Білім беру саласына тиесілі өзекті мәселелер мектепке дейінгі мекемелерде де жиі кездеседі. Балаларын балабақшаға апаратын ата-аналардың талаптары, балабақшадағы қолайлы жағдай, тәрбиешілердің тәртібі сынды өзекті проблемалар қанша көтерілсе де кейбірі үшін шешім таба алар емес. Біздің облыс көлемінде де мемлекеттікпен салыстырғанда жеке балабақшалардың саны көп. Соған сәйкес, тұрғындардың да балабақшалар турасында пікірлері де әр алуан. Ұсынылатын қызмет түрлерінде де айырмашылықтар жоқ емес. Таңдау ата-анаға тиесілі. Жалпы, аталған тақырыпты кеңірек ашу мақсатында Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Наталья Мишуковамен тілдестік.

– Облыс бойынша балабақша саны қанша және жетіспеушілік орын алып жатқан жоқ па?

– Қазіргі таңда Қызылорда облысына тиесілі 215 жекеменшік және 28 мемлекеттік балабақшалар тіркелген. Енді осы көрсеткішке зер салсақ, бізде балабақша жетіспеушілігі орын алып жатқан жоқ деп айта аламын. 2013 жылы қабылданған «Балапан» жобасын республика бойынша Қызылорда облысы жақсы нәтижемен орындаған болатын. Демек, жеке балабақшалардың халық үшін тиімділігі орасан зор деп айта аламын.

– Осы орайда толғандырған кезекті мәселе деп, әр балаға бөлінетін шаршы метр заңдылығының сақталуын айтуға болады. Бұл мәселе жеке балабақшаларда қаншалықты сақталуда?

– Бүгінде жеке балабақшаларға бала басына шаққандағы қаржы көлемі 47 мың теңге шамасында бөлінуде. Әр балаға тиесілі шаршы метрге қатысты зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жасыратыны жоқ, бүгінде біраз балабақшаларда ол заңдылық сақталмаған. Негізі санитарлық-эпидемиологиялық станцияның қорытындысы бойынша шаршы метрге бөлініп, қанша балаға арналған балабақша екені анықталуы керек. Соған сәйкес, ол әлеуметтік нысанға Үкімет тиесілі қаржыны бөледі. Алайда қазір мораторийге сәйкес ол шарттар толық орындалып жатыр ма әлде, керісінше ме, бұл біраз адам үшін түйткілді мәселе болып отырғаны жасырын емес…

– Жалпы, заңдылық бойынша жеке балабақша ашудың негізгі ережелеріне тоқталып өтіңізші…

– Біріншіден, бала басына шаққандағы қаржыға ие болғысы келсе, құжаттар дайындап, конкурсқа қатысуға міндетті. Конкурстық құжатта балабақша атауы мен заңды құжаттар «Әділет» департаментінде тіркелген болуы қажет. Сосын жұмысын бастады деген хабарлама құжаты болуы тиіс. Содан кейін ол ғимарат тұрғын үй емес, кәсіпке арналған нысан болып салынуы міндетті. Екіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Төтенше жағдайлар департаменттерінен рұқсат қағаздары болу керек. Сосын міндетті түрде балабақшаның қанша орынға арналғаны жайында есеп бойынша штаттық кестесі болуы қажет.

– Жасыратыны жоқ, осы талаптарды ескермей, түрлі айла-тәсілге сүйеніп балабақша ашып, жұмысын жүргізіп ақша тауып жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Оларға қандай амалдар қарастырылады?

– Қазіргі таңда жеке балабақшаларға тиесілі талап күшейіп келеді. Мәселен, ескерту және дабыл сигналын орнату сияқты талаптар бар. Педагогтар қайта даярлаудан өтуі тиіс немесе «мектепке дейінгі білім беру және оқыту» мамандығы бойынша білімін растайтын диплом құжаты болуы міндетті. Аталған және өзге де заңдылықтар мен бұйрықтар орындалмаған жағдайда мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылады.

– Бүгінде жеке балабақшаларға тиесілі қызмет ақысының көтеріліп жатқанын кезекті мәселе деуге негіз бар. Бұл турасында сіздің пікір қандай?

– Мемлекеттік балабақшаларда ата-ана тарапынан төлем көлемі 14500 теңгені құрайды. Бұл баланың ас мәзірі үшін төлем деуге негіз бар. Қазіргі таңда осы бағаны жеке балабақшаларға да міндеттіп, одан асырмау қажеттігін тапсыруда. Оған өзім келіспеймін. Неге десеңіз, жеке балабақшаларда тамақтан бөлек қаржыны талап ететін қосымша қызмет түрлерінің бірнеше нұсқасы бар. Мәселен, тасымалдау қызметі, түрлі үйірмелер, логопед, деффектолог мамандардың қызметтері және өзге де қызмет түрлері қарастырылған. Әрине, аталған қызмет түрлері бүгінде тек ата-ананың келісімімен және қалауымен ғана жүзеге асуда.

– Мемлекеттік және жеке балабақшалардың айырмашылықтарына тоқталып өтсеңіз…

– Негізі министрлік тарапынан жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында айырмашылық болмауы керек. Яғни, талап бәріне ортақ болуы міндетті. Үкімет тарапынан қойылған талаптар бірдей. Тиесілі тексеріс жұмыстары мен аттестациядан теңдей өтеді. Қуантарлығы, жеке балабақшаларда қазан айынан бастап тәрбиешілердің айлығы көтерілді. Жалпы, кейбір жеке балабақшалар мемлекеттік балабақшалардан да артық жұмыс жасайтыны жасырын емес.

– Алайда, жеке балабақшаларға деген көзқарас мемлекеттік балабақшаларға қарағанда төмендеу. Бұған не дейсіз?

– Мен олай ойламаймын, Себебі жеке балабақшаларға тиесілі мәселелер әлеуметтік желілерге жиі шығады. Осыған қарап, көпшілік сіз айтқандай тұжырымға келеді. Негізі, бұл – ашықтықтың белгісі. Мінсіз адам болмайды, жұмыс барысында да солай. Кез-келген балабақшада түрлі ситуация орын алады. Бастысы, аталған мәселелер уақытылы шешім тауып оң нәтиженің болуында. Түптеп қарасақ, кемшіліктер мемлекеттік және жеке балабақшаларда да кездеседі. Қазіргі таңда олай бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Балабақшаларда маман жетіспеушілігі кездеседі ме? Айта кету керек, бітірген мамандығы басқа болса да, балабақшада жұмыс істейтін фактілер кездеседі. Бұған байланысты аттестаттау жұмыстарынан өзге, қандай тексеріс жүргізілуде?

– Иә, жас мамандар арасында балабақшада жұмыс істеуге ниеттенбейтіндері көп. Басым көпшілігі айлығы көп өзге жұмыстарға қызығушылық танытады. Ол өз еріктері ғой. Дегенмен, көптеген балабақшаларда тәрбиеші мамандардың көпшілігі зейнет демалысына шығып жатады. Сондай да, олардың жұмысын жалғастыратын қызметкерлердің тапшылығы орын алатыны жасырын емес.

– Жеке балабақшаға тиесілі келесі мәселе – ас мәзірі. Бұл жағынан талапты сақтамайтын балабақшалар да жоқ емес. Арнайы тексеріс жұмыстары кезінде ғана талапты ескеретіндері де жасырын емес. Бұған не дейсіз?

– Сіз атаған мәселе де өзектілігін жоймады. Егер ата-ана тарапынан арыз түссе, оған тексеріс жұмыстарын жүргізетін тиісті мекемелер бар. Ас мәзірі аясында зерделеу жұмыстарын жүргізетін жауапты мамандар да бар.

– Баланың балабақша уақытындағы қауіпсіздігіне тәрбиешілер жауапты. Алайда, ұрып-соғу фактілері де кезігеді. Балаға алаңдаған ата-ана қай балабақшаларға апарарларын білмей, таңдауда жаңылыс жасамасақ екен деп алаңдайды…

– Баланың қауіпсіздігіне жалғыз тәрбиеші ғана емес, сол балабақшаның бүкіл қызметкері жауапты болып табылады. Себебі белгілі бір уақыт шеңберінде ата-ана баласын балабақшаға тапсырды. Егер осы фактілер орын алып, ата-ана тарапынан тиісті арыз жазылса, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Ол жұмыс жақсы жолға қойылған. Аталған фактілер басқа өңірлерге қарағанда Қызылорда облысы аумағында көп кездеседі деп айта алмаймын. Жалпы, тәрбиені ата-ана, бала және тәрбиеші деген үштік ережесін ұстанып берсе, нәтиже де қуантарлық болады. Бала қаншалықты ерке болса да, тәрбиеші өз деңгейінде жұмыс істеуі керек.

– Жалпы, ата-ана балабақша таңдауда нені ескеріп, қандай талаптарға мән берулері керек?

– Балабақшаны таңдағанда ата-ана біраз фактілерге мән беруі керек. Оның бірі – педагогикалық құрам мен кадрдың тәжірибесіне зер салған жөн. Одан кейін тұрғылықты мекен жайынан қашық болмағаны өздері үшін тиімді. Қаланың бір шетінен екінші шетіне бағыт алу үшін тасымалдау қызметіне де жүгінетін болады. Сосын өзіңіз жоғарыда атап өткен бала үшін қолайлы ас мәзіріне мән берулері тиіс. Тағы ескере кетер жәйт, ата-ана өз баласымен сөйлесу арқылы жұмыс сапасын бақылай алады. Балабақшада не үйрендің, достары бар ма, қандай көңіл-күймен барып келеді осыған да уақытылы мән бергені жақсы.

– Баланы тасымалдауға арналған көліктерде бала санын ескере бермейтіндерді де көзіміз шалады. Бұл да қауіпті мәселенің бірі ғой. Тасымалдау қызметі тиімді деп ойлайсыз ба?

– Иә, келісемін. Тасымалдау қызметі ата-анаға тиімді. Ата-аналардың сұранысы болғандықтан, кәсіпкерлер қолға алуда. Бірақ, балаларды тасымалдаудың да өзіндік шарттары бар. Тасымалдау көлігі сары түске боялып, сыртында «Балалар» деген жазуы міндетті түрде болуы керек. Одан өзге көлік ішінде әр балаға тиесілі қорғаныс белдіктері қарастырылғаны жөн. Қауіпсіздік ережелері сақталып, жүргізуші белгілі бір жылдамдықтан асырмауы тиіс. Өкінішке орай, бұл талаптарды барлық балабақшалар толығымен орындап жатқан жоқ.

– Ата-ана баласының балабақшадағы уақытын қалай өткізіп жатқанынан хабардар болу үшін камерамен қамтамасыз етілу мәселесі қаншалықты оң шешім табуда?

– Министрлікпен бекітілген тәртіп бойынша әр балабақшада камера орнатылуы тиіс. Егерде қандай да бір мәселе орын алса, ата-ана бейнебақылауды меңгеруші кабинетінен кез-келген уақытта көре алады. Онлайн байланысты айтсаңыз, ол ата-ананың қаражатына байланысты. Ол тіпті біздің облыс көлемінде толығымен сұранысқа ие емес. Сондықтан, біздегі балабақшалар аталған қызмет түрімен толық қамтамасыз етілмеген.

– Аталған мәселелер аудандардағы балабақшаларда қаншалықты жиі кездеседі? Аудандардағы жеке балабақшалардың жағдайы қалай?

– Әрине, біз атап өткен мәселелер қаладан өзге аудандарға да тиесілі. Аудандарда да жұмысын жүйелі жүргізіп жатқан жеке балабақшаларды және түрлі мәселелері бар балабақшаларды да кезіктіре аламыз. Оның барлығы зерделеу жұмыстары аясында анықталады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған