Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бастау алған «Анаға тағзым» орталығы өңіріміздің қыз-келіншектеріне, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек. Құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Орталықтың құрылысымен танысып, кірпішін қалау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бой көтеруінің үлкен мәні бар екенін айтты. – Біздің өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жаңа заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салынуда. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Таяуда ғана облыс орталығынан құны 3,7 млрд.теңге болатын Өнер орталығы, құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы, 2,9 млрд.теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысын бастадық. Биылғы жылдың көктемінен бастап жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд. теңгеге жуық қаражат тартылып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Қоғамның игілігіне қызмет етуді басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді. Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды алады деп сенеміз. Барша Сыр халқы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз,-деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев. Жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәнді, сымбатты жүруіне арналған арнайы бөлмелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері болады. Іс-шарада батыр ана Сәкен Ағатаева сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ата-бабадан келе жатқан дәстүр екенін айтты. Бұл орталықтың жас аналарға, бойжеткендерге берері мол екенін жеткізді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған