Президенттік жастар кадр резервінің форумы болып өтті. Форумға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды деген Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды.

• Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі.

• Билік өкілдері әрдайым халықпен бірге, яғни азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек.

• Мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы сезіледі.

Бұл ретте еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек. Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет.

• Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажет.

Әрине жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет.

• Ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың мәні зор.

Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн.

• Жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру керек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отыр. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырамын.

Жалпы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді.

• Мемлекеттік қызметті неғұрлым озық салаға айналдыру қажет.

Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметші еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет.

• Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған