Егінді ысырапсыз жинап алуда комбайн, жаткі, трактор сияқты ауыл шаруашылығы техникаларының орны бөлек. Өкінішке орай техникалар бағасы егін еккен екінің біріне қолжетімді емес. Содан да мемлекет басшысы осы техникаларға жеңілдікпен несие беру жағын Үкіметке тапсырған болатын.

Үкіметтің кешегі жиынында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев осының жайын баян етті.

Биыл еліміз бойынша егін жинауға 147,7 мың трактор, 38,1 мың комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 73,4 мың трактор тіркемесі қатысады екен. Әрине, жеткілікті деп айту қиын. Өз өңіріміздің де егін жинау маусымы кезінде бір шаруашылықтан бір шаруашылыққа, бір ауылдан екінші ауылға техникалардың көшіп жүретін жайы белгілі. Мерзімі жетіп ескірген, жөндележөнделе ығыры шыққан көпті көрген техникаларды лаж етуден басқа амалы жоқтар үшін “Жасыл даму” акционерлік қоғамы арқылы жеңілдікпен кредит беру пысықталуда.

Мәселен, лизинг мерзімі 10 жылға дейін, сыйақы жылдық мөлшері 6%, бастапқы жарна жоқ, негізгі борышты қайтару бойынша жеңілдікті кезең 1 жыл, бір техника алуға лизинг қаржысы 205 000 000 теңгеден аспайды. Трактор мен комбайн үшеуден артық алуға рұқсат жоқ. Бұған Үкіметтен 40,0 млрд. теңге қаржы бөлініпті.

Тамыздың 5-інен бастап “КазАгроҚаржының” барлық филиалдарында өтінімдер қабылданып жатыр екен. Техника алғысы келетіндер көп-ақ, бүгінгі күнге 223 трактор, 83 комбайн алуға 306 өтінім беріліп, сол өтінімнің 64-і қаржы беруге мақұлданған.

Облыс әкімдігінде өткен егін жинау науқанына қатысты жиында аймақ басшысы Н.Нәлібаев сала басшыларына қажетті техникамен, қосалқы бөлшектермен қамтуды, егінді жалға салатын агрегаттар мен астық комбайндарын үздіксіз жұмыс жасауын ұйымдастыруды тапсырды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған