2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.
Денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебіне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беру күні сайлау учаскесіне келе алмайтын Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге құқылы.
Ол үшін сайлаушы дауыс беру күні (2026 жылғы 23 тамыз) жергілікті уақытпен сағат 12:00-ден кешіктірмей, өзінің тiркелген аумағындағы учаскелік сайлау комиссиясына барып, болатын жері бойынша дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтініш беруі қажет.
Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі берілген өтініш негізінде және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень береді. Дауыс беруге арналған бюллетеньді алу фактісі өтініште сайлаушының қолымен куәландырылады.
Учаскелік сайлау комиссиясының бюллетеньді берген мүшесі оған өзінің қолын қояды, сондай-ақ сайлаушының өтінішіне қол қояды. Дауыс беруді өткізу кезінде сайлаушының ерік білдіру құпиясының міндетті сақталуы қамтамасыз етіледі.
Жаңару үшін дауыс бер!
Қазақстан Республикасының
Орталық сайлау комиссиясы