«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына Қызылорда облысының атынан қатысып, түрлі тәттілерін көпшілікке ұсынған кәсіпкер –Динара Берік. Оның «Тәтті әлем» кондитерлік цехы бүгінде көпшілікке етене таныс және тұтынушылар тарапынан өнімдері де жоғары сұранысқа ие. Ол бірнеше жылдық тәжірибені жинақтап, тәттілер арқылы табыс табу үшін білімге 15 миллион теңге инвестиция салған. Сәйкесінше, нәтиже де қуантарлық деңгейде.
– Динара ханым, жақында ғана Астана қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатыстыңыз. Байқау сізге не берді?
– Алдымен қалалық кезеңге қатысып, 150 кәсіпкердің ішінен іріктеліп Астанадағы байқауға жолдама алдым. Байқауға қатысу арқылы кәсіп түрлерінің мен ойлағаннан да көп екенін және Қызылордада ауқымды өндірістердің бар екенін көріп таңқалдым. Астанадағы көрмеде еліміз бойынша мықты деген кәсіпорындардың қатарында болып, жәй ғана қатысудың өзі ой-өрісіңді кеңейтетінін білдім. Үлкен жобаларда төбе көрсетіп, ірі өндіріс орталықтарымен байланысу арқылы биік белестерді бағындырып, өз кәсібімді де үлкен кәсіпорынға айналдыруға мүмкіндік барына көз жеткіздім. Адам заманға сай дүние танымын осылай кеңейтпесе өз шеңберімен ғана шектеледі екен. Жалпы, көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тек Қызылорда облысының төңірегімен шектелмей, өзге де облыстардың сұранысына сай болу – біздің негізгі мақсатымыз болатын. Соған сай байқау барысында қонақтар біздің өнімдеріміздің сапасы мен дәміне жоғары баға берді.
– Бұл өзіңіз басшылық ететін кондитер желісінің кезекті жетістігі ме?Бұған дейін жеткен қандай жетістіктеріңіз бар?
– Былтыр да қатысқан болатынбыз. Бірақ ол кезде Алғыс хатпен шектелсек, биыл ізденімпаздық пен еңбектің нәтижесінде көрме-байқаудың Астанадағы кезеңіне жолдама алдық. Облыс бойынша үздік кәсіпкерлердің қатарынан табылудың өзі біз үшін үлкен жетістік. Бұған дейін біздің кондитерлік орталыққа тиесілі үлкен цех ашылды және қаланың орталығында дүкеніміз бар. Кофе әзірлейтін орталығымыз қайта жаңғыртудан кейін ашылады. Бүгінде басқа да жобаларымызды жоспарлаудамыз. Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжімен келіссөздер жүргізілуде. Студенттерді іс-тәжірибеден өткізіп, мерекелік іс шараларда бірлесе жұмыс жасауға ниеттеніп отырмыз. Жалпы,бұның өзі біздің орталық үшін жаңа жоба және жетістіктің бір тармағы деуге болады.
– Нарықта жүргендеріңізге қанша жыл болды?
– Цех ашылғалы уақытпен есептейтін болсақ, 5 жылдан асты.
– Алғашында үйде торттарға тапсырыс алумен басталған кәсіпке бүгінде қала ғана емес, облыс бойынша сұраныс жоғары. Артқа шегініс жасап, бүгінгі деңгейге дейінгі кезеңге тоқталып өтіңізші…
– Бұл салаға өзім 2015-ші жылы келдім. Сол уақыттан бері үш жылдай үйден тапсырыстар қабылдап, табыс тауып бастадым. Одан кейін жұмыс орнымызды цехқа көшіріп, қасыма екі адам алып, тәттілерді бірлесіп пісірдік. Сол уақыттарда бұл бастамадан нәтиже болар ма екен деген қорқыныштың болғаны жасырын емес. Шүкір, түрлі шеберлік сабақтары да өткізілді. Екі адамның саны жиырмаға артып, 2020 жылдан бастап үлкен масштабқа шыға бастадым. Бүгінде кондитерлік орталықтың ұжымында 25 адам бар. Оның ішінде кондитерден бастап, торт әрлеушілер, финансист, сату мамандары, оператор, жүргізуші, есепші, көмекші бар. Жұмыс бағыты кеңейіп, орталық үлкейген сайын аталған мамандықтардың қызмет түрлерін қажет етуде. Бүгінде «HR-менеджер» және цех жұмысына жауап беретін администраторды да алып жатырмыз.
– Бүгінде кондитерлік цехтардың саны аз емес. Алайда, өз тапсырыс берушілерін тұрақты ұстап, өнімін тұтынушыларының санын арттыра білуде кондитердің қандай құпиясы бар?
– Әзірлеген астың құндылығын тек жасаған маман ғана емес, оны тұтынған халық та сезіне білуі керек. Ол үшін әр тортты не басқа да тәтті түрлерін пісірерде махаббатпен, тазалықпен, шынайы ниетімен жасау керек. Сонда ол энергияны халық та сезіне біледі. Мен бастаған жұмыстың жандануының да негізгі құпиясы осыда деп ойлаймын.
– Білуімше, өзіңіздің негізгі мамандығыңыз мұғалім екен. Бұл саланың табысы ұстаздық еткеннен көп пе? Және тандау неліктен кондитерлікке түсті?
– Менің ойымша аталған екі саланың да табысы тең секілді. Қазір бұдан бөлек, нарыққа қажет мамандықтарды игеріп жүрмін. Өнімді сату, оны нарыққа өтімді ету, ұжымды басқаруды білмесең онда кәсібіңнің алға жылжуы оңай емес. Неліктен кондитерлікті тандадыңыз десеңіз, өзіме шығармашылықпен айналысқан ұнайды. Негізі бұл іске бейімделмес бұрын тігінмен айналыстым. Алайда, сараптай келе жақсы және оң пікірлерді осы кондитерлік саласынан көбірек естідім.
– Бүгінде тәттілердің қандай түрлерін ұсынудасыздар? Және ең өтімді түрі қайсысы?
– Біз торттар, тоқаштар, пирогтардың түрлерін әзірлеп шығарудамыз. Жалпы, осы тұстан айта кетерлігі халықтың басым көпшілігі арзан торттарды сұрайды. Алайда, ондай өнімнің сапасы да арзан болатынын халық ажырата бермейді. Ойлана келе қарапайым халыққа қолжетімді болсын деп, сатылымға бағасы 5500 теңгеден басталатын торттарды шығардық. Бірақ, құрамына арзан емес, сапалы өнімдерді қосып жасаудамыз. Халықтың сұранысын назарға алу арқылы жұмыс істейтініміздің өзі біздің орталықтың ерекшелігі деуге негіз бар.
– Күніне қанша торт түрлері әзірленеді?
– Күнделікті сөреге 30 шақты, әрлеуімен 10-15 торт бір күнде әзірленеді. Одан бөлек 35-40 тоқаш пісірілсе, бір күнде торт тілімдерінің 500-і сатылады. Бұл тек сөренің есебі. Ал тапсырыстар одан бөлек. Ұннан жасалатын тағамның барлық түрлері әзірленеді.
– Өзіңіздің авторлық өнімдеріңіз бар ма, әзірлену жолы өзіңізге ғана мәлім тағам түріне сұраныс көп пе?
– Финики қосылған пирог бар. Финикиді жуып, тазалап, сүйегінен бөліп, блендрдің көмегімен езіп, бисквит пісіреміз. Ортасына арнайы кремін қайнатып, бетіне грек жаңғағының езбесін себеміз. Дәмі деген ерекше. Бұрын онша елей бермейтін еді, бүгінде сатылымда да, сұраныста да алғашқы орында осы тоқаш түрі бар. Бастапқыда тәттілердің жинағына салынса, қазір сөреге бүтіндей қойылады.
– Қалай ойлайсыз, бүгінде үйде отырып торт сатудың кезеңі өтті ме?
– Жасыратыны жоқ, өзім сияқты үйден қатар бастаған кондитерлік дүкендердің көпшілігі алғашқы тапсырыстарын үйден қабылдады ғой. Алайда, барлығы бірдей тәттілерді қандай жағдайда, қандай тазалықта әзірлеп жатқанын біле бермейді. Тіпті, бүгінде халықтың көзі ашық қой. Яғни, санитарлық норманы сақтамауы да мүмкін. Барлық ережелердің ескерілуі көбіне үлкен цехтарда назарға алынады.
– Сіздің ойыңызша кондитер болу үшін қандай қабілет қажет?
– Алдымен шыдамдылық қажет. Шыдамды болмаса, жарты жолдан тастап кетеді. Сосын тағы қосарым, кондитердің барлығы суретші болады. Шығармашылықтан хабары болғаны жақсы. Одан бөлек, алғырлық керек. Тапсырыс берушінің талабымен санасып, олардың ойларындағы торттарды әзірлеу үшін осы қасиеттер керек. Шыны керек кез-келген адам кондитер бола алмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан