Республика күніне тарту ретінде Сыр бойындағы Жаңақорған ауданында жаңа демалыс паркі ел игілігіне берілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи үлгідегі мәдени нысанды аралап көріп, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ, аудан халқымен кездесіп, ұлттық мереке аясында өңірде жүзеге асатын жаңа бастамалармен бөлісті.

– «Туған жеріне тілеулес, ортақ іске жанашыр кәсіпкер азаматтардың қолдауымен аймағымызда жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Соның бірі тұрғындардың отбасымен бірге серуен құрып, ой сергітіп, бой жазуына мүмкіндік беретін жаңа демалыс паркі пайдалануға берілді.

 Мұнан бөлек Балалар жылына сый ретінде қала, аудандарда 80 ойын алаңы салынып, басым бөлігі тұрғындардың игілігіне берілуде. Соның ішінде Жаңақорған ауданында 10 шағын спорт алаңқайы қазан айының соңына қарай тарту етілетін болады», – деді аймақ басшысы.

Заманауи парк белгілі кәсіпкер Марлен Ысқақов жетекшілік ететін «Азимут-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаржысы есебінен салынды. Жобаның құны 790 миллион теңгені құрайды. Мұнда тұрғындардың кешкі уақытта таза ауамен тыныстап, сауық құрып, серуендеуіне бар жағдай жасалған. Түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары аудан тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Алдағы уақытта парк ішінен балаларға арналған кафе және Неке сарайы салынбақ.

 P.S. Әрине парк кәсіпкердің қаржысына салынғанымен абыройы биліктікі. Осыдан біршама уақыт бұрын ауданға әкім болып барған М.Тілеуімбетов кәсіпкерді елге қызмет етуге көндіріп, өзіне де абырой жинады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған