Ағымдағы жылдың шілдесінің 9-ы күні Ақсуат ауылдық округінің әкімін сайлау өтті. Ауылдық округ әкімі болуға 4 үміткер ұсынылып, оның біреуі өз өтінішімен кандидаттықтан алынды. Үш кандидат бюллетеньдерге енгізілді.

Ауылдық округте №227 және №265 сайлау учаскесінде тұрғындар дауыс берді. Таңғы 7:00- де басталған сайлауға біз де ерте баруды ұйғардық. Алдымен №227 сайлау учаскесіне барып қайттық. Сайлау басталмас бұрын әнұран шырқалып, комиссия төрағасы сөз сөйледі. Алғашқы келген сайлаушыларға комиссия төрағасы сыйлық беріп, өз алғысын білдірді. №227 сайлау комиссиясының төрағасы Төребаев Ғазиз:

– Жақыпбек Махамбетов ауылында орналасқан №227 сайлау учаскесі бойынша 2899 сайлаушылар тіркелген. Қазіргі таңда алғашқы сайлаушыларымыз келіп, өз дауыстарын берді. Сайлау заңға сәйкес жүруде. Ауылымыздың азаматтары саяси науқанға катысып, ауыл әкімдігінің сайлауына белсене қатысады деп үміттенемін,-деді ол.

Ерте келген сайлаушылармен де тілдесіп көрдік.

– Бүгін біз ауылымыздың әкімін сайлауға ерте келдік. Кім сайлансада өз халқын ойлайтын, ауылымызға жаны ашитын, жұмысын адал атқаратын әкім болсын деген сенімдеміз. Барлық кандитаттарға сәттілік,-деді ауыл тұрғыны.

Мұнан соң біз №265 сайлау учаскесіне бардық. Барған кезімізде сайлаушылар көріне қоймады. Бәлкім таңертең ауыл адамдары мал жайлап, кешігіп жатқан болар… Комиссия төрағасынан сайлау қалай басталғандығын сұрадық.

– Шілденің 9-ы күні Ақсуат ауылдық округінің әкімін сайлау науқаны басталды. Осы сайлауда халық алдында үлкен жауапкершілік алған кандидаттарға сәттілік тілейміз. Сайлау барлық талапқа сай өткізілуде,-деді №265 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Әбілдаев Мейрамбек.

Құрылған сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне барлығы 5602 адам енгізілген. Дауыс беруге қатысқан тұрғындар саны 4548 адам. 5 бюллетень жарамсыз деп танылды. Сайлау қорытындысымен кандидат Бақытов Нұрболатқа 3668, кандидат Жүсіпов Асқарға 312, кандидат Қарабаев Асқарға-538 сайлаушылар дауыс берді. «Барлығына қарсы» белгісін белгілегендер 25 адам болды. Дауыс беру қорытындысымен Ақсуат ауылдық округінің әкімі болып Бақытов Нұрболат сайланды. Айта кету керек әкімдер жасы жасарып келеді. Мәселен осы сайлаудағы үміткерлердің үшеуі де қырықтан енді асқандар. Арасындағы А.Жүсіпов қана (1978 ж.) 45 жастағы жасы үлкені. Білімі, мамандықтары да “ауылшаруашылығы фермері”, (А.Қарабаев) заңгер (Н.Бақытов), техник-технолог (А.Жүсіпов) деген сияқты ауылға қажеттілер. Бірі салық жинаушы болған, енді бірі мәдениет қызметкері, үшіншісінің жер қатынастары мен елді мекен сәулетінен хабары бар.

Әкім болуға талаптанған үш үміткердің де сайлауалды бағдарламаларының ұқсас тұстары жетерлік. Мәселен олардың қай-қайсысы да тұрғындардың денсаулығын нығайту үшін дәрігерлік қызметті күшейтуге, салауатты өмір салтын ұстану үшін спорттық тренажерлар мен балалар алаңдарын салуға, халықтың осал топтарының нақты тізімін жасап, мемлекет және демеушілер тарапынан оларға көмек көрсетуге, жастарды жұмысқа көптеп тартуға, банктермен тығыз байланыс орнатып, кәсіп ашуға ниетті азаматтардың несиеге қолжетімділігін арттыруға, жаңадан қоныстанушы аймаққа жол салып, электр жүйесімен қамтып, көшені жарықтандырып, аялдамалар салуға ынталы. Бәлкім, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін ескергендіктен де болар, олардың осындай ұқсас тұстары жетерлік.

Басқалардан көп дауыс жинап, әкім болған Н.Бақытовтың бағдарламасының өзіндік ерекшелігі бар екен. Ол ауылдағы жастар бірлестігі мен қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, спорттық іс-шараларды жүйелі өткізу және тұрғындар үшін кәсіпкерлермен бірігіп демалыс орындарын салуға ынталы.

Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры ауыл орталығынан 239 млн. теңгеге 720 м² болатын спорт кешенінің құрылысын жүргізуде. Спорт кешенін ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің көмегімен №268 мектеп- лицейінің жанынан «Жастар аллеясын» салу ойы да бар.

Ауылдық округтегі қоғамдық көліктер қатынайтын басты Петр Тлепбаев, Адыран Найзағараев, Баттал Жүсіпбеков, Канал-2 көшелеріне күрделі жол жөндеу жұмыстарымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарық бағаналарын орнату және аялдамалар салу мақсатында жоба сметалық құжаттары әзірленуде екен.

Ағымдағы жылы 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылса, 8 көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу және21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Әрине бұған дейін ауыл әкімшілігінде қызмет еткен оның бұл жобаларды аяқтауға толық мүмкіндігі бар. Ақсуат ауылдық округі тұрғындарын 100 пайыз газдандыру бойынша жұмыс жасауға деген ниеті де ауылдықтардың талабынан туса керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ-бәрімізге сын» деген болатын. Алдағы уақытта су жаңа сайланған әкім ауылдың жағдайын жақсартуға бар күшін салады деп сенеміз. Тұрғындардың алғысын алып, өз қызметін абыроймен атқаруға тілектеспіз.

Мұхаммедшах МАРАТҰЛЫ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған