Қазір Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Қыркүйектің басында басталған шара желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады. Бірақ дау-дамай көбейіп тұр. Жас жігіттерді әскерге күштеп алып кететін жағдай жиілеген. Тіпті азаматтарды көшеден, жұмысынан «ұрлап» кеткені белгілі болды.

Қорғаныс министрлігі биыл әскерге 20 мың жас сарбаз алуды жоспарлап отыр. Шенділердің аң аулағандай жортуылға шығуына осы санды толтыру міндеті себеп болған сияқты. Өйткені қазір көп жас Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы емес. Бұрынғыдай өзі жазылып, әскерге аттанатындар қалмаған.

Жастарды әскерге күштеп әкету кейінгі бірнеше жылда әдетке айналып кетті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі көктемде осындай ақпарат тараған. Ол кезде шенділер әскер қатарына енді ғана оқу бітіріп жатқан жастарды да мәжбүрлеп алғаны белгілі болды. Сарапшылар Қаңтар оқиғасы қазақ әскерінің шын бет-бейнесін ашып берді, сол үшін билік қарулы жасақты күшейтуге күш салып жатыр деп болжаған.

Бұл үрдіс содан кейін де тоқтаған жоқ. Биыл, тіпті қоғамдық резонанс тудырды. Бұған әлеуметтік желіде тараған видеолар себеп болды. Жауапты шенділер қарапайым киіммен, азаматтық көлікпен келіп, жастарды ұстап әкетпек болған. Бірнеше жағдайда жергілікті тұрғындар араша түсіп, жастарды алып қалған.

Осындай бейнежазбаның бірі қыркүйек айының басында Қонаев қаласы маңында түсіріліпті. Видео авторының айтуынша, әскери форма киген адамдар ақ түсті «Нива» көлігімен келіп, құжаттарын көрсетпестен жас жігітті машинаға салмақ болған. Лариса есімді тұрғын әскерилер алып кетпек болған азамат өзінің бауыры екенін, ол қазір оқып жүргенін айтады. Оның айтуынша, бауыры әскери комиссариатқа барудан жалтарып жүрген жоқ, әскерге бару міндеті кейінге шегерілгенін растайтын құжаты бар.

Видеоға пікір жазған көптеген тұрғын өз бастарынан да мұндай жағдай өткенін айтып отыр. Ирина есімді тұрғынның айтуынша, студент баласы түнгі сағат бірде үйге қайтып келе жатқанда азаматтық киімдегі екі адам оны тоқтатып, жауап ала бастаған. Жас жігіт студент екенін айтып, әскери міндеттен уақытша босатылғаны жайлы құжатын көрсеткен. Бірақ олар баланы машинаға отырғызып, белгісіз жаққа алып кетіпті.

Біз Ақбөпе есімді арумен сөйлестік. Ол екі сыныптасын көшеден әскерге алып кеткенін айтты. «Қыркүйек айының басында кешкі сағат бестер шамасында Қызылорда қаласындағы демалыс паркінің маңында достарымызбен сөйлесіп тұрған едік, жай киім киген үш адам келіп, жанымыздағы жігіттерден тұрғылықты мекенжайы мен құжаттарын сұрады. Бір досымыз жақында оқудан шығып қалған, екіншісі оқуға түспеген еді. Оларды сол жерде машинаға отырғызып алып кетті. Кейін оның бірі әскерге кеткенін естідік», – дейді.

Қорғаныс министрлігінің өкілі әскерге шақыру науқаны кезінде не үшін жастарды көшеден күштеп әкетіп жатқаны туралы бейнежолдау жариялаған. Ол әскери комиссариатқа бармай жүрген жастарды мәжбүрлеп әкету заңға қайшы емес екенін айтты.

– Шақыру науқаны кезінде кейбір азамат әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери комиссариатқа бармайды. Осындайда олардың тізімі ішкі істер органдарына беріледі. Полицейлер осы азаматтарды іздеп тауып, комиссариатқа жеткізеді. Заң бойынша рейд кезінде азамат заңды талапқа бағынбай, қарсылық көрсетсе, полиция оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді», – деді министрліктің өкілі.

Жастар әскерден неге қашады?

Әскерге бару әрбір ер азаматтың Отан алдындағы борышы деп жүрміз. Алдыңғы буын дәл осы идеологиямен өсті, әскерге барудан жалтаратындар көп кездеспейтін. Бірақ қазір, керісінше, сапқа тұрып, сарбаз атанғысы келетіндер аз. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, қазақ әскері қырық жыл бұрынғы қырық-жамау күйінен жаңарған жоқ. Әскерде техника ескірген, офицер, командирлердің біліктілігі де күмән тудырады, тәртіп те тастай емес. Оқу-жаттығу кезінде мина жарылып, немесе парашют ашылмай қалып, жараланған, қайтыс болған сарбаздар бар. Бұл техниканың тозғанын білдіреді.

Бұдан бөлек суицид жасап, немесе өзгенің қолынан көз жұмған әскерилер де аз емес. Мысалы, кейінгі 10 жылда 220 әскери қызметші суицид жасады деген ақпарат бар. Басқаша айтқанда жылына 20 сарбаз ажал құшады. Қысқаша айтқанда әскерге шабытпен барып, табытпен оралатындар саны азаймай тұр. Өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтқан жастар тағы бар.

Ең өкініштісі, осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Қорғаныс министрлігі түрлі сылтау айтып, мәселені жылы жабуға тырысады. Сарбаз өліміне қатысты тергеу басталғанымен, көбінде өлімге ауру-сырқау, немесе оқыс оқиға себеп болды деген қорытынды шығады. Мұндайда істің анық-қанығын дәлелдеу қиын.

Мысалы, 2022 жылы тамызда Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Алмас Шахимов есімді жас көз жұмды. Тергеу нәтижесінде өлімге жазатайым оқиға себеп болды деген қорытынды шыққан. Марқұмның ата-анасы бұған сенбей, 2023 жылы желтоқсанда эксгумация жасатқан. Өйткені тергеуде біреулер марқұмның формасы, полигондағы бейнежазба сынды дәлелдерді жойып жіберген.

Биыл мамырдың аяғында эксгумация нәтижесі шығып, ата-ананың күдігі расталды. Қайтыс болған әскеридің қолы, тізесі және аяғынан пышақ ізі, тұншығу белгісі және 26 дене жарақаты табылыпты. Сондай-ақ сарбаздың бүйрегі езіліп, бас сүйегі сынғаны, арқасына темекі шоғын басқаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр.

Сарбаз осынша қатыгездікпен қаза тапса да шенділер істі «жазатайым оқиға» деп қорытынды жасаған. Осыдан-ақ әскердегі өлімнің ақ-қарасы оңай ашылмайтынын білуге болады. Айта берсек, ақпарат көздеріне шыққан мұндай оқиға көп. Ал ашыққа шықпағаны қанша екенін кім білсін!

Әскерде әлімжеттік мәселесі әлі шешілген жоқ. Сарбаздар «дедовщинаға» ұшырағанын да дәлел дей алмайды. Былтыр Ұлттық ұланның Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген сарбаз Сапархан Қауынбай арыз жазып, бірнеше адам ақша сұрап, ұрып-соққанын айтқан. Бірақ тергеу нәтижесінде оның сөзіне еш дәлел табылмай, іс жабылды. Медициналық сараптама оның басына зақым келгенін анықтаса да, айыпталған адамдар кінәсін мойындамаған, куәгер табылмаған.

Мұндай мысалдар өте көп. Өйткені оның алдын алатын жұмыс істеліп жатқан жоқ. Жауапты шенділер өз атына сөз келмеу үшін бәрін жабулы қазан күйінде қалдыруға ниетті. Сарапшылар сол үшін әскердегі оқыс оқиғалар мен өлімдерді қорғаныс министрлігі тексермеуі керек деп санайды. Мұндай оқиғалардың анық-қанығын анықтайтын арнайы комиссия құрылуы тиіс. Сонда ғана кей мәселе жасырын қалмай, су бетіне шығуы мүмкін.

Қорғаныс министрлігін 2022 жылғы қаңтардан бері басқарып отырған Руслан Жақсылықовтың өзі әскердегі өлімге атүсті қарайды. Ол тіпті сарбаз өліміне әскер кінәлі емес деп санайды. Оның ойынша, әскерде екі жігіт шекісіп, бірі көз жұмса, бұл – әскердің емес, тәрбиенің мәселесі. Сондай-ақ ол «сарбаздар суицидінің 99 пайызы әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішіндегі мәселеден» деп мәлімдеген. «Мақалшыл министрдің» бұл 99 пайызды қайдан алғаны да белгісіз?

Жөнді-жөнсіз мақал құрастырып сөйлегенді ұнататын «шешен» шенді әскерге аман барған азаматтың аман қайтуына кепілдік бере алмайтынын мойындайды. Бірақ мұның өзін өз «репертуарына» сай мәнерде айтып: «Өмір деген – жизнь. Өмірде бәрі болады. Адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды» деген еді. Бұл сарбаздар амандығын басты назарда ұстайтын адамның сөзі емес екені анық.

Әскерге барудан пайда бар ма?

Қазір ел арасында әскерге бару адамға ештеңе бермейді деген түсінік қалыптасқан. Бұл жастардың жүрегін шайлықтырған екінші себеп болып отыр. Яғни олар әскерде бір жылды бекер өткізесің, ештеңе үйретпейді деп санайды. Біз сөйлескен жас сарбаз «әскерге барудың қажеті жоқ, деңгейі алғашқы әскери дайындық сияқты ғана, уақытыңды бекер өлтіресің» деді. Оның айтуынша, әскерде солдаттар соғысқа дайындалмайды, әрі кетсе мылтықты шашып-құрастырып, күні бойы тек жүрумен ғана айналысады. Ал мұның бәрін мектепте де үйренуге болады

Мұндай ойды әскери мамандар да айтып жүр. Отставкадағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасов өзінің бір сұхбатында қазір әскерде тәрбие беретін офицер жоқ екенін айтқан. Өйткені министрлікте де, әскери бөлімшелерде де соғыс көрген, майданда болған адам жоқ.

Әскерге баруға дайындалып жүрген Нұржан есімді жігітпен сөйлестік. Оның айтуынша, қазір қоғам жылдам дамып жатыр. Бір жылда технология, өмір сүру әдеті біршама өзгеріп кетеді. Ал әскерде бір жыл тұрып келген адам оның көбінен қалып қояды. Нарық заманында бос өткен бір жыл, адам өміріне үлкен әсер етуі мүмкін. Осыны ойлаған жастар бір жыл әскерге барғанша, жұмыс істеп, ақша табуды жөн көреді.

Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруға жетелейтін үшінші бір себеп – қоғамдағы теңсіздік пен тұрмыс жағдайы. Әлеуметтік желіде жазылған ой-пікірлерді шолып отырып, әскерге баруға міндеттейтіндей мемлекет бізге не берді деген ұшқары пікірлерді көп кездестірдік. Олар әкім-министрлер мен бай-манаптың баласы әскерге бармайды, билік қарапайым халыққа тізе батыруды ғана біледі деп санайды. Сондай-ақ мемлекет тұрғын үймен, ақысыз жоғары оқумен және жұмыспен қамти алмай отырғандықтан, жастардан бірдеңе талап етуге моральдық қақысы жоқ деп есептейді. Әрине, мұндай ойды жақтаудан аулақпыз, бірақ қоғамда қалыптасқан кереғар көңіл күйді айтпасақ та болмайды.

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жастарды күштеп армияға әкетуге қарсы екенін айтты.

– Ертеде әскерге қолы қысқа, білімі аз адамдар баратын. Әскерде жүріп мамандық меңгеріп, білім үйреніп қайтатын. Олар елге келгенде ауылдағы жігіттерден бір бас жоғары тұратын. Ал қазір жағдай басқаша, жігіттердің ақшасы, білімі бар, қалаған жеріне бара алады. Қолында гаджеті бар, бәрін көріп-біліп отыр. Ал оларды әскерге апарғанда өздерін түрмеге түскендей сезінеді. Үйде ерке болып өскен кей жасқа армиядағы тәртіп те ұнамайды. Сондай-ақ әскерде әлімжеттік мәселесі де бар. Оның бәрі әлеуметтік желі арқылы тез тарап кетеді. Осының бәрін көріп алған жастар әскерге барғысы келмейді, – дейді маман.

P.S Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Әскерден жалтару мақтанатын әрекет емес. Бірақ әскерге барғысы келмейтін жастарды да түсінуге болады. Оның басты себептерін айттық. Әрине, әскерге барудан жалтарғаны үшін азамат қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Алайда үнемі заңмен қорқыту, немесе көшеден күштеп ұстап әкету мәселені түбегейлі шешпейді.

Сондықтан жастар әскерге өз еркімен баратын жағдай жасау қажет. Білдей министр «ажалы келді» (өз сөзі) деп қарап отырмай, әскердегі өлімнің алдын алып, сарбаздың бір тал шашы түссе, басыммен жауап беремін деп кеуде керіп шықса, көп көңіліндегі күдік сейіліп, қорқыныш басылар еді.

Сондай-ақ Кеңес кезінен қалған тәртіпті өзгертіп, жастарды әскерге келісімшартпен алу жағын қарастыру керек шығар. Ол бойынша сарбазға белгілі мөлшерде жалақы тағайындаса, немесе әскерден кейін кейбір жеңілдіктер қарастырса, жастар Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, болашағын қамдай жүрер еді. Қысқасы, билік азаматтар әскерден қашатын емес, әскерге асығатын жағдай жасауға міндетті.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған