Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева енгізілген цифрлық құралдардың арқасында үш жыл ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе құқықтары бұзылған 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған барлық қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылданып, инфрақұрылым мен институционалдық жүйе құрылды.
Атап айтқанда, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар мен психологиялық қолдау орталықтары ашылып, балалардың құқықтарын қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Сонымен қатар 160 отбасын қолдау орталығы ашылып, олардың жұмысына FSM Social жүйесі енгізілді. 111 мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Барлық мектепте әрбір баланың балалардың құқықтарын қорғау қызметтеріне тікелей жүгінуіне мүмкіндік беретін QR111 жүйесі енгізілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында тәуекелдерді диагностикалауға және әрбір балаға көрсетілетін көмекті бақылауға арналған «Balazhan» платформасы енгізілді.
Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны әртүрлі баптар бойынша азайды. Жекелеген баптар бойынша төмендеу көрсеткіші 54%-ға жетті.