Сыр өңіріндегі бірқатар аудандарда теміржол өткелдері тозып тұр. Соның салдарынан көпірлердің адам өміріне қаупі артып, көлік кептелісінің туындауына себеп болуда.

Негізінен тозығы жеткен ескі көпірлер орнына жаңасын салу қажеттігі өздігінен сұранып тұр. Жергілікті жұртшылық бұл жайында талай жылдан бері айтып келе жатқанымен жыры таусылар емес.

Мәселен облыс орталығымен іргелес қоныстанған Жалағаш ауданында көпір мәселесі көп жылдан бері кезегін күтіп тұрған болатын. Көптің күткен үміті биыл ғана қолға алынды.

Жалпы ауданда 14 мыңға жуық халық тұрады. Соның ішінде теміржолдың арғы бетіндегі Дәуімбай ықшам ауданын мекендейтін халықтың қарасы қалың. Осы аймақ халқы үшін қысы-жазы шойын жолды кесіп өтетін көпір үлкен қауіп туғызып келеді. Әсіресе қыс мезгілінде мұздан тайып, жарақаттанғандар аз емес.

Биылғы мамыр айында басталған жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелінен көптің үміті асқақ. Жоспар бойынша көпірдің биіктігі 12, ұзындығы 55, ені 3,2 метрді құрайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2 лифтте қарастырылған. Жоспарға сәйкес көпір құрылысы қазан айында толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.

– «Қазіргі таңда көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аудан орталығында теміржол үстінен салынып жатқан жаяу жүргіншілер өткелі тұрғындар талабын өтейді деген сенім зор. Бүгінде көпір құрылысының 60 пайызы аяқталды. Нақты айтқанда бетон құю жұмыстары бітуге жақын. Сырлау жұмыстары жүргізіліп,металл конструкторлар құрастырылып, дайын тұр. Бетон құю жұмыстары аяқтал са, қондырғы орнатылады. Жалпы жергілікті жұртшылық жылдың соңына дейін жаңа көпірдің игілігін көретін бола ды», деп мәлімдеді бұл жайында Жалағаш ауданы әкімдігінен.

Осылайша әкімдік тарапынан көптің талабы көп ұзамай шешімін табатынын алға тартады. Ал кент халқы құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілсе деген үмітпен отыр.

Көпірге мұқтаж аймақтың тағы бірі – облыс орталығынан шалғай орналасқан Арал ауданы. Аудан орталығындағы ескі өткелдегі көлік кептелісі көп жылдан бері темір тұлпар тізгіндеушілердің наразылығын туғызып келді. Биыл ғана ұзақ жыл жырға айналған жаңа көпір салу ісі қайта қозғалды. Нәтижесінде заманауи үлгідегі теміржол өткелі салынатыны айтылып, қуанышты хабар өңір халқын зор қуанышқа бөлеген еді. Мамандар жалпы құны 3 млрд. 143 млн. теңгені құрайтын аспалы көпір халық талабын толық өтейтініне нық сенім білдіреді. Қажетті қаржы көздері ұлттық қордан және республикалық бюджеттен қаралып отыр. Тіпті ауданға жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл теміржол үстінен жаңа көпір құрылысы қарқын алатынын айтып, елді қуантқан болатын.

Алайда ағымдағы жылдың көктемінде халықты зор қуанышқа бөлеген бұл жағымды жаңалық көптің күткеніндей болмай шықты. Созбалаңға салынған құрылыс жұмыстары жергілікті жұртшылықты күмәнді ойға жетелей бастады.

Себебі жыл басында басталған құрылыс жұмыстарынан әлі күнге дейін оң нәтиже болмай тұр. Тұрғындардың айтуынша жыл аяғы жақындап қалса да, межеленген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Ал мамандар топырақтың қаттылығы құрылыс жұмыс тарын кестеге сай жүргізуге кері әсер тигізіп тұрғанын алға тартады.

Жергілікті жұртшылық көпір салынатын орынға да көңілі толмайтынын айтып отыр. Жаңа өткел сорлы аймаққа салынып жатыр. Сондықтан жердің қаттылығы құрылыс жұмыстарын бәсеңдетіп тұр. Сондай-ақ құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтың батыс жағына жүк көліктеріне арнап жол құрылысы қарқын алған. Бұл да келешекте көлік қатынасына кері әсерін тигізеді деп есептейді.

Ал Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын, көпір 2024 жылдың соңына таяу ел игілігіне пайдалануға берілетініне нық сенімді.

– «Аудан орталығына аспалы көпірдің қажеттігі көп жылдан бері өзекті мәселеге айналғаны жасырын емес. Бұл түйткілдің түйіні биыл ғана тарқатылып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Қазіргі таңда көпірге бөлінген қаржының 50 пайызын алып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты кезеңде көпірдің тіреуіш бағандарын қағу жұмыстары жүргізілуде. Сондайақ, өткелдің қабырғаларын бекіту, көпірдің орнын дайындау жұмыстары қарқын алды. Құрылысқа қажетті материалдар жеткізілуде. Тиісті жұмыстарды мердігер компания Қарағанды облысының «Ритм» ЖШСгі қолға алды. Бүгінде құрылыс басында 50ге жуық жұмысшы күші және 1015 техника жұмылдырылған», дейді бөлім басшысы Шерхан Есжанов.

Бөлім басшысы жердің қаттылығы құрылыс жұмыстарының жедел жүруіне кері ықпалын тигізіп тұрғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, қабырға тіреуіштерін орнату үшін жерді бұрғылау жұмыстары үлкен қиындық туғызып отыр. Соған орай құрылыс жұмыстарын толық аяқтау алдағы жыл еншісіне қалдырылып отырғанын мәлімдеді.

Негізінен облысқа қарасты өзге аудандарда да теміржол өткелі өзектілігін жойған емес. Мәселен, Қармақшы ауданында көпір салу ісі көп жылдан бері сөз болғанымен, әлі күнге нақты нәтиже жоқ. Ал аймақтың оңтүстік аудандарында да теміржол өткелінің тозығы жетіп тұр.

Жалпы Сыр халқы сапалы көпір қызметін күтумен күн өткізіп келеді. Сондықтан жауапты орындар басталған істі аяқсыз қалдырмай, өңірдегі өткел мәселесінің өзектілігін жоятын кез келгенін ескерсе екен.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған