Сыр өңіріндегі бірегей мұнай компаниясы «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ әрдайым жұмысшыларына айрықша құрметпен қарайды.  Жыл бедерінде мұнайшыларды марапат төріне шығарып,  еселі еңбектеріне лайықты бағасын беріп келеді. 

Негізінен жер қойнауынан қара алтын өндірудің жұмысы жеңіл емес. Қызығынан қиындығы басым салада ұзақ жылдар бойына тынбай еңбек ету асқан қажыр-қайратты қажет етеді. Мұнай саласының қыр-сырын жетік меңгеріп,  өз жұмысының майталман маманы болу оңай соқпайды. Сондықтан қара алтын өндіруде талай жыл табан аудармастан еңбек етіп,  мұнай саласын өркендетуге өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі ерен.  Ондай жандар қандай құрметке де лайық.

Сыр өңіріндегі бірегей мұнай компаниясы жыл сайын ардагерлерін ардақтап,  майталман мамандарын құрмет төріне шығаруды үрдіске айналдырып келеді.  Тәуелсіздік күні қарсаңында мұнайшылардың ұзақ жылдар бойғы еңбектерін ұлықтау құптарлық іс. Оның ішінде мұнай саласынан зейнет демалысына шыққан алдыңғы толқын аға-апаларын түрлі деңгейде марапаттап, мерекелік дастархан жайып,  зор құрмет көрсетуі көпке үлгі. 

Петроқазақстандықтардың дәстүрлі құрметі биыл да жарасымды жалғасын тапты.  Мерейлі мерекеге орай бір топ майталман мамандарына шексіз құрмет көрсетті. 

Негізінен халқымыздың асқақ арманы – тұғырлы Тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне биыл 34 жыл толып отыр.  Осынау тарихи кезеңде елімізде түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып,  тәу етер тәуелсіздігіміздің мән-маңызы кеңінен ашыла түсті. Мерейлі сәтте үнсіз қалуды жөн көрмеген петроқазақстандықтар мерекеге жоғары деңгейде үн қоса білді.

Жылдағы дәстүрге сай биылғы мерекелік шара компанияның спорт кешенінде шымылдығын түрді. Шараға компания басшылығы мен мұнайшылар қауымы қатысып, ізгілік пен құрметтің озық үлгісін көрсетті.

Шараның ашылу салтанатында «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ бас инженері Жұмабек Қонысбаев қадірменді қонақтарды мерейлі мерекемен құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізді. 

– «Биыл ата-бабаларымыздың жылдар бойы аңсаған азаттық таңының атқанына 34 жыл толып отыр.  Осынау мерейлі мереке қарсаңында 2025 жылы компанияда ұзақ жылдар бойына еңбек еткен бір топ қызметкерлерімізді құрметті еңбек демалысына салтанатты шығарып салу рәсіміне жиналып отырмыз.  Сондай-ақ,  бірқатар ардагерлерімізді 60, 70, 80 жас мерейтойларымен құттықтау шарасының куәсі боламыз. Осы сәтті пайдалана отырып,  барша жиналған қауымды,  мұнайшыларды айтулы мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық,  еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деп Жұмабек Махатайұлы жылы лебіз білдірді. 

Қазіргі таңда компаниядан құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткер саны 298 адамды құрайды екен.  Оның ішінде биылға 34 қызметкер құрметті еңбек демалысына шығыпты.  Бұған қоса  бірқатар ардагерлер 60 жас,  70 жас,  80 жас мерейтойларын тойлап жатыр.  Соған орай шара барысында ұзақ жылдар бойына мұнай саласына өлшеусіз еңбек сіңірген мерейтой иелеріне сый-сияпат табыстау назардан тыс қалмады. 

Атап айтсақ,  70 жас мерейтойымен Бақытбек Демеуов,  Күлпәш Қаденова,  Ұлбазар Қалыбаева,  Хамза Қасанов,  Гүлзая Құрманбаева,  Өмірзақ Мархабаев,  Әліпбай Шәменов,  Берік Шонанов марапатталса,  80 жас мерейтойымен Өміртай Батырбеков құрметтелді.

Мұнай саласында өзіндік орны бар компанияның қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәсі болып, кен орындарын дамытуға еңбек сіңіріп,  тәжірибесі мен шеберліктерін танытқан бір топ майталман мамандар да ескерусіз қалмады. Құрмет төрінен көрінгендер қатарында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен мұнай саласында 41 жыл еңбек өтілі бар Қазизхан Жамишев, 33 жыл еңбек өтілі бар Нұрлыбек Жанәлиев, 40 жыл еңбек сіңірген Тымаркүл Әбенова, 38 жыл еңбек еткен Рая Алтаева, еңбек өтілі 36 жылды құрайтын Баян Джанұзаковалар марапат мінберіне көтерілді.  Сол сияқты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен Патима Агымбаева,  Қүрманалы Алсиеуов, Ғазиз Бейсенов, Жеңіс Жүсіпов, Алмаз Сәрсенбаев, Қазыбек Сәруәр, Сәбит Үсенов марапатталды. 

Шара барысында «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының қауіпсіздік,  еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары Бақыткүл Есіркепова көпшілікке жылы лебізін жеткізді. Өз кезегінде компания басшылығының Алғыс хатымен Шахархан Әлменов, Аманбек Жүнісов,  Айгүл Есімова, Дәурен Еспанов, Ботагөз Игібаева,  Гүлнар Ысқақова, Азамат Крекесов, Шүкір Мамай және басқа да,  бас-аяғы 28 майталман маман марапатталды.

– «Компанияда ұзақ жылдар бойына адал еңбек етіп, даму кезеңінің қайнар бастауында болған қызметкерлерге әрдайым құрметіміз айрықша. Өздеріңіздің табанды еңбектеріңіздің арқасында мұнай өндіру ісінің майталмандарына айналдыңыздар. “ПетроҚазақстан” облыстағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Әрбіріңіз кәсіби мамандықтарыңызға адалдық танытып, қажырлы еңбек еттіңіздер. Адал да, жемісті еңбектеріңізге мың алғыс! Мерейлі мерекелеріңіз және құрметті еңбек демалысына шыққан қуанышты күндеріңіз құтты болсын!” – деді өз кезегінде «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева.

Петроқазақстандықтар үшін марапат мұнымен шектелмеді. Салтанатты рәсімде 28 ардагер-мұнайшыға «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ кәсіподақ комитеті атынан «Петроқазақстанның еңбек сіңірген ардагері» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты рәсімде кәсіпорынның биылғы зейнеткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тілеуберген Шаутай, компанияның ардагерлер ұйымының төрайымы Қыдыркүл Жабағиева сөз алды. Олар саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған әріптестеріне ыстық ықыластарын жеткізіп, мерейлі мерекеге жүрекжарды тілектерін арнады. Шара барысында марапат төріне шыққан барша мұнайшыларға құттықтау лебіздерін жеткізді.

Өз кезегінде мұнайшы-ардагерлер компанияға, мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған барша әріптестеріне алғаусыз алғыстарын жеткізді.

– «Бүгін «Петроқазақстан» компаниясының ықпалымен үлкен іс-шара өткізіліп жатыр. Негізінен өзім өрт саласында жұмыс жасадым. Жалпы еңбек өтінім 45 жыл болса, осы кәсіпорында 21 жыл тер төктім. Түрлі сатыдан өттім. Жұмыс болғасын қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Кәсіпорын іргесінде өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында профилактика жұмыстарын жүргізу жауапкершілігі маған жүктелді. Тілсіз жаудан сақтану мақсатында табанды еңбек ету талабы қойылды. Осы еңбегім бүгін лайықты бағаланды деп ойлаймын. Осындай шараны ұйымдастырып, шексіз құрмет көрсетіп жатқан кәсіпорын басшылығына алғысым шексіз», – дейді 70 жас мерейтой иесі Бақытбек Демеуов. 

Бар ғұмырын мұнай саласымен байланыстыратын сала ардагерінің тағы бірі – Тымаркүл Әбенова. Қара алтын өндіруде қажымай еңбек еткен сала зейнеткерінің әріптестеріне алғыстан басқа айтары жоқ.

– «1986 жылы политехникалық институтты бітіргеннен кейін Маңғыстау өңірінің мұнай саласында еңбек жолымды бастадым. Кейіннен 1988 жылы Қызылордаға ауысып, Сыр мұнайының өндірісіне серпінді үлес қостық. Бас-аяғы 42 жыл осы салада табан аудармастан еңбек етіп, биыл зейнеткерлікке шығып жатқан жайым бар. Әлі есімде, мен келген жылдары бұл жерде ұңғыма қазу, бұрғылау, зертханалық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Соның нәтижесінде 1990 жылы 9-мамыр күні алғаш рет мұнай берілді. Сыр мұнайының іске қосылуына сол уақытта Маңғыстаудан арнайы мамандар келіп, өз үлестерін  қосты. Содан бері Құмкөлдің қара алтыны өңір халқының жұмыспен қамтылуына зор мүмкіндік ашты деп айта аламын. Осы орайда еңбегімізді қадірлеп, құрмет көрсетіп жатқан компанияға алғыс білдіремін. Жыл сайын сала мамандарын ескеріп, құрмет төріне шығарып жатады. Биыл да Тәуелсіздік мерекесіне орай көп жылғы еңбегіміз лайықты бағаланып жатыр. Барша әріптестерімді мерейлі мерекелерімен құттықтаймын!» – дейді сала ардагері.

Жалпы бұл күн маңдай тер, адал еңбектің еленген күні болды. Саналы ғұмырын қара алтын өндірісіне арнаған құрметті зейнеткерлері өздеріне компания тарапынан шексіз құрмет көрсетіліп, зор ризашылық пейілдерін жеткізіп жатты. Шара барысында ән мен жырдан шашу шашылып, қадірлі қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татты.

Е.Тағыбергенұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған