Қоян жылы мақсатқа жетеміз бе?

Қоян жылы мақсатқа жетеміз бе?

Биылғы жылдың иесі – Қоян. Кей жұлдызнамалар бойынша Мысық деп те айтылады. Қайсысы болғанда да 2023-те отбасындағы қолайлы жағдайдың, үй ішіндегі ауызбірлік пен үйлесімділіктің орны ерекше екен.

Тышқан (1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008).  Кей жұлдызнамалар бойынша жыл иесі Мысық болып саналатындықтан да Тышқанның бұл жылмен достығы мығым боларына күмән да бар. Дегенменен Мысық болсын, Қоян болсын жауыздығы жоқ. Бар болғаны тығылмақ ойнайтыны болар. Ендеше жылда табысқа жетемін дегендер ойға сыйымсыз шешімдер қабылдауға, жұрт қабылдауына қиын іс-әрекеттер жасауына тура келеді. Бұл белгідегілер үшін тәуекел ету басқаларға қарағанда аса қажет. Қалыптасқан әдетпен жүріп өткен өмір тәжірибесімен қолдағы барды жоғалтып алмай сақтап қалуға болады. Алайда жаңа табыстарға жету үшін төтеннен шешімдер қабылдауға, оқыс қимылдар жасауға да тура келеді.

Айта кетейік тәуекел іскерлікке, қызметке қатысты болғанымен, жеке қарым-қатынаста, денсаулық мәселесінде бұрынғы қалыпты бұзбаған жөн. Алайда зиянды әрекеттерден түбегейлі бас Тарту керек. Әсіресе жылдың алғашқы жартыжылдығында. Өйткені Қоян салауатты өмір салтының табынушысы. Басқалардан да соны талап етеді.

Сиыр (1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009). Осы белгіге тән өжеттік, табандылық, турашылдық бұл жылы көп абырой әкеле бермейді. Реті келсе, жаңа қадамдар жасауға, айналамен тіл табысуға бейімделген жөн. Құламас қабырғаға келіп тіреліп баспен ұрып бұзып өтемін дегеннен гөрі оны айналып өтетін жол іздеген дұрыс. Егер де қалыпты жағдайда алға қарай өсу, көтерілу мүмкіндігі болмаса, онда жұмыс орнын, тұрғылықты жерді де ауыстыруға тура келеді. Сондай-ақ жеке өмір мен жұмыс арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты таба білу керек. Істі ақырына дейін жеткізбей тынбайтыныңызды жұрт біледі. Алайда бұл қасиетіңіз қызмет бағытында пайдалы болғанымен жеке өмірде қиындық тудырады. Жақындарыңыз өздеріне көңіл бөлгенді қалайды. Отбасында бұл белгілер үшін тұрақтылық, үйлесімділік бар. Жалғызбастылар сыңарын іздеуден жалықпау керек.

Барыс (1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010). Негізі бұл белгінің биылғы жыл иесімен туыстығы бар. Содан да Барыстар үшін бұл жыл табысты болғалы тұр. Әсіресе жеке өмірде оңды өзгерістер орын алады. Бәлкім өзіңіз бұрыннан бері жақсы танитын адамға, мәселен мектептегі махаббатыңызға, не болмаса қаншама уақыттан бері дос болып келе жатқан жанға көңіліңіз ауар. Қазіргі кездесіп жүрген жанмен арада проблемалар жиі орын алатын болса, онда нүктесін қоюға тура келеді. Қызмет, жұмыс барысында өте табысты жыл. Есіңізде болсын қаржылық шығыныңыз, сұранысыңыз көбейеді. Тіпті табысыңыз көтерілгенменен де қажеттілігіңізді түгел жаба алмайды. Дегенменен қосымша табыс табу мүмкіндіктері мол, жіберіп алмаңыз.

Қоян (1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011). Соңғы жылдары жолыңыз аса болып жүрген жоқ. Енді мүмкіндіктер бар. Үлкен жеңістерге жетпегенменен осы жеңістерге әкелетін жолға түсесіз. Бұл жылы жұмыс ауыстырудың қажеті жоқ, тіпті қажеттілік те байқалып тұрған жоқ. Бастамаларыңыз басшылық, әріптестеріңіз тарапынан қолдау табады, қаражат мәселесінде қайтып келмейді деп күдеріңізді үзген бұрынғы қарыздарыңыз қайтып қуанып қаласыз. Қуанып қана қоймай, ақшаны орнымен жұмсауға үйренесіз.

Махаббат мәселесінде жылдың алғашқы жартыжылдығы жақсы оқиғаларға, әсерлерге толады. Денсаулық мәселесінде өз-өзіңізге артық жүк алмаңыз. Дене күші жағынан да, жүйке жұмысы жағынан да шаршағандық сезіледі.

Ұлу (1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012). Ұлу мен Қояныңыз қатар өмір сүруде десе де болады. Өз күшіңізге сенім артыңыз. Қызмет бабында көтеріліп, абыройыңыз артып, әлеуметтік мәртебеңіз өседі. Әрине қаржы шығыны болуы мүмкін. Тіпті көбейген кірісті орнымен жұмсай алмай қалуыңыз да мүмкін. Қалай болғанда да бұл жылы абай болмасаңыз қаржылық жағдайыңызды қиындатып алуыңыз мүмкін.

Махаббат мәселесінде отбасылық Ұлуларда романтикалық сәттер көп болады. Ал енді кездесіп бір-біріне жаңадан сезімін білдіріп жүргендер үшін сынақ болады. Арасында бір-бірімен келісе алмай қалулары да мүмкін.

Жылан (1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013). Қоян мен Жыланның арасын керемет деп айта алмас едік. Алай-түлей жағдайға дайын болыңыз. Алай-түлей дегеніміз соншалықты жаман емес. Қолайсыздықтарды жеңу, сәтсіздіктерге ұрынбау өз қолыңызда. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланыңыз. Ол үшін ақыл керек. Жыланды ақылсыз деп кім айтты. Бақталастық, бәсекелестік әсіресе өзіңіз сеніп жүрген, қолдау күтіп жүрген жандардың тарапынан болатыны қызмет мәселесін, жұмыс бағытын қиындатуы мүмкін. Ашық күреске бармаңыз, қарсыластарыңыздың қателескен сәтін күтіңіз. Ал қателік болмай тұрмайды. Сол кезде сіз жеңіс тұғырына көтерілесіз. Шапшаң қимылдаңыз. Басқалардың бастаманы іліп алып кетуіне мүмкіндік бермеңіз. Жыл ішінде несие, қарыз алмаған маңызды. Реті келсе қиын болғанына қарамастан қарыздарды жауып тастауға тырысыңыз.

Махаббат мәселесінде жарқын оқиғаларға толы. Отбасылы жұбайлар қарым-қатынастарын сақтап қалулары үшін күресулері керек.

Маймыл (1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004, 2016). Қоян қалжыңдағанды ұнатады. Бірақ өмірге әзілмен қарай алмайды. Бұл белгідегілерге салмақтылық жетіспейді. Табысқа қол жеткізгіңіз келсе жеңіл күлкіні, арзан ойынды қойыңыз. Әсіресе денсаулық пен ақша мәселесіне. Болмашы ғана ауырып қалсаңыз да үлкен мән беріңіз. Ойланбастан жұмсаған аз ғана ақшаның өзі де қаражат мәселесінде үлкен жыртыққа айналуы мүмкін. Жұмыс өзіңіздің қабілеттілігіңізге, талантыңызға сәйкес келуі керек. Егер сәйкестік болмаса ауыстырудан қорықпаңыз.

Махаббат мәселесінде бақытты сәттер көп. Екінші тынысыңыз ашылғандай, алайда некеге тұруға асықпаңыз.

Тауық (1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017). Ауыртпалықтарға дайын болыңыз. Жыл бойы қысым азаймайды. Қаржы мәселесінде де, қызмет бабында да жаңа белестерді бағындырамын дегеннен гөрі қолда барды ұстап қалуға тырысыңыз. Жұмыс ауыстыруға  қолайсыз жыл. Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңызды өзгертсеңіз қазіргі орныңызда да жақсы жетістіктерге жетуге болады. Жыл ішінде ірі заттар сатып алуға, әлдебір үлкен жобаларға қаржы салуға болмайды. Жұбайыңыздың тарапынан үлкен қолдау күтесіз. Реті келсе отбасында көп уақыт өткізуге тырысыңыз. Отбасылық бизнестің бастау алуы жұмыс өзгертудің жаңа нұсқасы, әрі табысты жолы. Тағы бір жағымды жаңалық жыл бойы денсаулығыңыз сыр бермейді.

Жылқы (1942,1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014). Қоян Жылқының қатты шабысына дайын емес. Алайда оның әдемілігіне қызығады. Сондай-ақ мақсатқа қарай ұмтылысыңызға да кет әрі емес. Жылдың басты ұстанымы да осы: Жоғарғы белестерді бағындыруға ұмтылсаңыз жыл сіз үшін табысты. Қызмет баспалдағынан өсуді қалағаннан гөрі, жұмысыңызды бар ынтаңызбен, күшіңізбен атқарсаңыз сол тиімді. Отбасын құруға ұмтылғаннан гөрі өзіңізді бақытқа кенелтетін жанды іздегеніңіз жөн. Демек қазіргі сәтте маңызды болғанынан гөрі, өмір бойы қажет болатынына ұмтылыңыз. Бір қызығы бір сәттік жеңістерден гөрі, ұзақ мерзімге көзделген мақсатқа жету табысты болмақ.

Денсаулыққа аса мән беріңіз. Жыл ішінде созылмалы аурулардың сыр беруі, сондай-ақ жарақаттардың да орын алуы мүмкін.

Ит (1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006, 2018). Кей жұлдызнамаларда биылғы жыл Мысық болғанына қарай Ит пен Мысық ойынын күтпеңіз. Бұл жылдың өзіңіз үшін табысы мол. Әсіресе махаббат мәселесінде. Үйлесімділіктің, татулықтың болуы өзіңізге байланысты. Жаныңыздағылардың табысына, жеңісіне сүйсініп, қуанып қана қоймай өзіңізді де жақсы көре біліңіз. Қызмет, жұмыс барысында тәуекел етуге, сынақ жасауға қорықпаңыз, жаңа жол әрқашан да табысқа әкеледі. Әрине сіздің сынақтарыңыз басшылыққа ұнай қоймас, дегенмен нәтижесі көңілден шығады. Қаржы мәселесінде жыл жаман емес, дегенмен тәуекел етудің қажеті жоқ. Бұрынғы ізбен жүріңіз.

Қой (1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003, 2015). Шығыс дәстүрі бойынша Қоянның Қойға деген ілтипаты ерекше. Алайда жыл бойы бал айы деп шатасып қалмаңыз. Әріптестік қарым-қатынастарда  еркіндік керек. Ұзақ уақыт бойы бір-біріне өте жақын болған адамдар бір-бірінен жалығып кетері де сөзсіз. Бір-бірін қолдаған, бір-біріне сенім артқан дұрыс. Алайда әріптесіңіздің әрбір қадамын қадағалап отырған жөн емес. Жұмыс пенен қызметте табыс бар. Өзіңіздің талантыңызды, іске деген шығармашылық көзқарасыңызды әріптестеріңіз, басшылық қолдайды. Табыс көзі де көбейгелі тұр. Алайда абай болмасаңыз артық шығынға да кіріп кетесіз.

Доңыз (1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007, 2019). Қоянның қолдауының кемі жоқ. Өзіңізді бағалайтын ұжымыңыз еңбегіңіздің ақысын қайтара да біледі. Жұмыс орнын ауыстырудың қажеті жоқ. Өз бизнесіңіз бар болатын болса өз күшіңізге, қаражатыңызға сеніңіз. Іскерлік қарым-қатынастағы серіктестеріңіз қателікке ұрындыруы мүмкін. Қаржы мәселесі тұрақты, егер де қосымша табыс көзін таппасаңыз, онда артық, керек емес заттар алудан бас тартыңыз. Махаббат мәселесінде бәрі жақсы, әрі жалғызбастылар үшін де, отбасылылар үшін де.

Қоғам