Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек», – деп айтқан болатын. Отбасылық құндылықты сақтап келе жатқан байқаулар елімізде көп. Солардың бірі жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқауға қатысатын отбасы саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Мәселен, биыл қалалық байқауға жүзге тарта отбасы өтініш тапсырды. «Мерейлі отбасы» іріктеуінің қалалық комиссияның шешімімен 7 отбасы түрлі номинациялар және жүлделі орындармен марапатталды. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті. Шараның кіріспе сөзін сөйлеген Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков байқауға қатысқан барлық отбасы мүшелеріне өз алғысын білдірді.

– Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтың ошағы, яғни кез келген қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал, жанұяның береке-бірлігі – сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде,-деді.

Номинацияға ие болған отбасыларды қала әкімінің орынбасары марапаттады.

«Еңбекқор отбасы» номинациясына ие болған Қызылорда қаласының тұрғындары Иманғалиевтер отбасы. Отағасы Иманғалиев Жарас 1977 жылғы. Электромонтер мамандығы бойынша курс оқып, Қазақтелеком компаниясында 1-ші разрядты электромеханик болып жұмыс жасады. 2005 жылдан бастап аяқ киім жөндеу кәсібін бастады. 2010 жылы жұбайы Иманғалиева Рәзиямен шаңырақ көтерді. 2015 жылы Қызылорда қаласына көшіп келді. Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» мекемесінде аула сыпырушы болып жұмыс жасап келеді. Отанасы Иманғалиева Рәзия 1987 жылғы. Сәби күнінде тағдырдың жазғанына көніп, сәбилер үйінде тәрбиеленіп шықты. Жарас пен Рәзия 6 бала өсіріп, тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Балалары мектепте оқу озаттары, мектеп белсенділері. Рәзия өзі көрген қиындықтар мен жетімдіктің азабын балаларым көрмесе екен дейді. Сол үшін балаларына барынша жақсы тәрбие беруден жалықпайды. Қиындықты көп көрсе де бала кезінен көпбалалы жанұя болуды армандап келіпті. Қазір сол арманына жетіп отыр. Және де Иманғалиевтер отбасына әрбір отбасына қажетті электр пеші табысталды.

«Ұстаздар отбасы» номинациясымен Тасбөгет кентінің тұрғындары Баймановтар отбасы марапатталды. Отағасы Байманов Аманжол 1943 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Бірінші май колхозында жастар бригадасында механизатор болудан бастаған. 1977-2006 жылдары №176 мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып зейнетке шықты. 1999-2003 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатына депутат болып сайланды. 40 жыл ұстаздық жолында сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, білім беруде аянбаған ардагер ұстаз биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Жұбайы Күлекенова Қымбат 1947 жылы дүниеге келіп, 2021 жылы дүниеден өткен. Саналы ғұмырында мектепте ұстаздық еткен. Жары екеуі 4 бала өсіріп, 12 немере, 4 шөбере сүйді. Үлкен қыздары Байманова Гүлнар №178 орта мектептің директоры. Қара шаңырақ иесі Байманов Алмас №176 мектепте математика пәнінің мұғалімі. Тағы бір баласы Байманов Абзал Бас әскери прокуратурасында басқарма бастығы, әділет полковнигі. Алматы қаласында тұрады. Ал Болаты «Оңтүстік мұнай газ» ЖШС қызметкері. Шымкент қаласында тұрады. Балаларының әрқайсысы өз мамандықтарының адал иелері. Білікті де білімді, іскер мамандар. Немерелері оқу озаттары. Бұл отбасыға да электр пеші сыйға берілді.

«Өнерлі отбасы» номинациясына ие болған Қызылорда қаласының тұрғындары Бектұрғановтар отбасы. Отағасы Бектұрғанов Келдібай 1943 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын №1 автокомбинатта жүргізуші болып бастап, педагогикалық институтта оқу ісінің шебері, тағы да басқа мекемелерде абыройлы қызмет атқарды. «Қызылорда қаласына 200-жыл», «Экология саласының үздігі», төсбелгілерімен, бірнеше Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған. Отанас Бектұрғанова Гүлзира 1957 жылы дүниеге келген. Жары екеуі 4 бала өсіріп, тәрбиелеп, олардан 17 немере сүйіп, бақытты отбасының тіректері болып отыр. Үлкен қыздары Бектұрғанова Ақбаян Қызылорда қаласына белгілі асаба, «Сырғалым» той орталығының жетекшісі. Күнтолғаны Алматы қаласында құрылыс саласының қызметкері. Айтолғаны келіншегімен бірге жеке кәсіппен айналысады. Кіші қыздары Айнұр жұбайымен бірге ағасы сияқты жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Балалары қандай салада жүрсе де өз істерінің мамандары, әке атына дақ түсірмей келе жатқан өнегелі отбасының ұрпақтары. Немерелері де оқу озаттары, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып келеді. Бектұрғановтар отбасына да электр пеші сыйға тартылды.

«Өнегелі отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласының тұрғындары Есжановтар отбасы марапатталды. Отағасы Есжанов Рысбек 1946 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда политехникумын механизатор мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы Сұлутөбе ауылында алдымен механизатор, кейін бас инженер болып бастады. 1986 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №11 автобазада түрлі қызмет атқарды. 2000 жылдары өзінің бастамасымен «KTC» ЖШС-ін құрып, облыс халқы үшін қаншама жұмыс орындарын ашып, елдің сауабын алды. 2003 жылы Қызылорда қалалық мәслихатының I-ші, II-ші шақырылымдар депутаты болып сайланды. Отанасы Досетова Ажар 1953 жылы дүниеге келді. Медициналық училищені бітіріп, еңбек жолын Сұлутөбе ауылында мед бике болудан бастады. Медицина саласындағы еңбек жолын Қызылорда қаласында жалғап, қала халқының денсаулығының түзелуіне септігін тигізді. 2008 жылы зейнет демалысына шықты. Рысбек Есжанов жұбайымен бірге 1972 жылы шаңырақ көтеріп, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Баласының барлығы жоғарғы білім алуына жағдай жасап, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, балаларының қызығын көретін шағында, Рысбек Есжанұлы 2005 жылы ойламаған жерден дүниеден өтті. Отанасы қазіргі таңда 6 баладан 26 немере, 2 шөбере сүйіп отырған аяулы ана, бақытты әже. Үлкен ұлдары Есжанов Бақытжан мұнай- газ саласында қызмет атқарды. 2017 жылдан бері Астана қаласында «КазМұнайГаз» компаниясында басшылық қызметте.

Үлкен қыздары Гүлзира Шымкент қаласында тұрады. Жұбайымен бірге жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Екінші ұлдары Ғалымжан Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде жедел уәкіл, тергеуші, аға инспектор, талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы, құпия жұмыстар бөлімінің аға жедел уәкілі, Шиелі аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, Тасбөгет кенті полиция бөлімінің бастығы, Байқоңыр қалалық криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, 2023 жылдың маусым айында зейнет демалысына шықты. Үшінші ұлдары Ұлан «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында білікті маман. Астана қаласында тұрады. Ал Сабыржан Астана қалалық сотында бас маман, Батыс Қазақстан облыстық сотында кеңсе басшысы, Бөрлі аудандық сотының судьясы, Жанақала аудандық сотының төрағасы, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Орал қалалық сотының судьясы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Қыздары Сандуғаш жұбайымен бірге жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Балаларының барлығы өз саласына қатысты төсбелгі, медальдармен, Құрмет грамотасы, Диплом, Алғыстармен марапатталған. Бұл отбасыға да электр пеші сыйға берілді.

Жүлделі орындарға кезек беретін болсақ 3-ші дәрежелі Дипломмен Қызылөзек ауылының тұрғындары Сапаржановтар отбасы марапатталды.

Отағасы Сапаржанұлы Айдарбек 1952 жылы қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Қызылорда қаласында Автобаза мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасады. 1973 жылы жұбайы Сейітназарқызы Жақсыгүл екеуі отау құрып, Қараөзек совхозына көшіп келді.

Екеуі 7 бала тәрбиелеп, өсіріп, бүгінгі таңда ұл-қыздарынан 19 немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже.

Ұл-қыздарының барлығына тәлім-тәрбие беріп, жоғарғы оқу орындарында оқытып, соларды адам қатарына қосуда еңбек етуден жалықпаған өнегелі шаңырақ иелерінің отау құрғандарына бүгінде 50 жыл толып отыр.

Отанасы Жақсыгүл апа мектепте математика пәнінің мұғалімі, бала-бақшада тәрбиеші қызметтерін абыр-оймен атқарып бейнетінің зейнетін көріп отырған Алтын алқалы ана.

Сапаржановтар отбасы үлгілі отбасы ретінде көптеген марапаттар мен алғыстарға ие болған.

Үлкен қыздары Жадыра №39 Қызылөзек орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі. Екінші қыздары Лаура №39 Қызылөзек орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Одан кейінгі Жазира №39 Қызылөзек орта мектебінде әлеуметтік педагог.. Ұстаздық жолында облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Үздік педагог номинациясымен, бірнеше диплом, Құрметтермен марапатталған.

Төртінші қыз Жанат ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын үздік бітірген. Білім саласы бойынша оқу ағарту жұмыстарымен айналысады.

Ұлдары Сапаржанов Сейфулла университетті инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер. Кіші ұлдары Сапаржанов Амангелді мұнай және газды қайта өңдеу мамандығы бойынша Қорқыт ата университетін бітірген. Ғұмыры қысқа болып 2010 жылы дүниеден озған. Артында 2 баласы қалды. Жұбайы Меруерт №39 мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі. Қазіргі уақытта қара шаңырақта ата-енесіне қарап, шаңырағының отын өшірмей отырған аяулы келін. Үшінші орын алған Сапаржановтар отбасына газ плитасы сыйға берілді.

Екінші орынға ие болған Сұлтановтар отбасы. Отағасы Игизбаев Жеңіс Сұлтанұлы 1958 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Түрлі мекемелерде электрик болып жұмыс жасап, «Қызылорда тазалығы» мекемесінен зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Игизбаева Камиля 1959 жылы дүниеге келген. Мекемелерде есепші болып жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан. 1980 жылы шаңырақ құрып, отбасылы болды.

Үлкен ұлдары Сұлтан Сәбит 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мұнай газ саласында түрлі қызметтер атқарып, өзінің алғырлығы мен зеректігінің арқасында қызметте сатылап өсіп, қазіргі уақытта «Петро Казахстан Құмкөл Ресорсиз» ЖШС-де қаржы департаменті, салық бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғамдық кеңестің бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы; облыстық отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшесі.

Жұбайы Сұлтан Айнұр жеке фирмаларда жұмыс жасаған. Қазіргі уақытта үй шаруасында, бала күтімімен айналысады. Көпбалалы ана. Күміс алқа иегері. Екеуі 6 бала өсіріп, тәрбиелеп, зейнеттегі ата-аналарының жағдайын жасап, оларды күтіп бағып отырған өнегелі отбасы.

Балаларын өнер мен спортқа баулып, қоғамдық жұмыстарға белсене араластырып келеді. Бүгінгі таңда спорттың бірнеше түрлері мен өнер саласында балалары жетістіктерге жетуде. Қоршаған ортаны қорғап, күтіп баптау да бұл отбасыға жат емес. Өз аулаларын жасыл желекке айналдырып, аяқ су келмесе де суды қолдап тасып құйып, жайқалтып отыр. Сұлтановтар отбасына газ плитасы сыйға берілді.

Дәрежелі бірінші орынға Байұловтар отбасы лайық деп танылды. Отбасының ұйытқысы аналары Оразалиева Назипа Оразалықызы 1946 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта немерелерін бағып қағып, тәрбие беріп отырған зейнет жасындағы ардақты әже.

Отағасы Байұлов Ғани Бекқожаұлы 1979 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы.

Жұбайы Жағалова Гүлнұр Тұңғышбайқызы 1979 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы. Педагогика ғылымдарының магистрі. Көпбалалы ана, Күміс алқа иегері.

Шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған өнегелі отбасыда 6 бала тәрбиеленуде. Үлкен ұлдары Бекқожаев Мағжан Қорқыт ата университетінің 2 курс студенті. Университет қабырғасындағы шараларға белсене араласып, марапаттарға ие болуда. Қалған балалары Бәйтерек SCHOOL мектебінің оқушылары.

«Отан отбасынан басталады» деген қағиданы берік ұстанған отбасы «Түп қазығың – Отаның, ар намысың – тілің, кәусар бұлағың – ұстазың, қамқоршың – әкең, ақылшың – анаң» деген сөздермен қанаттанып, көпбалалы, жастарға үлгі боларлықтай отбасы болуды армандады. Балаларын жақсылыққа, адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеуде.

Байұлов Ғани Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек», Президент жарлығымен «Халық алғысы» медальдарымен, Аманат партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен, облыс әкімінің, қала әкімінің, Аманат партиясы төрағасының Алғыс хаттарымен, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар 2014 жылы алғаш рет өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының «Жарасымды жанұя» номинациясының иегерлері. Биылғы жылы отбасы күніне орай өткізілген «Зияткер отбасы» интеллектуалды сайысының 1-ші орын иегерлері.

 Жұбайы Жағалова Гүлнұр қала әкімінің, басқарма басшыларының Алғыс хаттарымен, Аманат партиясы төрағасының Алғыс хаттарымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жеңімпаз Байұловтар отбасына тоңазытқыш сыйға берілді.

Бірінші орын алған отбасымен тілдесіп көрдік.

– Әуелі Алла, сонан соң әкемнің қанымен келген қажыр, берген тәрбиесі, шаңырағымыздағы ақ жаулықты анамыз, сосын үйдегі балаларымның анасының арқасы. 2014 жылы алғашқы рет «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы ұйымдастырылғанда отбасымызбен қатысып, «Мерейлі жас отбасы» атанған болатынбыз. Енді міне араға 9 жыл салып аталмыш ұлттық жобаның қалалық кезеңіне қатысып, 1-ші орынды иелендік. Бұл жоба – еліміздегі отбасы институтын нығайтуға, жас отбасыларға үлгі болатындай үлкен жоба. «Отбасы – шағын мемлекет» деп бекер айтылмаған. Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы – барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Не болса да Отанның бір бөлшегі отбасыңа ештеңе де жетпейді. Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн, – деді байқау жеңімпазы Ғани Байұлов.

Марапаттау рәсімінен соң, Сыр бойының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, береке-бірлігімен, өнегелі тірлігімен дараланған отбасыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Осындай өнегелі отбасылардың ізгі жолын жалғастыратын ұрпақ ең мерейлі ұрпақ. Байқауға қатысқан барлық отбасылар еліміздің ең мақтаулы, үлгі тұтарлық отбасылары.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған