Конституция – елдің басты құжаты

Конституция – қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың құрылуы мен қызметінің тәртібін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің Негізгі Заңы.

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық дауыс беру (референдум) нәтижесінде қабылданған ҚР-ның қазіргі қолданыстағы Конституциясы – әрбір қазақстандықтың өміріндегі айтулы әрі маңызды оқиға. Бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.

Негізгі Заң жиынтығы біздің өмірімізді, мемлекеттің ұмтылыстары мен мақсаттарын анықтайды, азаматтар мен билік арасындағы қатынастарды реттейді және барлық адамдар үшін ең басты Заң болып табылады. Ол азаматтардың өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, меншік құқығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпия, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау және басқалары сияқты негізгі құқықтарын көрсетті  Осыған сәйкес, қоғамда әрбір азамат өз құқықтарын біліп, заңды құрметтеуге міндетті.

Конституция Қазақстанды демократиялық, құқықтық мемлекет деп жариялады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қорғау сотқа тиесілі, сондықтан сот жүйесінің негізгі міндеті адамның конституциялық құқықтарын барынша қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған сәйкес, Конституцияның қабылдануымен бірыңғай сот жүйесі құрылды, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шешімдер қабылданды. «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заң қабылданып, оның негізгі міндеті Қазақстандағы сот реформасын жетілдіру болды. Сол себепті де, Қазақстан Республикасының Конституциясы сот билігін мемлекеттің аса маңызды функциясы – сот төрелігін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік биліктің дербес тармақтарының бірі ретінде айқындады. Ал, сот төрелігін тек соттың жүзеге асыру принципі – заңдылықтың, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басты кепілі. Яғни, Негізгі Заңда Республиканың барлық соттары мен судьялары үшін барлық сот істерін қарау кезінде ортақ және бірыңғай болып табылатын сот төрелігінің қағидаттары тікелей анықталған.

Конституция – Қазақстан Республикасының сот жүйесі үшін ғана емес, оның барлық азаматтары үшін айрықша маңызға ие, себебі ол – елдің басты құжаты.

Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған