Қызылордада жастардың инновациялық әлеуетін арттырып, IT саласын дамытуға бағытталған ауқымды шара – «INNOFEST Qyzylorda – 2026» инновациялар сайысы ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте мәлім болды.
Биылғы республикалық деңгейде өтетін маңызды шараның ерекшеліктері мен алдағы жоспарлар туралы Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сабит Ибадуллаұлы кеңінен баяндады.
“Президентіміздің 2026 жылды “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жариялағаны белгілі. Осы бағытта облыс әкімінің қолдауымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан INNOFEST фестивалі бұл жолы республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Биылғы негізгі басымдық – жасанды интеллект технологияларына беріледі. Қатысушылар AI Software, AI Hardware және AI Media бағыттары бойынша бақ сынап, 24 сағат ішінде өз идеяларын нақты прототипке айналдырып, сарапшылар алдында қорғайды. Жалпы жүлде қоры – 6 миллион теңге. Бұдан бөлек, жеңімпаздарға жоғары оқу орындарының гранттары қарастырылған. Басты мақсатымыз – тек жарыс өткізу емес, ауыл жастарын да қамти отырып, талантты жастардың өз жобаларын іске асыруына нақты жағдай жасау”, – деді Сабит Ибадуллаұлы.
Айта кетейік, бұған дейінгі фестивальдерге 5 мыңға жуық жас қатысып, өз жобаларын ұсынған. Ал биыл желтоқсанның 4–5 күндері Өнер орталығында өтетін сайыс қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер жол ашып, аймақтың IT-экожүйесін дамытуға тың серпін бермек.
«INNOFEST Qyzylorda – 2026» өңірдегі жас өнертапқыштар мен бағдарламашылардың басын қосып, озық идеяларды жүзеге асыратын бірегей диалог алаңы. Заманауи технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған бұл бастама аймақтың цифрлық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ.
Егер бойыңызда инновациялық идея мен жаңашыл көзқарас болса, бұл өз мүмкіндігіңізді дәлелдеп, креативті жобаңызды нақты өнімге айналдыруға арналған таптырмас мүмкіндік.
Өңірлік коммуникациялар қызметі