ҚЫЗЫЛОРДА – ЖАСТАР ҚАЛАСЫ

Әне-міне дегенше күз де келді. Күз мезгілі келсе туған шаһарымыз Қызылорданың қала күні мерекесі де қатар келетіні көпке мәлім. Өткен жылдары карантиннің салдарынан мереке-думанды сезінген жұрт кемде кем. Содан болар, онлайн шаралардың басын бір түртіп қана, көңіліміз қанағаттанбаса да жоқтан бар жасадық.
Биылғы жылы бәрі қаз қалпына келді. Айналдырған бір жылдың ішінде қала билігіндегі басшылық қадрдың біразы ауысты. Қала әкімі болып Асылбек Шәменов тағайындалды. Биылғы қала мерекесіне жауапты Мәдениет бөліміне де, салалық орынбасарлыққа да жаңа басшылар келді.

9 қыркүйек. Түскі сағат 15:00

Жаңа биліктің жаңалығын көрейік деп, қала күні мерекесін тойлауды бастап, көпшілікпен қатыстық. Көргені де, көрмегені де арманда… Жастар күні мерекесінде қала әкімі Шәменовке, қаланың жастары мобилограф сайысын ұйымдастырып, қонақ ретінде аты мәлім режиссер Қыран Талапбекті шақырайық деп датын айтқан болатын. Әкім уәдесін берді. Сөзінде тұрды. «Менің сүйікті қалам» атты республикалық мобилографтар сайысын ұйымдастырды. Бір аптаның ішінде 70-ке жуық қатысушы өз өнерлерін ортаға салып, әлеуметтік желіде бөлісе жарысты. Қазылардың алқасы болған Қыран Талапбек солардың ішіндегі мықты деген үшеуін таңдап алып, қала әкімдігі ұсынған ақшалай сыйлықтарын табыстады. Мерекенің алғашқы күні, 9-шы қыркүйекте таңнан бастап тыным болмады. Бұл күні бірнеше шаралар легі жоспарланып қойған болатын. Солардың ең қызығы Қыран Талапбекпен қала жастарының «Достық үйінде» өткен кездесуі. Тіпті онымен жүздесу үшін ат терлетіп өзге аудандардар, көрші қалалардан келген жанкүйерлері де болды.

– Шыны керек, осыдан 6-7 жыл бұрын біз кәсіп бастағанда, жаңа жобалар бастағанда әкімдіктегілерге «бізге тиіспеңдер, кесірлеріңді тигізбеңдер», – деп өтінетінбіз. Қызылорданың әкімдігіне жастардың үнін еститін басшы келген соң болар қала әкімдігінің бұл жаңалығы өзіме қатты ұнады. Маған түрлі қалалардан сұраныс түсті. Бірақ, бүгінгі күнімді қызылордалықтарға арнауды жөн көрдім. Байқап қарасам, қандай да бір сала болмасын соның басы-қасынан бір қызылордалық табылады. Жаңа таланттарды анықтау үшін арнайы Астанадан осында келдім,-дейді Қыран Талапбек.

Жастармен кездесу барысында өз ішіңдегі қорқынышты жою, арманыңды мақсатқа айналдыру туралы кеңестерімен бөлісіп, кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіді.

«Kyran Films» ұжымы жиналғандарға мобилография саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу соңында мобилографтардың ортақ тобы құрылып, екі жас кәсіпкерлер тарапынан бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс алды. Басты мақсаттың бірі де осы еді. Біріншісі қаладағы мобилографтардың басын біріктіріп, бір-бірімен таныстыру болса, екіншіден талантты жастарға жұмыс тауып беру болатын.

Айта кету керек фестиваль аясында өткен байқауға қатысуға 70-тен аса қатысушыдан 100- ден аса өтінім түсті. Қатысушылардың басым бөлігі Қызылорда қаласынан, Арал, Қармақшы, Жаңақорған, Жалағаш аудандары мен Алматы қаласынан келген жастар болды.

Сондай-ақ, мереке аясында қалалық «Жастар театры» 8-ші маусымын белгілі драматург Жолтай Әлмаштың «Отырардың жасыны» тарихи драмасымен ашып, қала әкімі Асылбек Шаменов спектакльге арнайы қатысты.

Әбу Насыр Әл-Фарабидің жастық шағы суреттелетін тарихи драма аяқталған соң, «Жастар театрының» әртістеріне құрмет ретінде шаһар басшысының ықылас гүлі ұсынылды.

Кешкі 17:00

Қаладағы «Қорқыт Ата» монументінің маңын кең жолдың бәрін жол қауіпсіздік қызметкерлері жауып тастады. Бұрын соңды болмаған жастар карнавалы басталды. Қаладағы барша білім беру орындарының тәлім алушыларынан құралған топ ән мен биін ортаға төгіп, орталық алаңға дейін шерулетіп барды. Қаладағы тоғыз оқу орнынан 500-ге жуық жас өзіндік стильдерімен, мән-мағынасы бар билерімен қала көшелеріне мерекелік рең берді. «Ескі базар» маңынан басталып, жаяулата отыра орталыққа жетті. Біреуінің қолында барабан, енді бірінде үрлемелі және ұлттық аспаптар… Карнавалға жоғарғы деңгейде дайындалғандары жүлделі орынға ие болды.

Мәселен, М.Мәметова атындағы колледж студенттері кіл көк киімді киіп алып, Сырдарияның толқын суын бейнелей мың бұрала биледі. Кейбірі отшашумен көпшілікті тәнті етті. Қалалық спорт бөлмінің оқушылары каратэден бір-екі тәсілін көрсетіп, шетел киносындағыдай ағаштарды аяққолымен сындырып, жұртты таңқалдырды.

Күн батарда шараға келген қала әкімі көппен бірге тұрып, орталықтағы концертті тамашалады. Бұрынғыдай шенділерге арналған қоршау да, жұмсақ орындық та жоқ.

– Құрметті Қызылордалықтар! Баршаңызды келбеті көркем, құлпырған қаламыздың мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Екі ғасырдан астам тарихы бар облыстың бас шаһары бүгінгі күні халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті артқан қаланың біріне айналды. Өткен ғасыр басында ұлт зиялылары еңбек еткен рухани орда Қызылорда қаласының бейнесінде терең саяси-рухани мән жатыр. Бұл тек жарқын заманауи облыс орталығы ғана емес. Бұл біздің астана болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан қаламыз. Құрметті қала жастары, елімізде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде маңызды рөл атқарып келеді. Олардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауға мемлекет тарапынан ерекше мән берілуде. Осы ретте өңір мен қаламызды дамыту бағытында жастарымыздың жаңалығы толағай екенін атап өткен жөн. Қай кезде де тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуы үшін сіздердің идеяларыңыз, жігеріңіз әрдайым керек. Сүйікті қаламыз Қызылорда жасарып жайнай берсін! – деді қала әкімі А.Шәменов.

Шара барысында карнавалда ерекше көзге түскен топтарды құттықтап, артынша қала әкімі А.Шәменов және мереке қонағы Қыран Талапбек жастар фестивалі аясында үздік атанғандарды марапаттады. Үшінші орынды иеленген Ерсұлтан Темірге 100 мың, екінші орын алған Әбілқасым Дарханға 150 мың, бірінші орыннан көрінген Нұртай Болатбекұлына 250 мың теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Мен Бесарық ауылында туып өскенмін. Қазір қалада тұрамын. Менің ойымша, қаланың тұрмыс-тіршілігін көрсеткен соң, қаланың қызу өмірін суреттеген соң бірінші орын алдым деп ойлаймын. Жастар орталығынан мобилографиядан сайыс өтеді дегенді естіп, қатысуға бел будым. Бір күн қалған кезде қатысып, осындай нәтиже шығардық. Жанымда Нұрталап деген жігіт болды. «Травел блог» секілді жанрларды алып, осындай идея ойладық. Жастар орталығының, қала әкімдігінің арқасында өтіп тұрған сайыс. Алдағы уақытта осындай сайыстар көп болса деп ойлаймын,-дейді бірінші орын иегері Нұртай Болатбекұлы.

– 12 тамыз «Халықаралық жастар» күніне байланысты қала әкімімен арнайы кездесу өткізілді. Қаламыздың оң имиджін қалыптастыру мақсатында мобилографтар сайысын ұйымдастырсақ деген ойымыз болды. Қала әкімі дер кезінде қолдады. Аталған сайысты қала күні мерекесі қарсаңында ұйымдастыру қолға алынды. Қыран Талапбекке арнайы ұсыныс бердік. Бұған дейін мобилографтар фестифалі Алматы қаласында өтсе, екінші болып ұйымдастырып отырған осы біздің қала болып табылады. Бұл арқылы қаламыз жайлы позитивті ақпараттың пайда болуын қаладық. Әрі мобилографтардың жұмыс табыуын, қоғамнан өз орнын табуды мақсат еттік.

Ережеге оралар болсақ, бізге фестифальға қатысу үшін хабарласқан жастарды ережемен таныстырдық. Оларға 24 сағат уақыт берілді. Сол арада сайыс мәресіне жетіп, Қыран Талапбек өз ұжымымен келіп, ақылдасып, 100-ге жуық видеоны көрдік. Қыранның өзі видеолардың 70 пайызы бір тектес болды деп айтқан болатын. Сол 100 видеоның арасынан 15 видео ерекшеленді. Он бес видеоның ішінен үздік үшеуін анықтадық. Бірінші және үшінші орынды қызылордалық жігіттер жеңіп алды. Ал екінші орынды аралдық жігіт жеңіп алды.

Алдағы уақытта электрик, аспазшы, тігіншілер секілді қызықты мамандық иелері арасында сайыстар ұйымдастырмақпыз. Үздіктеріне «Самғау» жастар сыйлығын ұсынамыз. Мәселен, аспазшылар байқауында бұған дейін қатысқан 4 қатысушы қаладағы мейрамханаларға аспазшы болып жұмысқа тұрды. Яғни, көрінбей жүрген жастарымызды әрі қарай танытып, жетістікке жеткізсек сол біз үшін үлкен қуаныш,-дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров.

Айта кету керек, қыркүйек айының тоғызы мен қазан айының он бесі аралығында болатын мерекелік шаралардың негізі «Қызылорда – Жастар қаласы» тақырыбында бастау алды. Жастарға арналған түрлі мәдени көпшілік шаралар алдағы уақытта қала халқын қуантпақ.

Д. АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған