• Жансейіт елді мекеніне 100 орындық мектеп, кенттегі №252 мектепке 375 орындық бастауыш сынып оқитын қосымша құрылыс салудың бюджеттік өтінімдері салалық министрлікке ұсынылды.

• Бұған қоса 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспарлануда. Жоба құны – 1 млрд. 113 млн. теңге. Қазір салалық министрліктермен жұмыс жүргізілуде.

• Жаңа 200 орындық лагерьдің орны белгіленді, ол Бәйгеқұм ауылындағы көл жағалауынан 6 гектар жерге салынбақ. Жоба-сметалық құжат әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 32 млн. теңге қажет.

• Мұнан бөлек, күрделі жөнделуі тиіс 6 мектептің құжаты демеушілер есебінен әзірленген, сараптамадан өткізу үшін 13 млн. теңге облыстық бюджеттен сұралды.

• Газ жүргізілген елді мекендердегі 9 мектеп пен 6 балабақшаның бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыруға демеушілікпен құжат дайындалуда. Нысандар газға қосылса, жылына 54 млн. теңгеге дейін бюджет қаржысы үнемделеді.

• Биыл Тартоғай, Ә.Тәжібаев, Бестам, Алмалы, Ортақшыл ауылдарында амбулато[1]рия құрылысын бастау жоспарлануда. Ауданаралық аурухананы МРТ құрылғысын орнататын қосымша блокпен толықтырып, қайта жаңғыртудың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Болжамды құны 332 млн. теңгені құрайды.

• 1974 жылы салынған жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратын көшіру мәселесі туындауда. Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының жоба-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Эскиздік жобаны құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бекіткен.

• Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 6 млн. 200 мың теңге бөлініп, Шиелі кентіндегі «Базар арығы» каналын күрделі жөндеуді аяқтауға сараптама қорытындысы шыққан. Каналдың ұзындығы 8400 метр, 2016 жылы 2886 метріне темір-бетонды науа (лоток) салынған. Мұнан бөлек, 62 тік дренажды ұңғыманың бірінші кезекте іске қосуды қажет ететін 24-іне жоба-сметалық құжат дайындап, қаржыландыру ұсынылды.

• Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне былтыр 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда, аудан орталығының электр желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады.

• Кенттің электр желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңін жүзеге асыру үшін демеушілікпен жоба-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Екі кезең толық біткенде 38 мың тұрғын электр энергиясын үздіксіз тұтынады. Сонымен қатар, қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн. теңге бөлінді.

 • Мұнан бөлек, 9 елді мекеннің (Алмалы, Бестам, Ақмая, Байсын, Тұрсынбай датқа, Бәйгеқұм, Жөлек, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев) электр желілерін жөндеуге демеушілер көмегімен жоба-сметалық құжат әзірленген. Сараптамадан өткізілген жобаға қаржы керек.

Әкім бағасы:

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

– Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді сараласақ, Шиелі ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 47,9 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаражаты 99,8 % игеріліп, Шиелі аудандар бөлінісінде 3-ші орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 4,5 млрд. теңге болса, 2023 жылы 5,4 млрд. теңгеге өскен. Бұған дейін атқарылған жұмыстарды әрі қарай да жүйелі жалғастыру керек.

Аудан қаржысы:

Шиелі ауданының бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 14 млрд. 977 млн. теңге болып бекітілді. Өз кірістері – 4 млрд. 229 млн., субвенция – 4 млрд. 263 млн., трансферттер – 5 млрд. 635 млн., кредиттер – 850 млн. теңге. Барлық кірістерінің 28,2 пайызын өз кірістері, 29 пайызын субвенция, 37,6 пайызын трансферттер, 5,2 пайызын несиелер құрайды.

Облыс әкімі тапсырмасы:

Қарғалы, Қоғалы ауылдық округтері тұрғындарының кентке қатынауының біраз жылдан бері шешімі табылмай келеді. Қалқымалы көпірдің қыс мезгіліндегі жай-күйіне байланысты жолаушылар айналма жолмен жүруге мәжбүр. Аудан әкіміне аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, тиісті шара қабылдау тапсырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған