Алдағы жылы аймақта жүзеге асуы мүмкін жобалар жайы белгілі болды. Қызылорда облысы әкімі М.Ергешбаев қала, аудан әкімдерімен бірлескен жиын өткізіп, нәтижесінде 2027-ші жылға облыс бойынша 1 триллион 53 млрд. 431 млн. теңгеге 300-ден астам жоба жоспарланғаны белгілі болды.
Жүзеге асатын жобалар саны Қызылорда қаласында 100-дің (104) үстіне шығып, көп көрініп тұрғанымен қаржы көлемі жағынан 114,4 млрд. болып тұр. Әрине, қалалықтарды баспанамен қамту үшін тұрғын үйлер салу, қолайлы қала болу үшін жол және көпір құрылыстарын салу, аяқтау, қала үшін ең өзекті болып отырған сумен және кәрізбен жабдықтау, газдандыру, абаттандыру, жарықтандыру, әрі тұрғындар сұранысына орай тұрғын үйлерді жаңғырту жобаларына қаралған қаржы аз да емес.
Дегенмен Жаңақорған ауданында жалпы құны 607,8 млрд. теңге болатын жобалардың жүзеге асатынын білген жұрт “бұл ауданға қаржы көп бөлініпті” деген пікірлер де айтуда.
Негізі Жаңақорған – аймақтағы өндірістік аудан. Содан да онда өнім өндіру, тауар шығару мүмкіндігі мол. Бұл инвесторлардың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Бір ғана Шалқия кен-байыту фабрикасын, немесе полиметалл кен орындарын игеру жобаларын айтсақ та жеткілікті. Ірі өндіріс орындары арзанға, ақ ақшаға келмейді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға қыруар қаржы керек. Ауданда жүзеге асыруға жоспарланған 607,8 млрд. теңгенің 8 ірі инвестициялық жобалары қатарында Шалқия кен байыту фабрикасы мен полиметалл кен игеруден бөлек, цемент зауыты, жеміс-көкөніс сақтау және өңдеу кешені, күн электр станциясы, тауарлы сүт фермалары да бар.
Жоспарланған жобалардың жалпы құны-1 трлн. 53 млрд. 431 млн. теңге.
Қызылорда қаласы – 114,4 млрд. теңге, 104 жоба.
Арал ауданы – 194,3 млрд. теңге, 8 жоба.
Қазалы ауданы – 48,4 млрд. теңге, 52 жоба.
Қосымша 5,9 млрд. теңгенің 5 жобасы әзірлену сатысында.
Қармақшы ауданы – 22 млрд. теңге, 16 жоба.
Жалағаш ауданы – 16,531 млрд. теңге, 33 жоба.
Сырдария ауданы – 26,5 млрд. теңге, 32 жоба.
Шиелі ауданы – 17,6 млрд. теңге, 48 жоба.Жаңақорған ауданы – 607,8 млрд. теңге, 8 ірі инвестициялық жоба.
Арал ауданында да 194,3 млрд. теңгеге 8 жоба жүзеге асады. Жобалар құны Жаңақорған ауданынан аз, бірақ басқаларға қарағанда көбірек. Себебі де белгілі. Жоспарланған 8 жоба қатарында өңдеу өнеркәсібі, логистика, құрылыс материалдарын өндіру, жол бойындағы сервистік қызмет, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын дамытуға бағытталған жобалар бар.
Қазалы ауданы қаржысы да әжептәуір. 48,4 млрд. теңгеге 52 жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл жобалар қатарында аудан ауылдары үшін өзекті болып отырған газ және жылумен жабдықтау, кәріз жүйесін жақсарту, көлік жолдарын жөндеу, электр желілерін жаңарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бар. Қазір тағы 5,9 млрд. теңгенің 5 жобасы әзірленуде екен.
Шиелі ауданының да инвестор, қаржы тартуға мүмкіндігі мол. Алайда, ауданның келер жылға жоспарлаған 42 млрд. 898 млн. теңгенің 98 жобасы негізінен бюджеттік өтінімдерге ұсынылған. Әрине тұрғындар үшін жоба бойынша жоспарланған білім беру, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды салу, жаңғырту да маңызды.
Сырдария ауданы да 26,5 млрд. теңгенің 32 жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінімдер ұсынған. Жобалар бойынша бұл ауданда да білім беру нысандарын жаңғырту, елді мекендерді газдандыру, электрмен жабдықтауды жақсарту, жолдарды, ауыз су желілерін жөндеу, әлеуметтік нысандарды да жөндеу және абаттандыру жоспарланған.
Қармақшы ауданы да 22 млрд. теңгеге ауыз сумен қамтуды жақсарту, электр және газ желілерін жаңғырту, жол және әлеуметтік нысандар салу, тарихи-мәдени мұраны сақтау, мал шаруашылығын дамытуды қамтитын 16 жобаны жобалапты.
Дәл осындай мақсатта Жалағаш ауданы да 33 жобаны жүзеге асырамыз деп, 16 млрд. 531 млн. теңге қаржыны межелепті.
Әрине аудан, қала әкімі бар, жергілікті биліктің осы жоспарлаған жобалары жүзеге асқан жағдайда өңірдің инженерлік инфрақұрылымы жаңғырып, өндірістік және инвестициялық әлеуеті артатыны, жаңа жұмыс орындарының ашылатыны, халықтың тұрмыс сапасы жақсаратыны сөзсіз.
Жергілікті үлкен, кіші биліктің келер жылға жоспарлаған 300-ден астам жобасын жобалай отырып, аудандардың басым дені әлде де бюджеттің қаржысына иек артып отырғаны, инвестор тауып, сырттан қаржы тартып, өндірісті дамытып, өнім өндіріп, тұрақты жұмыс көзін ашуға әлсіз екені байқалады.
Әрине өндірісті аудандарға инвесторлар тарапынан қызығушылық басым екені рас. Алайда қазіргі басымдық – халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында өндірген өнімді өңдеуге де қызығушылықпен қаржы салатындар да баршылық. Негізі ауыл, аудандарға кәсіпкерлік мықты көзқарас керек…
Басқасын айтпағанда, қамыстың өзі құрылыс материалы болып, шетел асып жатқанда, сол қамыстан өзіміз неге құрылыс материалын шығармасқа…
Бәлкім, айтуға оңай болар…