Түркия елінде болған қайғылы жағдай бүкіл әлем жұртын алаңдатып отырғаны рас. Күн санап саны артқан ажал құшқандар мен құлдыраған ғимараттардың көрінісі жүректі ауыртады. Зілзаланың зардабын тартқандарға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Ресми деректер бойынша, жойқын апаттан көз жұмғандар саны 30 мыңға жуықтады. Бұған дейін Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 10 қаланың зардап шеккенін айтты. Олардың қатарында: Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар. Аталған аймақтарда кем дегенде 1710 ғимарат қираған немесе зақымданған.

Елге көмек ретінде әлемнің 70 елінен құтқарушылар мен дәрігерлер жұмылдырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік шығысында жер сілкінісі салдарынан жүздеген адамның қаза табуына байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді айтып, көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Айта кетелік, Қазақстан Төтенше жағдайлар қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 7 адамды үйіндіден алып шыққан.

«Қоқыс пен көмекті ажырата алмадыңыз ба?» Әлеуметтік желіде Еуропа және АҚШ азаматтарынан Түркияға жіберілген киімдер қызу талқыға түсуде. Түркиядағы еріктілердің жариялаған бейнежазбасына сүйенсек, жіберілген көмек арасында биікөкше аяқкиімдер мен ашық-шашық сәнді көйлектер табылған. Бұл әрекетті сынағандар да, шүкіршілік етуді сұрағандар да табылды. Еріктілердің айтуынша, бұл басқа түскен қиындықты келеке қылу.

Өкінішке орай, қаза тапқандар арасында жерлестеріміз де бар. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 7 ақпанда министрліктің жедел желісіне 4 дос жер сілкінісінен кейін байланысқа шықпай қалғаны туралы қоңырау түскен. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова аман табылып, қолына ота жасалса, Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денелері үйінділердің астынан табылып, марқұмдардың мәйіттері елге жеткізілді. Ал 10-ақпанда Кахранмараш қаласында құтқару-іздестіру жұмыстары барысында әйелдің денесі табылған. Алматыдан келген туыстары оны Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекова деп таныды. Мемлекет барлық шығындарды өз мойнына алды.

Сондай-ақ, Түркияның кейбір аудандарында құтқарушылар іздестіру жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені хабарланды. Бұған себеп, ел тұрғындары ұрлық пен тонауға баруында болуы мүмкін. Елдегі сабырсыздықты пайдаланып, қылмысқа барып жатқандар да бар. Хатай провинциясындағы ғимараттарды тонады деген күдікпен 40 адам қамауға алынды. Күдіктілерден 11 мың доллар, 70 мың түрік лирасы, 20 ұялы телефон, сегіз ноутбук, бес тұрмыстық техника, алты тапанша мен үш мылтық, зергерлік бұйымдар және банк карталары тәркіленді. Морадерлер дүкендерге, босаған пәтерлерге кіріп, тамақ, техника мен жиһаздарды ұрлаған. Олар, тіпті, көмекке барған еріктілерді түксіз қалдырған. Гуманитарлық көмек тиелген фуралардың жолын жауып, зардап шеккендерге жіберілген көмектің бәрін жымқырған. Бейресми деректерге сүйенсек, олардың арасында сириялықтар да бар. 50-ге жуық адам ұрлық-тонау бабы бойынша ұсталып, 100-ден астам күдіктіге қаулы шыққан..

Қазақстанда сейсмикалық қауіпі жоғары аймақ Алматы екені белгілі. Алматы жыл санап өсіп келеді. Соңғы уақытта туристер саны да артқан. Қазақстанның ең ірі қаласы зілзалаға дайын ба деген сұрақтың туындауы да-заңдылық. Біз де түрік ағайындардың күнін кешпейміз бе?

Мұхаммедшах КАЮП

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған