ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ ҮЛКЕН МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнап, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Соның ішінде ең бірінші бағдар ол-жаңа экономикалық саясат. Президент мұнда ел экономикасын жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауды нығайтуға, ауыл шаруашылығы секторының қарқынды өсуіне басымдық берді. Сонымен бірге салық кодексін және өзге де бірқатар мемлекеттік реттеу механизмдерін түбегейлі түрде қайта құруға назар аударды. Мәселен, Жолдауда экономикамыздағы қордаланған мәселелер, шикізатқа әлі де тәуелдігіміз, еңбек өнімділігінің төмендігі мен инновацияның жеткіліксіздігі аталды. Сондай-ақ ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көрмей отырғаны да ерекше айтылды. Әрине, мұның барлығы күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар екендігін айтып, жаңа экономикалық бағдарымыздың кезек күттірмейтін басты басымдықтарын атап өтті.
Осыған орай ендігі ретте монополистерге байланысты мәселелер өзгеріп, салық төлеудің жаңа формалары енгізіледі. Тарифтердің көлемі реттеліп, кәсіпкерлерге жер телімдері ашық әрі жедел бөлінеді. Сондай-ақ, «Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алу мәселесі, 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерді заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алу ұсынылды. Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау мәселесі мен бюджет аясында мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатын келесі жылға қалдыру арқылы бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылуға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер мен жеңілдіктер жұмыс процесінде кезігетін түрлі проблемалық мәселелердің тиімді шешілуіне әкелетіні анық.
Сонымен бірге Жолдауда жаңа Бюджет кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңын қабылдауға тапсырма берілді.
Мемлекет басшысының белгілеп берген бұл маңызды межелерге қол жеткізу – Қазақстанның қазіргіден де биік асуларды бағындырып, қуатты мемлекетке айналуына зор мүмкіндік. Жолдауда айтылған нақты тапсырмалардың жүзеге асуына Президентпен бірге халық, қоғам болып атсалысуымыз керек.
Өз кезегінде Әділетті Қазақстанды құруға бағыттайтын жаңа Жолдау партияға да айрықша міндеттер мен үлкен жауапкершілік жүктейді. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдаушы саяси күш ретінде ұсыныстарына ұйытқы бола отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысатын болады.
Баршаңызды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және Әділетті Қазақстан құру жолындағы ортақ мақсатқа топтастыратын Жолдауды бірге іске асыруға шақырамыз.

Ләйлә Төрешова
«AMANAT» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының
Атқарушы хатшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған