Қармақшы ауданында Мемлекет басшысының баста­масымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық эколо­гиялық акциясы аясында кезекті ауқымды сенбілік ұйым­дастырылды. Бұл жолғы тазалық шарасы туған жерге деген жанашырлықты, ортақ іске жұмылған бірлікті кеңінен айшықтай түсті.

Игі бастамаға барлық кент, ауылдық округтер, бөлім, мекеме қызметкерлері, жас­тар, еріктілермен қатар Ауған соғысы ардагерлері, «Семей–Невада» қозғалысының өкіл­дері, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар және Әйелдер кеңе­сінің мүшелері белсенді қатысты.

Сенбілікке аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстарды аралады. Тазалық шарасы аясында тұрғындармен кездескен аудан басшысы:

– «Президентіміздің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауданымызда тазалық пен абаттандыру жұмыс­­тары тұрақты түрде жүргі­зіліп келеді. Бүгінде бірлігі бекем, тірлігі тату ауданы­мызда тазалық жұмыстары жүйелі жолға қойылғанының нәтижесінде киелі мекеніміз көркейіп, таза да көрікті аудан ретінде алдыңғы қатардан көрінуде. Біздің басты мақсаты­мыз – келер ұрпаққа таза таби­ғат, көрікті елді мекен және экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру. Осы орайда барша аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға, қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға шақыра­мын!» – деді.

Сенбілік барысында белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, аулалар мен мекеме аумақтарын жинау, абаттандыру бағытындағы жұмыстарға қатысушылар ұйымшылдықпен атсалысты.

Жыл басынан бері аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 5 100 түп ағаш отырғызылған. Апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге 155 мекемеден 2 мыңға жуық адам қатысып келеді. Әр аптада шамамен 3 тонна қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы белгіленген орындарға шығарылады. Санитариялық тазалық жұмыстарын жүргізуге 10 арнайы техника жұмылдырылған.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған