Тұрғындар ұсынысын әкімдер орындай алады ма? (Арал, Қазалы)

Арал ауданы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірдің қыр беткейінде орналасқан Қарақұм және Атанши ауылдық округтеріне барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Қарақұм елді мекенінің халқы аудан орталығымен екі аралықтағы автокөлік жолының аяқталуын, ауылдық клуб пен спорт кешенін, электр қуатын арттыруға арналған трансформатор, Абай мен Ерімбетжаға елді мекендеріне түнгі жарықшамдар орнатуды сұрады. Мұнымен қоса ауыл маңына мал суаруға арналған су ұңғымасы керектігін де айтты.

Тұрғындар мәселесін тыңдаған аудан басшысы Қарақұм ауылдық округіне баратын жолдың биылғы жылы аяқталуы үшін тиісті шаралар атқаралып жатқанын түсіндірді. Ал ауылдық клуб аудан бойынша апатты жағдайдағы клуб ғимараттарының қатарына енгізілген. Биылғы жылы олардың ішінде бірінші кезекте салуды қажет ететін екі елді мекеннің клуб ғимаратының жобасы қаржыландырылуға ұсынылған. Тоқ қуатын еселейтін трансформатор мен жарықтандыру мәселесіне де қатысты ауылдық округ әкімінің аппараты тарапынан бюджеттік өтінім ұсынылған. Берілетін қаржының мүмкіндігіне қарай жұмыстар жүргізілетін болады. Ал спорттық сауықтыру кешенін салу да алдағы жоспарларға енігізілген.

Мұнан кейін тұрғындармен жүздесу Атанши ауылдық округінің орталығы Жіңішкеқұм елді мекенінде жалғасты. Жергілікті халық жедел жәрдем көлігіне автобөлшектер алу қажеттігін, ұялы байланыс қызметі сапасының нашарлығын айтты.

Аудан әкімі тұрғындар ұсынысына сәйкес жедел жәрдем құралжабдықтарын алу үшін жауапты сала басшылары мен ауылдық окург әкіміне тиісті шаралар қабылдауды жүктеді. Ұялы байланыс қызметіне қатысты операторлар барлық елді мекенге зерделеу жүргізіп, кезектілігімен құрылғылар орнату арқылы қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жүргізіп келе жатқаны түсіндірілді. Аудан әкімі Сырдария өзені бойында орналасқан Жетес би, Райым, Аманөткел және Қосжар ауылдық округтерінде халықпен кездесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді тыңдады.

Жетес би ауылдық округінің тұрғындары дария суын тиімді пайдалану үшін арнайы көпір салу мен шлюз орнатуды ұсынса, ауыл маңындағы көл суларының қайтпауы себебінен пішен оруға қиындық тудыратынын айтты. Мұнымен бірге балаларға арналған үйірмелер көбірек ашылса, спорт кешені салынса деген ұсыныстарын да жеткізді.

Сермағамбетовтың тұрысы бөлек?

Балаларға арналған қосымша білім беру орталықтарын ашу, спорт кешендерін салу бәсекелестік ортаға беріліп, жеке кәсіпкерлер арқылы шешімін тауып жатқандығы түсіндірілді. Сонымен бірге Сырдария өзені бойындағы барлық су тоспалары ашылып, теңізге құйылып жатқаны айтылып, дария бойынан ауылға берілетін суды реттеу үшін шлюз орнату мәселесі де назарға алынатын болды.

Ал Қызылжар халқы жол мәселесі шешімін табатындығына ризашылықтарын жеткізіп, ауылды абаттандыру, көгалдандыру шараларын жандандыруды ұсынып, Шөмішкөл елді мекенінде электр тогының қуаты аз екендігін айтты.

Ауылды абаттандыру қаржыны үнемдеу арқылы жүзеге асырылатындығы жеткізіліп, ауыл әкіміне барлық мүмкіндіктерді қарастырып, тиісті жұмыстар жүргізу жүктелді.

Аманөткел ауылдық округінде тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарды асфальттау, Хан елді мекеніне барар жолдың сапасыздығы, электр желісінің нашарлығы айтылды.

Ауылішілік жолдарға байланысты жоба әзірленіп, қаржыландырылуы үшін облыстық басқармаларға өтінім берілген, қаржы берілсе алғашқы көшелерді асфальттау басталатындығы жеткізілді. Ал Хан елді мекеніне барар жол уақытша көлік қатынасына жеңіл болуы үшін тегістелетін болды.

Қосжар ауылдық округінде ішкі көшелерге жол салу, «Қамыстыбас» питомнигіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл әкімшілігі ғимаратының ескіргендігін жеткізді.

Аудан басшысы ауылішілік көшелерді асфальттау үшін жоба әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Ал балық питомнигі республикалық мекеме болғандықтан, басшылығына ұсыныс хат жолданатын болды. Ауылдағы әкімшілік ғимаратын жаңалау да назарға алынатындығын, жеке кәсіпкерлер арқылы ғимарат құрылысын жүргізу тиімді болатындығын айтты.

Бірнеше елді мекенде ток қуатының аздығы, электр желілерін жаңарту мәселелері көтерілді. Бұл бойынша барлық ауылдар толық зерделеніп, жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қазіргі уақытта кезектілігімен жаңартылып жатқаны түсіндірілді.

Қазалы ауданы

Бүгінгі таңда аудандық маңызы бар «Бекарыстан би – Майдакөл – Ү.Түктібаев» ауылдарының арасындағы автомобиль жолдары жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме автомобиль жолының көне асфальт қабатын бұзып, негізгі қабаты күшейтуде. Сондай-ақ, жолдың кейбір бөліктеріне қиыршық тастар да төселген.

Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылының тұрғындарымен кездесуде айтып берді.

Оразбаев сандар мен дәйектерді сөйлеткенді жақсы көреді?

Аудан басшысы жақын күндері Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда ангар типті спорт кешенінің құрылысы басталатынын қуанышпен жеткізді. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы «СМП Қызылорда» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.

Майдакөл мен Ү.Түктібаев ауылдық клубтарында өткен кездесуде қос елді мекеннің тұрғындары да алдымен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Мұнан кейін өздерінің өтініш-тілектерін жеткізіп, сұрақтарын қойды.

Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда Мұхтар Әуесұлы Қазалыда газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын қуанышпен жеткізді.

Дәл қазіргі уақытта Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Бүгінгі таңда Жалаңтөс батыр, Басықара және Қ.Пірімов ауылдарын газдандыру үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, Абай ауылын газдандыру үшін жобасметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.

Одан бөлек жеке кәсіпкер Жылқайдар Тәңірбергеновтың демеушілігімен бірнеше елді мекенді газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Кездесуде бекарыстанбилік тұрғындар көшеге қиыршық тас төсеу, аяқ су жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округтерінің тұрғындарымен жүздесу барысында аудан басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, халық жолдаған сауалдарға жауап берді.

Биыл аудан аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жыл басынан бастап аудан аумағында жалпы құны 2,1 млрд. теңгені құрайтын 17 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның 7 жобасы өткен жылдан өтпелі болса, 10 нысан жаңадан басталған құрылыс нысандары болып табылады. Жаңадан басталған нысандардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп, Қазалы қаласындағы 140 орындық балабақша мен Кәукей ауылындағы 100 орындық клубтың құрылысы бар.

Бүгінгі күнге 4 нысанның құрылысы толық аяқталды. Халықтың игілігіне пайдалануға берілген нысандардың қатарында Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені мен Қазалы қаласын көгілдір отынға қосу жұмыстары бар.

Тұрғындар жиі сынға алатын «Қарлаң» көпірінің мәселесі де оң шешімін тапты. Жыл басында облыс әкімінің тікелей қолдауымен заманауи үлгідегі жаңа темір-бетон көпірінің құрылысы басталды. Ал, Аранды ауылдық округінің орталығы – Қожабақы елді мекені абаттандырылып, орталық саябақ салынды. Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған