Қыркүйектің 17-сі. Түнгі сағат 3-тің шамасы
Қаладағы «Сыр Ана» монументінің маңы азынаған жел. Күн де суып шыға келді. Бұл уақытта монумент маңына бір топ адамдар келіп жайғасты. «Абай Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылмақ «40 қазан палау» сайысының қатысушылары кекпірлерін арқалап, түгел жиналды. Ет алынып, жіліктеп бөлінді. Жарты тонна пияз әкелініп, жүздеген литр май монумент төріне жеткізілді. Қазандардың асты жағылып, еті бүлкілдеп қайнап қалған уақыты еді. Сол кезде тілшілер де келіп, сайысқа дайындық барысын таспалап жүрді.
Сайыстың басты қонағы ел арасында «Макс Плов» атымен танымал кәсіпкер, аспазшы, әртіс жігіт. Алматыдан келіп, сайысқа қатысуға ниет білдірді. Алматыдан басқа көршілес сонау Өзбекстаннан да келген қатысушылар болды. Таң ата күннің нұры жер бетіне құйыла қайнаған қазандағы ет те пісіп, күріш салатын уақыт келді. Күріштің барлығы өзіміздің жергілікті сорттан, «Абай Дәулет» ЖШС-нің өнімдерінен болды. Бұл жолғы палау әдеттегідей емес, бұқтырылып пісті.
Қыркүйектің 17-сі. Сағат 10:00
Ауылдардың тартуы
Сол уақытта қалаға қарасты ауылдық округтерден де ұйымдастырушылар келіп, шараға қамдана бастады. Мәселен, Талсуат ауылдық округінің тұрғыны күрішшілер сайысына қатысты. Одан бөлек, Талсуаттан пәлен мың түйір бауырсақ, ондаған литр бал әкелінді. Ал Ақсуат ауылдық округі өздерінің әжелер ансамблімен және қымыз, шұбат, айран, құрт, ірімшік сынды ұлттық тағамдарын арқалай келді. Қосшыңырау ауылдық округі болса қазақтың киіз үйінен көрме қойды. Абай мәдениет Үйі жанынан құрылған «Ақниет» әжелер ансамблі халық әндерінен папури айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар шарада әжелер диірмен тартып, келі түйіп, салт-дәстүрімізді дәріптеді. Осылайша әр ауыл өздерінің үлесін қосып, шараны жоғарғы деңгейде ұйымдастыруға атсалысты.
Әкімдіктің ресми хабарландыруында түскі сағат 11- де басталатын шараға қалың көпшілік сағат тоғызға жетпей келіп алды. Қырық қазанның өзі екі қатарға жиырма жиырмадан бөлініп, артынша ұзын үстелдер қойылып, қалалықтарға жағдай жасалды. Жергілікті өнімдердің жәрмеңкесі де болды. Қаладағы білім ордалары жанынан құрылған театрдың жас әртістері өз өнерлерімен шараны бастады.
Сағат оннан өте қала әкімі «Сыр Ана» монументінің жанында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевты тосып тұрды.
Қалаға қарасты ауылдық округ әкімдері өз ауылдарынан тартуларын қадағалап, реттеп жүрді. Суретке түсуге де, тамақтануға да, ұлттық ойын ойнауға да жағдай жасалды. Шара барысында Қымыз-Шұбат, Бауырсақ, Қауын-Қарбыз фест өткізілді. Көпшілік ауылдың өнімінен дәм татып, ендігі қырық қазанның қақпағы ашылар уақытты тосты. Бұны үстел маңына жайғасқан тұрғындардан-ақ байқауға болатын еді.
Сонау мешіттің маңынан бастап, Сырдария өзенінің жағалауындағы ұзын жолдың бойы көлікке, ал «Сыр Ана» монументі халыққа толы болды. Бейресми деректер бойынша шараға 10 мың адам қатысқан. Ел ағалары «Сыр Ана» төрінде. Әне-міне дегенше аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы да шара төріне келіп, ауылдықтардың түрлі бағытта ұйымдастырылған өнерлерін тамашалады. Қолөнер бұйымдарына, азпаздық өнерлеріне оң бағасын бере, ортаға шығып, Сыр халқына ізгі тілегін жеткізді.
– Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды, әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады.
Бүгін, міне, Өздеріңізбен бірге аймақтағы «Сыр Ана» монументі алаңында есте қалар ерекше бір шарада бас қосып отырмыз. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді Н.Нәлібаев.
Қала күні мерекесіне Елорда төрінен келген ел ағалары да болды. Оның ішінде айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, қала әкімі, зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға алған кезде күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқаншылар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші – байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын. Мұрат пен Марат Сәрсенбаев бауырларымыз үлкен шара өткізуде. Қазақта қазанның оты өшпесін деген бата тілектер бар. Сол тілекті Сыр халқына да тілегім келеді, -деді Аманжол Әлтаев.
Ал сіз палау жедіңіз бе?
Шараның қадірлі қонақтарының ізгі тілектерінен кейін қырық қазанның қақпағы ашылып, палау жұртшылыққа үйлестіріліп берілді. Ақ пакет пенен көп пакет арқалаған жұрт арасында ине шаншыр орын болмады. Бұл шарадан келуші қонақтардың көбі палау арқалап қайтты десек артық болмас. Қазан қақпағы ашыла, бірер минуттан соң көпшілік жаяулатып үйлеріне қайтты. Көшеде көлік жүрер орын болмаған соң болар, жаяулар жолы тұрғындарға толып, жүрудің өзі қиындап кетті. Ұйымдастырушылар шараны әзірлейміз деп монумент маңында түнегенін ешкім біле бермес.
– Қалалықтар риза. Бізге осындай шара көптен жетіспей жүр еді. Барлығы жоғарғы деңгейде өтуде,- дейді қала тұрғындары.
Ұйымдастырушылардың айтуынша сайысқа қатысуға 310 аспаз өтініш беріпті. Солардың ішінен 40 аспаз іріктеліп алынған. «Абай-Дәулет» компаниясының қолдауымен өтіп жатқан жарыс жеңімпазына 150 мың теңге мен марапат табысталады. Көпшіліктің сезгеніндей, жорамалдағанындай бірінші орынды Алматыдан келген «Макс Плов» орталығы иеленді. Мерекеге қонақ болып қазақ ән өнерінің жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова мен Жігер Ауыпбаев келіп, ән шырқады.
– Қызылорда халқын қала күнімен құттықтаймыз. Сыр елі – Жыр елі аман болсын. Қызылорда өзі берекесі шалқыған өңір ғой. Берекесі арта берсін. Қаладан елдің атын әлемге шығарар салиқалы ұрпақтар көптеп шықсын. Біз де мерекеге орай қалалықтарды құттықтауға келдік,-дейді әнші Жігер Ауыпбаев.
Шара барысында жергілікті қолөнер бұйымдары жәрмеңкесінде ою өрнекті жастық көрпелер, жергілікті тағамдар сатылымға шығарылды. Балалар бүркітпен суретке түсіп, ер тоқымға мініп, садақ атудан сайыстар болды.
Осылайша, көпшіліктің аузында Головкиннің «боиы» мен Қызылорданың тойы қатар болған шара өз мәресіне жетті.
17 қыркүйек. Кешкі сағат 18:30
Суретшілер жиналды
Кешқұрым орталық алаңдағы Арбат бойында «Қызылорда менің көзіммен» атты фотосушка көрмесі өтті. Кәдуілгі кір жаятын жіппен кір қыстырғышты алып, Арбат бойына өз суреттерін ілген жергілікті фотогерлер көп болды. Арасында есімі көпке белгілі Нұрболат Нұржаубай, Қайрат Шалтақбаев, Бахтияр Әлмұсаев сынды белді мамандар болды. Шара барысында үздік деп танылған фотосурет авторлары әкімдік тарапынан Алғыс хаттар мен бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Дамир АМАНГЕЛДІ