Өткен аптаның жұма күні қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Қалаға қарасты үлкенді-кішілі басшылардан құралған жиында кешеге дейін Тасбөгет кентінің әкімі болған Семсер Сыздықовты жаңа қызметке, яғни Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметіне сәттілік тілеп, шығарып салудан басталды. Жаңа қызметке жайғасқан кешегі кент, бүгінгі аудан әкімінің жаңа орынбасарының бүгінге дейін атқарған қызметіндегі айтулы істерін ерекше атап өтті.

Жиындағы алғашқы мәселе кент және ауылдық округтердің ағымдағы жылдың соңғы 10 айында атқарған істері мен нәтижелері. Сондай-ақ баспана кезегі мәселесі қаралды. Бұл туралы – қалалық тұрғын инспекциясы бөлімінің 10 айдағы ілкімді істері. Бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек баяндама жасады.

– Биылдан бастап «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызмет көрсету «Kezekte. kz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметінде жүзеге асырылып келеді. Кезекке қою қызметі қазіргі таңда толықтай автоматтандырылған және «Kezekte.kz» сайтына орналастырылған. Азаматтар кез келген уақытта тұрғын үй алу кезектілігін, кезекте тұрған басқа азаматтардың тізімін көре алады. 2023 жылдың 10 айында 4139 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 2810 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген, 1329-ы өз өтініші бойынша дәлелді бас тартқан. Сондай-ақ, тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі арқылы автоматтандырылған режимде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайынғы түгендеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 15773 азаматтың құжаттары тексеріліп, оның 1527-сі кезектен шығарылған. 357 адам басқа қалаға қоныс аударған, 1030 азаматтың меншігінде тұрғынжай тіркелген, 140 тіркелушінің жеңілдігі жойылуына байланысты кезектен алынған.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, түгендеу нәтижесімен тиісті шаралар жүргізілуде» – деген бөлім басшысы Абзал Рысбек саладағы басқа да өзекті мәселелер мен атқарылған жұмыстарды тізбелеп шықты.

Мәжіліс соңында қала әкімі Асылбек Шаменов баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар қыс мезгілінде барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған