Жыл сайын 23 маусымда елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және заң үстемдігін нығайту жолында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл күн 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстанның алғашқы «Ішкі істер органдары туралы» Заңы қабылдануына байланысты белгіленген және 2007 жылдан бастап ресми мереке ретінде аталып келеді.Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс білдіру күні.
Полиция қызметі – жоғары жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті және батылдықты талап ететін маңызды мамандық. Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күресу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында тәулік бойы қызмет атқарады.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда ішкі істер органдарының рөлі ерекше. Қазіргі таңда полиция қызметін жаңғырту, сервистік модельді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықпен өзара сенімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.
Осы күні егеменді елімізде Қазақстан полициясының іргетасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жан қиған әріптестерімізді еске аламыз.
Осы орайда олардың ерліктерін ұлықтау мақсатында облыс бойынша «Жас сақшы» полиция сыныптарында 150-ге жуық оқушы тәлім алуда, оның ішінде 50 оқушымыз мектепті үздік аяқтады.
Қызылорда облысы Полиция департаменті Жалағаш ауданы полиция бөлімінде ағымдағы жылы 7 мамыр мерекесі қарсаңында ішкі істер органдарының ардагерлерінің құрметіне «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Жалпы облыс бойынша ардагерлер ұйымында 2500-ден астам ардагер-зейнеткерлер тіркелген.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен заңдылықты сақтау жолында полиция қызметкерлерінің атқаратын міндеттері ерекше. Қызметтік міндеттермен қатар жеке құрам арасында жүргізілетін идеологиялық жұмыстар да маңызды орын алады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби мәдениетін, патриоттық рухын, моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру.
Идеологиялық бағыттағы жұмыстар аясында полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде кездесулер, дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіру, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын насихаттау, қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Жеке құрам арасында құқықтық мәдениетті арттыру, қызметтік тәртіпті нығайту, кәсіби этиканы қалыптастыру бағытында ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы жас қызметкерлерге үлгі ретінде насихатталады. Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және полиция қызметінің беделін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, қызметкерлердің психологиялық жай-күйін тұрақтандыру, ұжымдағы өзара сыйластық пен бірлікті нығайту мақсатында мәдени-көпшілік және спорттық шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
Қызылорда облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлері жыл көлемінде спорттық жарыстар бойынша 5 мәрте халықаралық жарыстарға және 9 мәрте Қазақстан Республикасының чемипонаттарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінде полиция қызметкерлері «Заң және Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқаруда. Идеологиялық жұмыстардың тиімді жүргізілуі жеке құрамның кәсіби дайындығын арттырып қана қоймай, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға да өз үлесін қосады.
Ел қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығы жолындағы қызмет – үлкен жауапкершілік. Сондықтан полиция органдарындағы идеологиялық жұмыстар алдағы уақытта да өз маңызын жоғалтпай, қызметкерлердің кәсіби және адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағыттала береді.
Мемлекетбасшысының «Халыққа жақын полиция» қағидатын орындау аясында тиісті жұмыстар жасалуда.
Сол бағыттағы жұмыстардың бірі облыстық қан орталығымен біздің қызметкерлер тығыз байланыста жұмыстар атқарып келеді. Белгіленген уақыт аралығында 200-ден астам полиция қызметкерлері ерікті түрде донор болуда.
Полиция қызметінің басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және халыққа сапалы қызмет көрсету. Бүгінде полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық байланыс орнатуға, олардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел жауап беруге ерекше көңіл бөлуде.
Полиция қызметкерлері – халыққа жақын қағидаты аясында учаскелік инспекторлардың жұмысы күшейтіліп, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді. Тіпті полиция қызметкерлер халыққа жақын екенін көрсету үшін қоғамдық орындарда, парктерде, саябақтарда мерекелік іс-шаралар, фото көрмелер де өткізіп полиция жұмысын көрсетудеміз.
Сонымен қатар полицияның ішкі жұмыстарын көрсетіп «Ашық есік» күндерін де өткізіп жатырмыз.
Жалпы қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, тұрғындарды қауіп-қатерден қорғау үшін Полиция департаментінің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына жергілікті атқарушы органдардың көмегі зор.
Қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы орган басшыларына алғысымызды білдіреміз.
Ішкі істер министрлігінің бастауымен ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы қабылданып, оның шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да едәуір жақсарды, жалақысы көбейді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі артты.
Сол себептен полиция қызметкерлері антына адал қызмет атқаруы тиіс.
Біздің әріптестеріміз күндіз де, түнде де, ыстықта да, суықта да қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, азаматтардың құқығы мен тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Барлық әріптестерімді Полиция департаменті басшылығының атынан Полиция күні мерекесімен құттықтаймын.
Сіздерге зор денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс-несібеге толсын!
С.ТОҚТЫБАЕВ
Қызылорда облысының Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары