“АБАЙҒА” ГАЗ АПАРАДЫ. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылдың өзінде Қазалы қаласы көгілдір отынға қосылып, тұрғындар табиғи газдың игілігін көруде. Енді аудан орталығына жақын орналасқан Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын күндері 3 елді мекеннің халқы табиғи газды тұтынатын болады.

Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бүгінгі күні Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ол үшін аудандық бюджеттен 10,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жобалаушы «Бірлестік» ЖШС Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізетін болады.

Сонымен қатар «Бірлестік» ЖШС демеушілік есебінен «Ақтан батыр ауылының орамішілік газ құбырын салу» жобасын дайындауда. Жобалаушы мекеме тарапынан жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілгеннен кейін құрылысын қаржыландыруға ұсынылатын болады.

БҰЛАҚ АШТЫ. Әйтеке би кентіндегі оңтүстік шығыс аумағындағы тұрғындардың ұйымдастыруымен «Әділетті аудан. Біртұтас жұрт. Берекелі ауыл» тақырыбымен ауқымды шара ұйымдастырылды. Мазмұны мол шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты. Сонымен қатар, шараны жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Ауыл ақсақалы Қарсақбай Әбдірахман да құттықтау сөз сөйлеп, оңтүстік шығыс аумақта тұратын тұрғындардың үндеуін оқып берді. Ол өз үндеуінде «Жеңіс» саябағынан спорт кешенін салу, спорт кешеніне Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін беру, Қ.Сәтбаев көшесіндегі балалар алаңын кеңейту сияқты мәселелердің шешімін тапса деген көпшіліктің тілегін білдірді.

Ал, Жанқожа батыр атындағы мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов дүниеден өткен марқұмдардың рухына құран бағыштады. Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Бұл шараға арнайы келген барлық балалар үшін батуттар қойылып, тәттілер тегін таратылды. Одан бөлек шараға ұлттық киімдер киіп келген балақайларға да сыйлықтар үлестірілді. Сонымен қатар балғын балуандар белдесіп, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер салмағы 30 келі болатын марқа қозыны көтеріп сайысты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ересектер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қой көтеру мен арқан тартыстан жеңімпаз атанғандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шара аясында Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысынан бұлақ ашылды. Игілікті іске аудан әкімі Мұхтар Оразбаев оң болсын айтып, салтанатты түрде бұлақты іске қосты. Алдағы уақытта тұрғындар осы бұлақтың көмегімен гүлдер мен түрлі көшеттер егіп, гүлзар бағын ашуды жоспарлап отыр.

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРДЫ. Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын күшейтуге байланысты мәжіліс өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, шақыру комиссиясының төрағасы Дәурен Тілеумбетов,аудан прокурорының көмекшісі Алмат Алдабергенов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов және бірқатар бөлім басшылары, кент және қала әкімдері қатысты. Ал, ауылдық округ әкімдері бейнебайланыс арқылы қатыстырылды.

Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Саянов хабарлама жасап, күзгі мерзімді әскерге шақыруды ұйымдастыру барысы туралы айтып берді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі бағытында атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі екендігін атап өтті. Сондықтан да мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жұмыстарына немқұрайлы қарамай, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

 МЕЙМАНҒА СЫЙЛЫҚ БЕРДІ. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Германиядан келген логопед, тәжірибелі маман Ренате Гриссермен кездесіп, ойпікір алмасты. Кездесуде Мұхтар Әуесұлы қасиетті Қазалы ауданына келіп, Әйтеке би кентіндегі «Рауан» инклюзивті білім беру орталығында өзінің тәжірибесімен бөлісіп жатқан логопедке ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Ренате Гриссер логопедия саласындағы тәжірибесімен бөлісе отырып, мүмкіндігі шектеулі балалардың бойында кездесетін ерекшеліктерді, мінез-құлқындағы өзгерістерді атап өтіп, балалармен түзету жұмыстарын жүргізудің тиімді жолдарына да тоқталып өтті.

Ал, «Рауан» инклюзивті білім беру орталығының директоры Қуанышкүл Дәулетиярқызы шетелдік тәжірибелі маманның орталық қызметкерлеріне жаңа әдістемелерді үйретуде көп көмек тигізіп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шетелдік мейманға қасиетті Қазалы жерінен естелік болсын деп сыйлықтар тарту етті.

Германиядан келген логопед Ренате Гриссер«Рауан» инклюзивті білім беру орталығының қызметкерлеріне логопедия саласындағы жаңа әлемдік әдістемелерді үйретіп, сөйлеу тілін түзетуге арналған білімдерін жетілдіруде.

САПАЛЫ БОЛУЫН ТАПСЫРДЫ. Ауданда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бюджеттен бөлінген қаржыға жолдар асфальттанып, көпір салынуда. Сондай-ақ, тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, елді мекендер газдандырылуда. Әрбір құрылыс жұмыстарының сапасы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрақты бақылауында. Мұхтар Әуесұлы әр күн сайын сала басшыларымен бірге әрбір нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауда.

Мәселен Әйтеке би кентіндегі автоматтандырылған электрондық емтихан алаңы мен Ерімбет Көлдейбекұлы көшесінің бойындағы абаттандыру жұмыстарын және Басықара елді мекеніне кіре беріс жолдағы көпір құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Басықара ауылының арасындағы жолға орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда «СтройМодульАстана» ЖШС екі елді мекен арасындағыжолдың 11 шақырымнан астамын асфальттап үлгерген. Мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері жолды бекітілген кестеге сәйкес аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.

Құрылыс барысын көрген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әрбір нысандағы жұмыс сапалы, әрі мерзімінде тапсырылу қажеттігін айтты. Құрылыс жұмыс­тары бекітілген кестеге сәйкес жүруі үшін бюджеттен қаржы бөлініп отырғанын жеткізді.

– Халықтың игілігі үшін салынып жатқан нысандар сапалы әрі мерзімінде тапсырылуы қажет. Себебі біз халыққа ең бірінші кезекте керек болған соң қажетті қаражат бөліну үшін көп іздендік. Тиісті орындарға дәлелдеп, қаржы бөлдіру үшін көп еңбектендік. Енді қаржы бөлінген соң ол жұмыстар сапалы жүргізіліп, бекітілген кестеге сәйкес пайдалануға берілу керек. Сол үшін де ең бірінші кезекте жұмыстың сапалы болуын талап етеміз, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс нысандарын аралау барысында тиісті сала басшыларына жұмыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырып, күнделікті бақылау қажеттігін айтты.

АУЫЛДАР АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛ АСФАЛЬТТАЛДЫ. Қазалыда аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу бағытында 7 жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір Бекарыстан би мен Майдакөл ауылдарының арасындағы жол асфальтталды. Мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС автомобиль жолына су көздері жақын болғандықтан негізгі жол қабатын күшейтіп, 7,3 шақырымға асфальтобетон қабатын толықтай төседі.

Ендігі кезекте мердігер мекеме жол жиегін бекітіп, жол белгілерін орнату және жолақтарды сызу жұмыстарын атқаратын болады. Айта кетейік, бұған дейін аудандық маңыздағы Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерінің арасындағы 12,3 шақырым жол асфальтталған болатын.

Қазіргі таңда Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы, Майдакөл мен Ү.Түктібаев елді мекендерінің арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ТАРТАДЫ. Бүгінгі күні Қазалы ауданындағы өзекті мәселелердің бірі тұрғын үй салу үшін берілетін жер екені жасырын емес. Бір ғана Әйтеке би кентінің өзінде қаншама тұрғын кезекте тұр. Бұл мәселе аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың назарынан түскен емес. Осыған орай биыл кезектілікті азайту мақсатында аудан орталығынан 600 гектар жерге инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазір аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда 3 700 тұрғынға жер учаскесі табысталады.

ЖАРЫҚШАМДАР ОРНАТЫЛУДА. Қазалы қаласындағы көшелерге жарықшамдар орнатылуда. Қазіргі таңда «Гемакасес» ЖШС тарапынан Ш.Уәлиханов, Бекатай би, А.Құнанбаев, Қ.Өтепбергенов, Қ.Рысқұлбеков, Б.Қосаев, С.Толыбеков, Б.Момышұлы, Е.Бөлекбаев және Қазалы көшелеріне жарықшамдар орнатылды. Ендігі кезекте мердігер мекеме трансформатор қондырғыларын орнатып, электр желілеріне қосады. Сонымен қатар мердігер мекеме тарапынан Аманкелді батыр, Жангелдин, Бұлақбаев, Бәкішев және Хегай Гер Сек көшелеріне қосымша жарықшам орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі материалдары бойынша

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған