Білім – әрбір адамға қажет рухани азық. Онсыз күнің арайлы, наның ақ болуы екіталай. Сол себепті де кез келген тәуелсіз мемлекетте, соның ішінде біздің елімізде де әрбір азаматқа базалық білім алу міндетті, әрі тегін жүзеге асырылады. Әр баланың мектепте оқуы, әріп тануы қаншалықты қажет болса, білімашар мекеменің де жайлы болуы міндетті-ақ! Қаламыздағы мектептерге тағар мін қаншалықты көп? Олардың жағдайы ше?

Жаздың соңғы айлары өтуде. Күздің қыркүйек айының басталуына да санаулы күндер қалды. Қаламыздағы мектеп жәрмеңкелері мен базарларда бір ананың артынан 2-3 бала еріп жүр. Яғни балаларын мектепке дайындау науқаны қызып жатыр десек те болады. Сонымен қатар саудагерлердің де саудасы жүріп жатыр. Қаладағы мектептердің ұжымы да 3 ай каникулды пайдаланып, мектептеріне жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Ал жөндеу жұмыстарын көрмеген, ұшқан шатырын әлі де қалпына келтірмеген мектептер де бар.

Алысқа бармай, жақынға жүгірсек те жіпке тізер жыртық жетерлік. Қаламыздағы білім ошақтарының бірі Тасбөгет кентінде орналасқан № 257 мектептің жағдайы, тіпті, жаға ұстатарлық. Мектептің шатыры ұшқан. Осыдан 2 ай бұрын болған дауылда шатыры ұшып, әлі қалпына келтірілмеген. Жазғы демалыстың аяқталуына санаулы күн қалса да, жан баласы «жыртықты» жамар ниеті жоқ. Оқу ошағы балаға білім береді дегеннен гөрі үрей туғызуға жағдай жасап тұрғандай. Ұшқан шатырдың білім алушыларға қаупі де жоғары. Шатыры жөндеу көрмеген мектептің жайы мектеп басшылығы мен жергілікті билікті алаңдатпағаны ма?

Алып-қашпа әңгімелерге сүйенсек биылғы оқу жылының алғашқы бір айын оқушылар онлайн форматта өтеді дейді. Сол мектепте балалары оқитын тұрғындардың айтуы бойынша бүгінде төбеде шатырсыз қалған жабын қатты жел соқса құлап кетуі мүмкін. Ата-аналар жергілікті биліктің «жайбасарлығының» кесірінен балалар қауіпті мектепте оқиды дейді. Ал шенеуніктер 2 ай бойы бюджеттен қаражат бөлінгенін күткендерін мәлімдеді. Айтуларынша, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер іздестірілуде. Қызылорда қалалық білім бөлімінің бас маманы Қанат Әбдіқадыров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне былай деп жауап берді:

– Қайткен жағдайда да оқушылар өміріне қауіп төнбейтін жерде оқуы үшін жұмыстар жасалады. Алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданады,-деді ол.

Ал ата-аналардың бірі бастауыш сыныпта оқитын баласының өміріне қауіп төнеді ме деп алаңдап отыр.

– Балам 1-і сыныптан бастап осы мектепте оқиды. Күз болса келіп қалды. Шыны керек әлі күнге дейін мектептің шатыры жасалмағанына таңқалып отырмын. Алда-жалда қайтадан дауыл болған жағдайда қалған шатырлар балаларымыздың басына түсіп жатса, кім жауап береді?,-деді наразылығын білдірген аналардың бірі.

Ал мектеп басшылығынан бөлек, басқа да жауапты мамандар облыстық білім басқармасы тарапынан бюджеттік өтінім тапсырылып, қажетті қаржы сұралып отыр деп жауап беруде. Бірақ тиісті қаржы бөлінеді дегенше жаңа оқу жылы басталып кететін болды деген ой мазалайды.

Тиісті мамандар мен мектеп басшылығы кеш әрекет етіп жатқаны өкінішті.

Осы орайда біз №257-і мектепке арнайы барып, мектеп директоры Сүлейменова Гүлмираның шатыры жоқ мектеп жайлы өз ауызынан естуді жөн көрдік.

– Мектептің шатыры 19-ы маусым күні ұшып кетті. Содан кейін білім бөлімінен, басқа да бөлімдерден мамандар келіп тексеріп кетті. Жоба-сметалық құжаттарды біз дайындап, облыстық білім басқармасына өткіздік. Бір ай онлайн оқиды деген өтірік әңгіме. Тиісті қаражат 11-і тамыз күні бөлініп, мердігер мекеме анықталып, енді тиісті мамандарды күтіп отырмыз,-деп жауап берді мектеп басшысы.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов шатыры жоқ мектепті көріп кетті ме деген сұрақ мазалайды. Көріп кеткен жағдайдың өзінде неге ертерек әрекет жасамаған?

Сөз соңында айтатынымыз елімізде берілетін тегін білімнің татымы жақсы, берері мол болса, білімді баланың өз еліне қызмет етуге деген құштарлығы да ұшаң-теңіз болмақ.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған