершілікке баулыған ата-анасының өнегесі бар.
Шара барысында қызметкерлердің ата-аналарына Департамент басшысының атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. «Адамның бойындағы жақсы қасиет – отбасы тәрбиесінің жемісі» деген ұстаным әрдайым өзекті. Біз осындай бастамалар арқылы ата-ананың бала тәрбиесіндегі еңбегін бағалап, отбасы құндылығының маңызын тағы бір мәрте атап өттік.
Сот жүйесінің қалыптасу жолында талай буынның маңдай тері, қажырлы еңбегі мен өмірлік тәжірибесі жатыр. Алғыс айту күні қарсаңында және Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының құрылғанына 30 жыл толуына орай, «Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа міндет» тақырыбында сот жүйесінің ардагерлерімен кездесу өткіздік.
Кездесу барысында ардагерлер өздерінің еңбек жолын еске алып, сот жүйесінде қызмет атқарған жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Олардың өнегелі әңгімелері жас мамандарға кәсіби жауапкершіліктің мәнін түсінуге, мамандыққа адалдық пен қызметтік тәртіптің маңызын терең сезінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, ұлыстың ұлы күніне орай, Қызылорда облыстық соты ұжымының ұйымдастыруымен «Наурыз – ұлттық құндылықтар мейрамы» атты мерекелік шара өткізілді.
Бұл шарада сот ұжымдары халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін сахналық көріністер арқылы кеңінен насихаттап, ұлттық мұрамыздың мән-маңызын көрсетті. Тұсау кесу, қыз ұзату, беташар, бесікке салу, ат қою, құда түсу сынды дәстүрлердің әрқайсысында халқымыздың тәрбиесі, дүниетанымы, өмір салты мен ұрпаққа қалдырған өнегесі жатыр. «Үздік көрініс» сайысы арқылы соттар ұлттық дәстүрді таныстырып, шығармашылық қабілетін көрсетті. Ең бастысы, бұл шара қызметкерлеріміздің бір-біріне деген құрметін арттырып, ұжымдық бірлікті бекемдей түсті.
Судья және сот қызметкері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара да сот жүйесі өкілдерінің еңбегіне құрмет білдіретін маңызды күндердің бірі болды. Сот саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Себебі, бұл салада қабылданған әрбір шешімнің, атқарылған әрбір жұмыстың артында адам тағдыры, азаматтың құқығы мен заңды мүддесі тұр. Салтанатты жиында сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан азаматтардың кәсіби еңбегі атап өтіліп, қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Жалпы алғанда, жыл көлемінде өткізілген іс-шаралардың әрқайсысының өзіндік мазмұны мен тәрбиелік мәні бар. Бірі – ата-анаға деген құрметті дәріптесе, бірі – ардагерлердің өнегесін ұлықтады. Енді бірі – ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұжымдық бірлікті нығайтса, тағы бірі кәсіби еңбекті бағалауға арналды.
Алдағы уақытта да Департамент тарапынан сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, олардың рухани-адамгершілік дамуына, ұжымдық ынтымақты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастамалар өз жалғасын табатын болады.
Мөлдір Асанова,
ҚР Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы