Қай заманда болмасын, қатарың сиреген сайын жан-жағыңа қарайлап, ауыр ой басатын көрінеді. Солардың ішінде өзің жақсы көретін дос, жолдастарың болса ше? Қай елде де, қай жерде де әр заманның өзіне лайықты белгілі азаматтарының болғаны сөзсіз. Солардың ішіндегі бірегейі марқұм болған біздің досымыз Баязитов Жұмақожа еді.
Жұмақожамен 58 жыл бұрын кездескенбіз. Өткен ғасырда, яғни 1968-ші жылдың май айы кезі болатын. Сол жылы интернационалдық борышымызды өтеу жолында Совет армиясының қатарында Варшава шарты бойынша жеті мемлекеттің әскери қарулы күштерінің қатысуымен, Чехославакия республикасының тұтастығын қорғап қалуға жауынгерлік қақтығысқа Қодаманов Бақытжан, Ашимов Әбдрашід, Молдағалиев Қалтай, Баязитов Жұмақожа және Жаппасбаев Ақылтай қатысқан еді.
Ақыл ойы кемел өрісі кең Азамат
Еліне сіңген еңбегі зор Азамат
Іспен сөзді тең ұстаған Азамат
Досты сыйлап, қолдау берген Азамат.
Ақылы асқан, сөзі ақыл Жұмақожа,
Ісіне берік еңсесі биік Жұмақожа
Ел ішінде абыройлы Жұмақожа
Біртуар, дарынды тұлға Жұмақожа.
Жауынгерлік борышымызды ойдағыдай атқарып, елге оралып, жан тазалығы жарасқан, көңілге нұр құятындай бір-біріміздің тілеуімізді тілейтіндей туысқандай дос болып, отбасымызбен сыйластықта, қамқорлықта, қарым-қатынаста өмір сүріп келеміз.
Жұмақожа өмірде жолы болған, еңбегі жанған, желі оңынан тұрған, қадамы құтты, сапары сәтті болған, халықтан, уақыттан, тарихтан, мемлекеттен өзінің лайықты бағасын алған, бақ қарап, қыдыр дарыған бақытты азамат еді. Жанқожа болмысына ақылы сай, шоқтығы биік, көп сөйлеп кісіні мезі етпейтін, бойында тоғысқан адами қасиеттерімен ел жадына ерекше енген есім. Қазақта “Жылқының жылқысы бар, қазанаты бір басқа, Адамның адамы бар, азаматы бір басқа” демеуші ме еді? Осылай айтылған сөз Жұмақожа секілді азаматтарға айтылған болуы керек.
Ол уақыттың, тарихтың, халықтың әділ таразысына түсіп, өмірдің бар сынынан сүрінбей өткен, иманы мен намысына дақ түсірмеген нағыз азамат. Жұмақожаны қалай айтсаң да, қай қырынан қарасаң да, қандай өлшемге салсаң да етек жеңі кең, көлеңкесі мен шуағы мол, ірілігіне кішілігі, даналығына даралығы, азаматтығына айбындылығы жарасқан, үлкен жүректі, бір төбедей азамат еді.
Достық – қасиетті сөз, қасиетті сезім, ол тек жөні түзу адамдар арасында ғана қалыптасатын өзара құрмет негізінде дамиды. Дос таба білудің өзі, дос таңдай білудің өзі, досты сақтай білудің өзі үлкен адами қасиет. Азаматтық ерлік, табиғи талант туралы әңгіме Жұмақожаға арналған. Досыма арнайы ой жазуға сол досымның өмірден озғанына бір жылдай уақыт болып қалғаны себеп болып отыр.
Жұмақожаның досы Жиенқожаев Әсет былай еске алады: Жұмақожаның әкесі Бәкір өте еңбекқор диқан, табиғатынан таза, еліне қадірлі, ағайынға қолайлы жан еді. Әкесінің бар жақсылық қасиеті, тіршілігі, білімділігі, білгірлігі Жұмақожаның бойынан табылып, жеті қазынаның бірі мергендік, балық аулау, аң аулау, егіс егу, қолына алған шаруашылықтарды игеруі әкеден көрген тәрбиеден болғаны хақ. Өткен күндердің бәрі емес, есте қалған күндер ғана өмір.
Жұмақожаның сабырлығы, байсалдылығы, көкейіндегі тобықтай түйінін бірден айтатыны көп адамда кездесе бермейді. Арсыз өлім кімді аяған, дегенмен мәселе өлген адамды мақтау емес, тиісті бағасын беру деп білемін.
Баязитов Жұмақожа Бәкірұлы 1949 жылы Өзгент ауылында дүниеге келген. 1956 жылы білім жолын Октябрь мектебінен бастады. Бірлік орта мектебінің 8 класын бітіріп, Қызылорда политехникумын тәмамдап, 1968 жылы жауынгерлік борышын 1970 жылға дейін Варшава әскери ұйымының құрамында болып, Чехославакия республикасының тұтастығын сақтап салуға интернационалдық борышын ойдағыдай атқарып, еліне құрметпен оралды. Жоғары білімді, Жамбыл су-құбырлық институтын бітірген соң, Жаңақорған аудандық су шаруашылығына жұмысқа тұрып, бөлім басшысының қызметін атқарды. Жұмақожа өзінің жасампаздық, жанқиярлық еңбегінің арқасында Өзгент совхозының директорының орынбасарлық жұмысын кіршіксіз адал еңбегімен атқарды.
Суармалы егін шаруашылығын қалыптастырып, инженерлік жүйеге келтіруге ерекше еңбек еткен Жұмақожаның еліне, халқына, қоғамға адал еңбекпен, жасаған сауабы асу бермес асқар таудай. Оның еңбегі елдің, халықтың есінен ешқашан ұмытылмайды.
Ол ешкімді де бөле жармайтын, алалап, қуаламайтын, бәрі де болсын, бәрі де оңсын дейтін қаны да, жаны да таза, ешкімге қиянат жасамаған, ешкімнің ала жібін аттамаған, ешкімнің бетіне жел болып тимеген, ешкімнің көңіліне көлеңке түсірмеген, тіпті жерге де салмақ салмай жүретін көпшіл, халықшыл, иманшыл жан еді. Ол кісілігіне кішілігі жарасқан, даналығына балалығы жарасқан, еліміздің ағасындай, ағайынның жағасындай, суымыздың сағасындай азамат еді. Үлкендердің ортасында кіші емес, кішілердің ортасында үлкен емес, жусаннан аласа, сүттен ақ, судан таза болатын. Оның бар байлығы бақыты еді. Сол бақыттың бірі – тәңір, тағдыр сыйлаған достары Әбдірәшід, Қалтай, Бақытжан және Ақылтай. Біздің достығымыз жәй ғана аты-өтті емес, жүрек қалауы, ішкі түсіністіктің, үйлестіктің, пікірлестігіміздің бірлігі болса керек.
“Құяр судан бөлінсе көл тұнар” дегендей, адал достан айырылсаң көңіл тұнады екен. Жұмақожаның бейнесі көз ұшында, көңіл түкпірінде сағым болып қалды. Уақыт керуені көшіп келеді. Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды деген бар, сүйікті жары Серікбаева Бибіайым екеуі 1971 жылы отау құрып, екі ұл, төрт қыз баланы дүниеге әкелген, 54 жыл бірге өмір сүріп, келмес сапарға кеткенше, өмірдің қиындығына мойымай, қызығына масаттанбай сабырлы қалпымен бірге жарасымды өмір кешті. Отбасында 6 ұл-қыздары жапырағын жайып, өркендеп ата-анасының мақтаныштарына айналды. Жұмақожа әулетіне қамқоршы аға, ағайынның қуанышы мен қайғысына ортақ болып көлеңкесін түсіріп, шуағын жайып жүретін. Бибіайым оған адал жар болып, ата-аналық борышына жауапкершілікпен қарады. Ұл-қыз өсіру де үлкен бақыт, жоғары мәртебе екендігін де айта кеткендігім орынды болар.
Асыл досымыз Жұмақожаның бұл фәниден о дүниеге алып кеткен бақыты да осы болар, сірә. Жанқожа көрмеген ғұмырлы сәттерін ұрпақтары қызығымен жалғастыра беруіне тілектеспіз. Бүгінде Жұмақожаның жары Бибіайым қазақ әйелдеріне тән артында қалған міндеттерін ойдағыдай атқарып отырған жайы бар. Бибіайымға айтатын алғысымыз мол, жамандықтың лебі соқпасын демекпіз.
Жан қимас дос болсаң сыйласумен жүрерсің,
Шашылып жатса шетінен жинасумен жүрерсің.
Кемшілігі болса кешіріп, татуласумен жүрерсің
Сыртынан айтқан сәлемін мақұлдасумен жүрерсің.
Не жетеді нағыз досқа, асылға
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады сен қиналсаң болғаны
Ұйықтамайды сен ұйықтамасаң ол дағы, – дегендей ең бір ажырамас достық жастық шақтан басталған.
Бауыр деген – сен жабырқағанда жұбататын, сен жылағанда көз жасыңды сүртетін, сен келгенде алдыңнан шығып құшақтайтын, сен қиналғанда жаныңнан табылатын ардақты жан.
Бауырыңмен өтеді балдай уақыт
Оған жетпес еш байлық, таудай жақұт.
Бір бауырың болса да қорғанышың
Қорғанышың болғаны қандай бақыт! – дегендей Жұмақожаның інісі Бакиров Болатбек бауырымыз ағасын былай деп еске алады: Оның адамгершілігі мол. Қонақ күтуді жақсы көретін, жора-жолдастарының арасында абыройлы, ағайынға қамқоршы, қорғаушы, қолдаушы, жанашыр, ақылшы. Әке орнына әкедей бола білді. Елден шетте тұрсам да Тараздан телефон арқылы хабарласып, ақыл-ойын айтып, күннің ыстығында әрі-бері жүре берме деп жанашырлық пен бауырлық туыстықтың демеуі болған аса ардақты бауырым еді.
Адамда екі-ақ ұлы сезім болады. Біріншісі махаббат, екіншісі достық деген шындыққа жанасады. Өлім түгіл өкпеге де қимайтын асыл досымыз, еліміздің тағы бір арқалы азаматы Жұмақожадан айырылғанымызға жыл өтті. Шын дос кеудеңнен жаның шыққанша дос. Бір адал досы бар адам бақытты дейді. Ендеше сол достардың ішінде бірегейі бізге шын дос-марқұм Жұмақожа еді. Ол өзінің адалдық, әділдік, адамгершілік қасиеттерін тірісінде танытқан. Біздер достары тірі жүргенде сол достық сезімдерін қалай ұмытпақпыз, ғұмырлы тіршілігімде, жүрегіміз тоқтағанша ұмыту мүмкін емес және ұмытылмайды. Біз білетін Жұмақожаның бар адами болмысы осындай. Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын ағайын. Досымыздың нұрлы бейнесі пейіштің төрінде шалқысын, Әмин.
Ақылтай Жаппасбаев Палмантайұлы
Жұмақожаның жауынгерлік досы Қызылорда қаласының Құрметті Азаматы