Мемлекеттік қызмет саласында кәсіби әрі білімді жастардың қатарын толықтыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында жоғары оқу орындарын үздік үлгеріммен тәмамдаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу арқылы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын оқу нәтижесі белгіленген талаптан төмен емес деңгейде аяқтаған түлектер оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде «Б» корпусының жекелеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей тағайындала алады. Бұл бастама жастардың еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастап, өз білімін ел игілігіне жұмсауына жол ашады.
Аталған мүмкіндіктің нәтижесінде өңірімізде 22 жас түлек түрлі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға келісім негізінде конкурссыз орналасты. Олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі Ақмаржан Асылбекқызы Басшыбекова да бар.
Ақмаржан «Жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша оқуын GPA 3,77 көрсеткішімен сәтті аяқтап, келісім негізінде Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурссыз тағайындалды.
Бүгінде жас маман өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, функционалдық міндеттерін сапалы орындап келеді. Іскерлігімен, еңбекқорлығымен және бастамашылдығымен ерекшеленіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Әріптестері арасында сыйлы, қызметіне адал көзқарасымен танылып үлгерген.
Ақмаржанның жетістіктері тек қызметтік міндеттерімен шектелмейді. Ол салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысады. Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған облыстық спартакиадада «Тоғызқұмалақ» және «Шахмат» спорт түрлері бойынша командалық есепте ІІ орын иеленіп, өңір намысын абыроймен қорғады.
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін сала. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жас мамандардың қатары көбейе берсе, мемлекеттік қызметтің сапасы артып, қоғамның сенімі де нығая түсері сөзсіз.
Абтикерова Мақпал Төлегенқызы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы