Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) әзірлеген 2026 жылғы саяхат және туризмді дамыту индексінде 110 елдің ішінде 56-орынға ие болды. Ел 7 балдың ішінен 4,09 балл жинады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Саяхат және туризмді дамыту индексі (Travel & Tourism Development Index, TTDI) елге келетін туристердің санын немесе туризм саласынан түсетін табысты емес, елде бәсекеге қабілетті әрі тұрақты туризмді дамыту үшін жасалған жағдайларды бағалайды.

Рейтингті жасау барысында 17 бағытқа топтастырылған 102 көрсеткіш ескеріледі. Олардың қатарында көлік қолжетімділігі, инфрақұрылым сапасы, туризм саласындағы мемлекеттік саясат, инвестициялық тартымдылық, табиғи және мәдени ресурстар, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық бар.

Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан 4,09 балл жинап, әлемдік рейтингте 56-орынға тұрақтап, бірінші орынға шықты.

Өңірде екінші орынды Өзбекстан иеленді. Ол 3,69 балл жинап, әлемдік рейтингте 76-орынға орналасты.

Қырғызстан 3,44 баллмен 93-орынға тұрақтады. Тәжікстан мен Түрікменстан зерттеуге енгізілмеген.

Әлемдік рейтингте 5,27 балл жинаған Жапония көш бастады. Екінші орында АҚШ (5,23), үшінші орында Испания (5,22) тұр. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Австралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария және Италия енді.

Рейтингтің төменгі сатысында Мали, Сьерра-Леоне және Камерун мемлекеттері орналасты.

Бұған дейін Қазақстан халық пен бизнес үшін мүмкіндіктері жоғары елдердің топ-50 қатарына енген болатын.

Сонымен қатар ел әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің топ-35 тізімінен орын алды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған