Сурет ғаламтор желісінен алынды

“Есірткіге ес кетпесін” деп айтып келеміз. Айтқанменен не пайда, ес кетіп бара жатыр. Күні кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді.

Онда айтылған жайларға назар аударсақ, жыл өткен сайын есірткі қылмысының жанданып, жасарып келе жатқанын байқаймыз. Мәселен Ішкі істер министрі Е.Сәденов өз баяндамасында 1,2 мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілгенін, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ жойылғанын, «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 5 мың интернет-ресурс бұғатталғанын, антифрод орталығының көмегімен 100 млн. теңгеден астам сомаға транзакциялар тоқтатылғанын баяндады. Одан бөлек бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, сондай-ақ 11 мыңнан астам прекурсор (әлеуетті 1,5 мың синтетикалық есірткі) тәркіленді. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 100-ге жуық дерек анықталды. Құрамында азот тотығы бар, «көңілді көтеретін газ» атауымен белгілі 1,5 мыңнан астам баллон және 2 автоцистерна тәркіленді дейді.

Премьер-министр О.Бектенов:
– «Ұлттың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі жаңа Конституцияда жоғары құндылықтар ретінде бекітілген. Осы орайда есірткіні тарату мен қолдану барлық азаматқа қатер төндіреді, әсіресе жастардың болашағына балта шабады».

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кешенді жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның баяндауынша жергілікті атқарушы органдардың нашақорлыққа қарсы күресті қамтитын қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық белсенділігіне мониторинг жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 4,5 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылған. Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып есірткі заттарына қатысты вирустық контенттерді анықтайтын «MERGEN» жобасы аясында 22 мыңнан астам цифрлық контент өңделіп, 6,1 мыңнан астам есірткі дүкендері бұғатталған. Бұл жастардың желідегі есірткіні насихаттаумен байланысты ақпараттарға тап болуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берген.

Елмен бірдей 1 маусымнан бастап Қызылорда облысында да “Қара сора-2026” жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Бұл науқан қазанның 31-не дейін созылады екен. Яғни егінші елдің егін егуімен басталып, егінді жинап алуымен аяқталады. Бұл іс-шараның ауқымдылығы сондай тікұшақтар, жоғары өтімді автокөліктер, қызметтік іздестіру иттері, тағы да басқа заманауи техникалық құралдар пайдаланылады. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің шалғай аудандағы ошақтарын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктері кеңінен қолданылады. Бір қарағанда есірткіден ада сияқтымыз. Оған ес кетіп жүрген ешкім байқалмайды. Алайда ресми орындардың мәліметі бойынша “Жастар мен тұрғындар арасында есірткі таралуының алдын алуға бағытталған кең көлемді акция өтіп, қала аумағындағы ғимараттардың қабырғаларына, қоршауларға, қоғамдық орындарға жазылған есірткі сататын интернет-дүкендердің мекен жайлары бар граффити жазулары боялып, жойылған. Демек…

Үкімет отырысынан кейін Қызылорда облысы әкімдігінде өткен мәжілісте облыс әкімі М.Ергешбаев осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы мониторингті күшейту, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардағы заңсыз контентке жедел әрекет ету керек. Сондай-ақ есірткі таратудың жаңа арналарын анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық шараларды жандандыру міндеттелді.
Отырыста жастар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тәуекел топтарымен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы шаралар Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де қарастырылды. Есірткіні, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолдану, масаң күйде көлік басқару мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде танылады. Ал жұмыс орнына масаң күйде келу, медициналық куәландырудан бас тарту қызметтен босатуға негіз болады.

Жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілмек. Талапқа сай емес нысандардың қызметін шектеу, жол-көлік қауіпсіздігін күшейту және жазатайым оқиғалардың алдын алуда түсіндірме жұмысын жүргізу тапсырылды.

Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қадағалау үшін рейдтік іс-шаралар өткізу, қоғамдық қауіпсіздік назардан тыс қалмауы тиіс.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған