Туризм және спорт министрі Шавкат Рахмоновты кезекті жеңісімен құттықтады

Бұл – жерлесіміздің 18-ші жеңісі.

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавкат Рахмонов кезекті кездесуінде жеңіске жетті. Туризм және спорт министрі спортшыны жеңісімен құттықтады.
Даңқты жерлесіміз мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев атақты спортшыны құттықтап, алдағы турнирлерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі.

«Еліміздің Тәуелсіздік күнінде таң азанымен АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Аралас жекпе-жектегі ел мақтанышы Шавкат Рахмонов бүгін UFC-де кезекті айқасын өткізіп, қазақ елін тағы бір жарқын жеңісімен қуантты. Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!», – деп жазды министр Telegram каналында.

Айта кетейік, 40 жастағы америкалық спортшы Стивен Томпсон бүгінге дейін спорттық карьерасында 24 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлаған.
Ал Шавкат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 29 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында 17 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекені айқын басымдықпен аяқтады. 8 қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірген.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған