Тұрғындар ұсынысын әкімдер орындай алады ма? (Сырдария, Жалағаш)

Сырдария ауданы

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Шаған ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Жиналған жұртшылық кездесу барысында аудан әкіміне ауылдағы түйткілді мәселелер бойынша, нақтырақ айтсақ көше жөндеу, жарық мәселесі, ауыз су, аяқ су, аурухана мәселелері төңірегінде талап-тілектерін білдірді.

Ұсыныс: – Аяқ су мәселесі жыл сайын күрделеніп, су азайып келеді. Негізгі дақыл күріш мол суды қажет етеді. Осыған кәсіп түрін әртараптандыруға ұсыныс берілді.

 Аудан әкімі: Кәсіпті әртараптандыру үшін қолайлы орта болуы керек. Негізгі кәсібін басқаға ауыстыру өте үлкен тәуекелді қажет етеді. Дегенмен ауданның әлеуеті мол. Қазір суды үнемдеп пайдалану бойынша, яғни, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, арнайы су насостарын пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз. Кәсіп иелеріне ауылшаруашылығын әртараптандыруға ұсыныстар тұрақты беріліп келеді. Сонымен қатар қалаға жақын орналасқан аудан болғандықтан азық-түлік белдеуін қалыптастыратын аудан болуға жұмыстар жасалуда.

Ұсыныс: – Өндіруші кәсіпкерлерді қатыстыра отырып ауданнан шығатын өнімдердің көрмесін өткізу.

 Аудан әкімі: Өте жақсы ұсыныс. Бұл ауданның әлеуетін және де бағыт-бағдарын қалыптастырып алуға өте қолайлы шара. Биылғы жылдың қыркүйек айында аудан көлемінде және сыртта қызмет жасаушы кәсіп иелерін қатыстыра отырып кәсіпкерлік көрмесін өткізуі аудандық ауылшаруашылығы бөліміне тапсырамын.

Ұсыныс: – Жалпы жол жағдайы туралы. Жолдар салынып, көшелер жөнделуде. Кей жағдайда сапасыз болады. Қабылдау кезінде сапаға мән берілсе.

Аудан әкімі: Жолдардың сапасына қоғамдық қабылдау жасай аласыздар. Аудандық қоғамдық кеңес және жергілікті жерлердегі қоғамдастық жиындарының мүшелерінен бақылауды жүргізу ұйымдастырылады.

Ұсыныс: – Кент тұрғындарынан тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға арналған 7,8 разьезден бақшалық жерлер ашылса.

Аудан әкімі: Бұл ұсынысты қолдау керек. Егін егемін деген осындай отбасылардың нақты тізімін қоғамдастық кеңес мүшелерімен брлесіп даярлап ұсынылса, сол тізімге сәйкес арнайы бақшалық жер ашылады.

Ергешбаев жабық жерді жақтырмайды?

Ұсыныс: – Толық емес отбасы ретінде 2007 жылы тұрғын үй кезегіне 24-ші болып тұрғанмын. Бүгінгі күнге әлі жылжымай, 24-ші болып тұр. Не себепті кезегім жылжымайды?

Аудан әкімі: Жиналыстан кейін тұрғын үй кезегін зерделеп, анықтауды аудан әкімінің аппаратының басшысы Р. Шайхиевке тапсырамын.

Зерделеу қорытындысы: Сұрақ қоюшы азаматша тұрғын үй кезегіне 2007 жылы емес, 2014 жылдың 27 тамызында тіркелген. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 2015 жылғы 21 наурыздағы №22 санындағы тізімге сәйкес 119-шы болса, 2017 жылғы 22 сәуірдегі аталған газеттің №30 санындағы тізімде 112-ші болып тіркелген. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 24-ші болып тіркеуде. Заң талаптарында көзделгендей кезектілікке сәйкес тұрғын үй берілетіндігі түсіндірілді. А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғындарымен кездесуде «А.Тоқмағамбетов ауылын газдандыруды жүргізу жобасына өтінім жолданды. Қазіргі таңда сараптамадан өткізілуде. Сараптама қорытындысы шығысымен ары қарай тиісті жұмыстар жүргізілетін болады»,-деп атап өтті аудан басшысы.

Тұрғындар аяқсу, жол мәселесі және де төрт түліктеріне азық болар шөп мәселесін көтерді. Биылғы жылы шаруашылықтардың егіс көлемі азайғандықтан шөп мәселесінде қиындықтар туындаған. Аудан басшысы «бұл шешілетін мәселе. Көршілес ауылдардың барлық шаруашылықтарында шөп бар. Шөпті осы ауылға қолжетімді бағада сатуды ұйымдастыруды» сала басшыларына тапсырды. Ал аяқ су мәселесіне келгенде, ауылды айналып өтетін жанама каналды тазарту үшін, құжаттандыру мәселесін тез арада шешуді ауыл әкімдігіне жүктеді.

Қалжан Ахун ауылында жасалған жұмыстарды баяндап, алдағы күндері атқарылатын істерді пысықтады.

 – «Қалжан Ахун ауылы іргелі ауылдардың бірі. Шаруашылығы жолға қойылған, бірлігі артқан, азаматтары республикаға белгілі ауыл. Бұл ауылдың мәселелерімен жіті таныспыз. Арнайы ауыл әкімі, ауылдық қауымдастық кеңес, тиісті сала басшыларымен барлық мәселе айтылып жүр. Басты көшелеріңіз Қайқы батыр атындағы көшені жөндеуге ұсыныс түсті. Келер жылдың жобасына ұсынудамыз. Басқа да мәселелер кезеңімен шешілетін болады, – деді аудан әкімі М.Ергешбаев.

Шіркейлі ауылында тұрғындардың кәсіп ашуға және мемлекеттік бағдарламаларды білу туралы ұсыныстары көп болды. Тиісті сала мамандарымен түсіндірмелер берілді.

 – Биылғы жылдың 1 шілдесіне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2533 бірлікті құраса, жұмыс жасап тұрғаны 2386, белсенділік көрсеткіші 94,5 пайыз. Сонымен қатар жыл аяғына дейін несиелендіруді қажет ететін құны 1,2 млрд.теңгені құрайтын 237 жобаның тізімі жасақталып, тиісті қаржы ұйымдарына ұсынылуда. Бұл жұмыстарға Шіркейлі ауылының кәсіпкерлері қатысуда. Дегенмен, ауыл әкімі әрбір кәсіп ашамын деген ауыл азаматын сүйемелдеп, барлық мүмкіндіктерді қарастырып, тиісті мемлекеттік қолдауларды түсіндіру керек. Әрбір кәсіпкер бұл өзін-өзі қамтыған, жұмыссыздық деңгейін төмендетін адам. Ол экономикамызға елеулі үлес қосады,-деді аудан басшысы.

Қоғалыкөл ауылдық округінің тұрғындары жайылымдық жерлер, ауыл айналасындағы көлдер, жер мәселесі, ойын алаңдары секілді сауалдарын жолдады. Бүгінде Қоғалыкөл ауылында 58,1 млн.теңге көлемінде Тілеу ұста және Сәтбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «ҚызылордаҚоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолы 146,5 млн.теңге қаржыға жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта жөндеуді қажет ететін көшелерге назар аударуды ұсынды.

Жалағаш ауданы

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жаңадария ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Есет батыр атындағы мәдениет Үйінде өткен кездесуде ауыл тұрғындары электр желілерінің жөнделуін, көшелердің асфальтталуын, жеке шағын қожалықтарды біріктірсе деген ұсыныс-пікірлер білдірді.

Асқарбек Темірбекұлы тұрғын үй секторының электр желілерін қайта жаңғырту үшін демеушілердің көмегімен жобалау сметалық құжат дайындалып, республикалық бюджет арқылы шешілетінін, 5 көшеге жобалау сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға ұсынылғанын атап өтті.

Есжанов ел батасымен көтеріледі?

Еңбек ауылдық округіне барып, ауыл халқымен кездесті. Жүздесу барысында газдандыру, жайылымдық жер, көше жарықтандыру мәселесін назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.

 – «Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға қажетті кез-келген мәселені саралап, алдағы уақытта оңды шешім шығарамыз. Алдағы уақытта газдандыру, 3 көшені жөндеу, жарықтандыру мәселесін қолға алып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге жұмыс істейміз», – деді аудан әкімі кездесуде.

 Аудан басшысы Асқарбек Есжанов Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл ауылдарының да тұрғындарымен кездесті.

Аққырлықтар клуб салу, жарықтандыру, ішкі жол мәселесі, жұмыссыздық, жедел жәрдем көлігінің жаңаруы, аяқ су, амбулаторияға тұрақты дәрігер келсе деген ұсыныспікір білдірсе, жаңаталаптықтар жер мәселесі, аяқ су, интернет желісі, ауылдық клуб туралы мәселе көтеріп, шешімін табуға ықпал жасауды сұрады. Ал Т.Жүргенов ауылының тұрғындары жайылымдық жер туралы мәселе қозғады.

 Кездесуде аудан басшысы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық Аққыр ауылын тіректі елді мекендер қатарына енгізуге жұмыс істеліп жатқанын,Мақпалкөл ауылдық округінде ішкі көшелер жөндеуден өтетінін, Жаңаталап ауылына клуб салуға келесі жылы жобалаусметалық құжат әзірленетінін айтты.

 Мәдениет ауылының тұрғындарымен кездесуде тұрғындар ішкі көшелерді жөндеу, аяқ су, жер мәселесі, ауылдық мәдениет Үйінің атын өзгерту, жайылымдық жер, ауылдан музей ашу туралы ұсыныстар айтса, Мырзабай ахун ауылында жер мәселесі, ауыз суға қатысты сауалдар жолдады. Айта кету керек, Мырзабай ахун ауылындағылар үшін қуанышты жаңалық ауылда амбулатория мәселесі оң шешімін таппақ. Ал “Бұқарбай батырда” ауылдағы 3 көшеге жөндеу жүргізіліп, 16 көше жарықтандырылады. Айта кетерлігі, Бұқарбай батыр ауылына кіре берістегі жол асфальтталып, жөндеуден өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта шаруашылықтың демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы салынбақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған