Өңірден сайланған депутат Нұркен Бақытбекұлы да апта ағымында өзіне жүктелген міндетті негізге алып, экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті ұйымдастырған жұмыс тобының отырысына қатысты. Бұл жиындағы тақырып та, көтерілген мәселенің парқы да өзгерек. Оның ұсыныстары тұтынушылардың құқықтарын қорғау және осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларына арналды.
Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы:
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, заңнамалық өзгерістер азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға, тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы жауапкершілік шегін айқындауға және екі тараптың да мүдделерін ескеретін әділ құқықтық орта қалыптастыруға негіз болуы тиіс. Сондықтан заң жобасын талқылау барысында ұсынылған нормалардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне және олардың құқықтық қолдану тәжірибесіне ықпалына ерекше мән беру маңызды.
Бұдан бөлек жұмыс тобының жиынында тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы құқықтық қатынастарды реттеу, азаматтардың мүдделерін қорғау және заң талаптарын қолдану кезінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары сөз болды.
Заңнамалық бастамалар қаралды
Құрылтайдың кезекті отырысындақаралған заң жобаларының бірі мемлекеттік наградалар жүйесіне, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және өкілді органдар арасындағы байланысты нығайтуға қатысты болды. Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиынға Нұркен Бақытбекұлы да қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты өз пікірін жеткізді.
Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы:
– Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық қатынастарды реттейтін келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау мәселесі қаралды. Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Аталған бастамалар мемлекеттік наградалар саласындағы құқықтық нормаларды жаңартуды және халықаралық әріптестік аясындағы уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді. Осыған байланысты ұсынылған құжаттардың мазмұны мен олардың практикалық маңызына назар аударылды.
Жиында бұдан бөлек, Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру мәселесі көтерілді. Мұндай кеңес орталық және жергілікті өкілді органдар арасындағы байланысты нығайтып, өңірлерде көтерілетін өзекті мәселелерді талқылауға және олар бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруға ықпал ете алады.
Қауіпсіздік мәселелері қаралды
Астана төріндегі Құрылтайдың кезекті отырысында бірқатар заңнамалық бастамалар сөз болды. Жиынға арқау болған тақырыптар халықаралық әріптестікті нығайтуға, қылмысқа қарсы күрестің құқықтық тетіктерін жетілдіруге және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды.
Депутат Нұркен Бақытбекұлының мәлімдеуінше, Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау, компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияға қосылу, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы мемлекетаралық іздестіру тәртібіне қатысты хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобалары қаралды.
Демек, бұл бастамалардың маңызы – құқық қорғау органдарының халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылын жетілдіру, трансшекаралық қылмыстарға қарсы күрестің мүмкіндіктерін кеңейту және киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін нығайтуға бағытталды.
Отырыс барысында Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы елімізге тиесілі міндеттемелеріне өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасы да талқыланды.
Нұркен Бақытбекұлының айтуынша, Заң жобаларын қарау кезінде халықаралық келісімдердің талаптары, олардың ұлттық заңнамаға ықпалы және еліміз үшін практикалық маңызы назарға алынды. Қазіргі жағдайда халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жетілдіру қауіпсіздікті нығайтуға да, экономикалық байланыстарды дамытуға да тікелей әсер етеді.