Сыр өңірінің бас қаласы Қызылорда жылдан жылға көркейіп, гүлденіп, түрленіп келе жатқаны бәрімізге мәлім. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер, жаңадан ашылып жатқан ғимараттар қаламыздың сәнін келтіріп тұрғандай.

Сүйінші жаңалықтардың бірі өткен аптада қаламызда жаңадан салынған бірнеше ғимарат іске қосылды. Атап айтқанда, «Анаға тағзым» орталығы мен «Неке сарайы» ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады. Сондай тағы бір жағымды жаңалықтың бірі 30 жылдан бері аймағымызда алғаш рет картопты өңдеу арқылы мұздатылған қытырлақ картоп (фри) шығаратын зауыт іске қосылды. Қытырлақ картоп зауытын елімізге белгілі кәсіпкер «Абай-Дәулет» ЖШС-нің басшысы Мұрат Сәрсенбаев облысымыздың 85 жылдығына тарту ретінде өз қаражатына салды. «Kaz Fries» брендісімен шыққан мұздатылған қытырлақ картоп шығаратын зауыттың ашылу салтанатына аймақ басшысы Н.Нәлібаев арнайы барып, құттықтап, басталып жатқан игі бастамаға сәттілік тіледі.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде:

– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында өндірісті, шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытып, бәсекелестік арқылы бәріне бірдей мүмкіндік беру қажеттігін атап өткен болатын. Аймағымызда бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа зауыттан шыққан жартылай дайын өнім қолжетімді бағада халыққа ұсынылады. Бұл бастама жалғасын тауып, зауыт өнімдері аймағымыздан тыс көрші өңірлерге, шет елдерге экспортталып, облыстың экономикалық дамуына зор үлесін қосады деп сенім білдіремін. Біз туған жерінде адал еңбек етуді мақсат тұтқан, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға ниет білдірген әрбір кәсіпкерді қолдауға дайынбыз! Жаңа зауытты ашқан шаруашылық басшысы Мұрат Абайұлына зор ризашылығымызды білдіреміз,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада мұздатылған қытырлақ картоп өндірісін ашқан «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сарсенбаев Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ал серіктестік қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ашылу салтанатынан бірнеше күн өткеннен кейін көріп қайту мақсатында мұздатылған қытырлақ картоп шыға ратын зауытқа арнайы барғанбыз. Құны 600 миллион теңгені құраған жаңа өндіріс өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде зауыт саға тына 300 келі мұздатылған қытырлақ картоп дайындайды. Жаңа өндіріске 18 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Картопты турайтын, тұздайтын, қаптамаға салатын соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған зауыт өнімі әзірге облыс көлеміндегі дәмхана, мейрамхана, асханалар мен қаламыздағы ірі дүкендер желілеріне өткізіледі. «Абай-Дәулет» ЖШС-нің басшысы Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, пайдаланып жатқан өнім, яғни картоп Қарағанды облысынан келеді. Алдағы уақытта зауытқа керек картопты жергілікті жерде өсіру жоспарланып отыр. Зауытқа негізінен картоптың «Амороза», «Гала», «Челленджер» сорттары пайдаланылады екен. Алдағы уақытта осы картоп сорттарын еккен жергілікті диқандар үшін өнімін өткізетін нарық дайын.

Арнайы барған уақытымызда «Абай Дәулет» ЖШС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаевпен қысқаша сұқбаттастық.

Қазіргі таңда қытырлақ картопты тұтынушылар өте көп. Әсіресе фаст фуд дәмханалары көбірек пайдаланады. Халық осы уақытқа дейін дүкен сөрелерінен шетелдің мұздатылған қытырлақ картобын пайдаланатын еді. Енді отандық өнімді пайдаланып жатса біз қуанамыз. Отандық өнімімізді болашақта шетелге экспорттау жоспарымыз да бар. Басқа облыстардан сұраныс болып жатса, оларға да жеткізіп беруге дайынбыз. Біз сағатына 300 кг, 1 күнде 5 тонна, бір айда 150 тонна мұздатылған қытырлақ картоп өндіруге дайынбыз,-дейді Мұрат Сәрсенбаев.

Жалпы бүгінгі күні «Абай-Дәулет» ЖШС күріш өндірісімен ғана емес, мал шаруашылығымен, ет өндірумен және көкөніс егумен айналысуда. Мұрат Сәрсенбаевтың айтуы бойынша өндіріс орнының ашылуы картоп егетін шаруаларға табыс табу үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.

Бүгінгі күні фаст-фуд өнімдеріне сұраныс жоғары екені мәлім. Сыр елінен бастау алған бұл кәсіп алдағы уақытта республика бойынша қолдау тауып, тағы да бірнеше кәсіпорындар ашылып, халық өз өнімдерімізді пайдаланса “екі жеп биге шығатынымыз” анық. Біріншіден жергілікті жердің өнім өндіретін өндіріс орындары көбейеді, екіншіден сол өндіріс орындарында жұмыс көзі артады. Үшіншіден, жергілікті өнім арқылы баға тұрақталады, төртіншіден картоп егіп терлеген, зауытта өнім шығарып ерлеген халықтың да әл-ауқаты жақсарады.

Айта кету керек индустрияландыру картасы аясында облысымызда құны 980 млрд. теңге болатын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймалары, 3 күріш ақтау зауыты, сүт өңдейтін цех жұмысы басталады.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған